Бұл әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысында мәлім болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Онда халықты аймақтық жұмыспен қамтуды және кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етудегі гендерлік сипат, негізгі гендерлік көрсеткіштер бойынша бірыңғай ақпараттық мәліметтер базасын құру, Павлодар қаласында гендерлік саясатты іске асыру жөніндегі 2011 жылғы арналған бағдарлама жобасын қарау туралы мәселелер талқыланды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мархаба Қаратаеваның баяндамасы тыңдалды. Оның айтуы бойынша, өткен кезеңде өкілетті органға 4776 әйел жүгінді, олардың 2648 жұмысқа орналастырылды (жұмысқа орналастыру деңгейі 55,4% құрады). Осыған байланысты жұмысқа орналасу барысында 50 жастан асқандар, мүгедектер, дәрігердің анықтамасы бойынша еңбек ету мүмкіндігі шектеулі әйелдер, 5 жасқа дейінгі баласы бар әйелдер қиындық көреді. Әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыспен қамту нысаны белсенді іске асырылуда: кәсіби дайындық, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылуда. Жалпы, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,1% төмендеді және 0,6% құрады.
Павлодар қаласында гендерлік саясатты іске асыру жөніндегі 2011 жылға арналған бағдарлама жобасы туралы қала әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Роза Шамкенова баяндады. Бұл бағдарламаның негізгі бағыттары отбасылық құндылықтарды насихаттау және нығайту, отбасы мәртебесін арттыру, сонымен қатар, әйелдердің саяси және экономикалық әлеуетінің дамуы болатындығын атап өтті. Осы жұмыста мемлекеттік органдардың азаматтық сектормен, әсіресе, әйелдер және жастар бірлестіктерімен, ҮЕҰ бірлескен жұмыстарына баса назар аударылады.