Қылмыстық іс Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Сотталушылар орындығына 63 жастағы бұрынғы шенеунік пен Алматыдан келген кәсіпкер отырды.
Іс материалдарына сүйенсек, оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында болған. Алматылық кәсіпкер жер учаскелерінің кадастрлық құжаттарын жедел тіркеп, ондағы арнайы белгіні алып тастау үшін филиал басшысының міндетін атқарушыға жүгінген. Лауазымды тұлға өтінішті тез арада орындап бергенімен, қызметтің «тегін жасалмайтынын» тұспалдап жеткізген.
Өтініші орындалған соң кәсіпкер шенеуніктің қызметтік кабинетіне келіп, жұмыс үстеліне «Француз үйі» парфюмериялық дүкенінің 50 000 теңгелік сыйлық сертификатын қойған.
Сотта «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының бұрынғы басшысы пара алғаны, ал кәсіпкер пара бергені үшін айыпталды. Екі айыпталушы да тағылған айыпты толық көлемде мойындады.
Сот шешімімен «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы басшысының бұрынғы м.а. 1 миллион 250 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Ал алматылық кәсіпкерге 750 мың теңге айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы пара алғаны үшін сотталды.