Шолпан Садуова бұған дейін Ұлттық домбыра күніне орай Ақтауға арнайы тапсырыспен биіктігі үш метр шыны домбыра жасағанын айтады. Сондай-ақ, мұндай туындылар өзі еңбек ететін жоғары оқу орны мен Павлодар машина жасау колледжінде орнатылған. Ал, ең алғашқы жасаған биіктігі 1,5 метрлік жұмысын үш жыл бұрын өзінің туған жері Шарбақты ауданының Есілбай ауылына сыйға тартқан.
«Атыраулық бір мекемеден биіктігі үш метрлік қобызға тапсырыс түсті. Бүгінгі таңда жұмыстың басым бөлігі аяқталып қалды. ПМУ-дың алдындағы домбыраны студенттер бірге үш күннің ішінде жасап шықтым. 800-900 градуста күйдірілген кейін оны кірпіш ұрып сындыру мүмкін болмады», - дейді Шолпан Садуова.
Жалпы, шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы әртүрлі бұйымдар жасау Америка, Қытай, Жапония, Түркия елдерінде жақсы дамыған.
Мүсіншінің айтуынша, қалада күніне 3 тоннаға жуық шыны қалдықтары шығады. Қатты тұрмыс қалдықтарының ішінде ең ауыр түрі саналатын шыны миллиондаған жылдар жатады. Ал, ең қатты әрі қалың темірлердің өзі 150 жылдың ішінде шіріп кетеді. Мәселен, алюминий 600 градуста, шыны 900 градуста еріп кетеді. Одан кірпіш, мүсін, кафель жасауға болады. Павлодар облысында 1 400 градуста күйдірілетін әрі құлағанда сынбайтын ең мықты саз балшық Май ауданында кездеседі. Сондай-ақ, түрлі қалып жасау үшін Красноармейка және Кенжекөл ауылдарындағы саз балшықтар пайдаланылады.
«Әйнекті өңдеу бала кездегі арманым еді. Деканымыз Марат Кудерин ректор арқылы Түркияның Мимар Синан Гүзел Санатлар университетіне оқуға жіберіп, сол жақта 1 жыл, сегіз ай шыны және керамика факультетінде біліктілігімді арттырып келдім. Бұл жұмыс көп ізденісті талап етеді, химия, физика және сызу геометриясын жақсы білу керек. Ғылыми жұмысты дәлелдегеннен кейін грантқа пеш сатып алып, ПМУ-дың зертханасына орналастырдық», - дейді ол.
Сол жерде студенттер мен магистранттар бірге жұмыс жасайды. Биыл да Екібастұз, Астана, Семей өңірлерінен тапсырыстар түсуде.