Павлодардағы көпқабатты үйлердің бірінен шіл құсы табылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыс орталығындағы Бестужев көшесіндегі көпқабатты үйдің кіреберісінен сұр шіл құсы табылды. Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің маманы Ләззат Оралтаеваның айтуынша, қала тұрғындары құсты тауып алып, көпқабатты үйдің подъездіне тастап кеткен.

«Кейін тұрғындар мекемеге хабарласып, шілді қорықшыларға тапсырды. Айта кетерлігі, құстың ешбір жері жарақаттанбаған. Бір қызығы, ол адамдардан қорықпайды. Қазіргі таңда қанаттыны Ақсу қаласындағы жас натуралистер стансасына беру мәселесі қарастырылып жатыр. Жалпы, шілдер Ертіс өзенінің жайылымдарында көп кездеседі», - дейді Л. Оралтаева.

Осыдан біршама уақыт бұрын мекеме мамандары Пряник есімді бірқазанды тауып алып, Ақсудағы жас натуралистер станциясына тапсырған болатын, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.