Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен келген нағыз «Еңбек адамдары» - ардагер ұстаздар, ерен еңбегімен ерекшеленген педагогтер, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 2 000-ға жуық педагогі қатысып, 64 педагог жеңіске жетіп, «Үздік педагог» төсбелгісімен, 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Осы байқауда үздік атанған қазақстандық ұстаздардың бірі – Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілін оқыту әдістемесі мен әдебиетті оқыту әдістемесі пәндерінің оқытушысы, педагог-шебер, филология ғылымдарының магистрі, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі Тойындық Жоламанова. Ол Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тумасы.
«Мектеп бітірген соң, арман қуып Көкшетауға келдім, қазіргі Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің (бұрынғы педагогика институты) филология факультетіне оқуға түстім. Мұғалім мамандығы бала күнімнен ұнайтын. Сынып жетекшім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды, сабақты керемет беретін. Сол кісі ұстаздық мамандықты таңдауыма себепші болды. Оқушы кезімде дәптер тексерген ұнайтын еді.
Еңбек жолым институттың қазақ тілі кафедрасында басталды. Ол жерде екі жыл жұмыс істеп, отбасылық жағдаймен туған өлкем Сәтбаев қаласына қоныс аударып, мектепке жұмысқа тұрдым. Бірнеше мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі және директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары болып, екі қызметті қатар алып жүрдім. 2008 жылы отбасыммен Көкшетау қаласына қайта көшіп келдім. Содан бері жоғары қазақ педагогикалық колледжінде еңбек етіп келемін. Қазіргі уақытта директордың өндірістік және кәсіптік практика жұмысы жөніндегі орынбасарымын, сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесінен дәріс беремін», – деді Тойындық Жоламанова.
Ұстаздық жолына 30 жыл ғұмырын арнаған көкшетаулық мұғалімді «Еңбек адамы» деп сипаттауға болады. Бала тәрбиесі саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан Тойындық Жоламанова секілді мұғалімдер - «Еңбек адамдары» жайлы айта келе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олар бірінші орында тұруы тиіс деген болатын.
- Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық, - деген еді Мемлекет басшысы.
Ұстаздың жеке жетістіктері жоғары, шәкірттері де біраз асуды бағындырған.
«Оқушыларымды ғылыми жобалар, көркем сөз шеберлігіне баулыдым. Көптеген шәкіртім қалалық, облыстық және республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі жарыс, байқаулардың жеңімпазы атанды. Студенттерімнің жеңісі, жұмысымның жемісі деп санаймын. Бірнеше оқу-әдістемелік құралдың авторымын, атап айтқанда 2011 жылы «Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын оқыту жолдары» атты кітабым жарық көрді, 2015 жылы «Жаңа педагогикалық технологиялар» атты оқу құралы шығып, республикаға таратылды. 2018 жылы «Көркем шығарманы талдау жолдары» атты оқу құралы жарияланды және былтыр «Инновациялық технологиялар арқылы әдебиетті оқыту әдістемесі» деген атаумен оқу құралым жарық көрді», – дейді ұстаз.
Тойындық Жоламанованың ұстаздық жолдағы жетістіктері:
- 2013 жылы Құрмет грамотасы (ҚР Білім және ғылым министрінің атынан);
- 2015 жылы Құрмет грамотасы (ҚР Білім және ғылым министрінің атынан);
- 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Ашық хаты;
- 2015 жылы Білім беруге қосқан үлесі үшін медалі (халықаралық энциклопедияға енді);
- 2020 жылы Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері медалі;
- 2023 жылы педагогикалық қызметті мүлтіксіз атқарғаны еңбегі үшін медалі (облыс әкімінің қаржылай грантын ұтып алды);
- 2024 жылы Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі;
- 2022 жылы республикалық «Кәсіби шеберлік» байқауының БАС жүлдесінің иегері;
- 2024 жылы республикалық «Үздік педагог – 2024» байқауының жеңімпазы.
«Ұстаз – үнемі ізденіс үстінде жүру керек, жетістіктің шегі жоқ. Республикалық «Үздік педагог» байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Ол үш кезеңнен тұрады, алдымен колледж ішінде, содан соң облыстық деңгейде, одан әрі соңғы сынақ республикалық көлемде үздіктер анықталады. Мен алдыңғы екі кезеңнен сәтті өтіп республикалық байқауға жолдама алдым. Республикалық кезеңде шарт бойынша танымайтын аудиторияда 45 минут сабақ беру сынағы қойылған. Мен 7 қазан күні Мағжан Жұмабаев халықаралық колледжінде алғашқылардың бірі болып, сабақ бердім. Балаларға разы болдым, сабақ ойдағыдай шықты. Негізі ұстаз бен оқушы арасында үнсіз байланыс болады, кез келген танымайтын оқушы мен ұстаз бір-бірін үнсіз түсінеді, балалар менің тапсырмаларымды орындап шықты. Әрине, байқау болған соң толқу болды, жеңіске жетіп, үздік атанғанымды естігенде қатты қуандым», – дейді жеңімпаз ұстаз.
Тәжірибелі ұстаздан кейінгі жылдары қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заңның іске асу барысы туралы сұраған едік. Атап айтқанда, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту, қосымша және педагогикалық қызметке қатысы жоқ жұмыстарға тарту, оның ішінде сайлау, сенбілік, тағы сол сияқты қоғамдық жұмыстар бар.
«Педагог мәртебесі» туралы заң – ұстаздар үшін зор мүмкіндік. Қазір кез келген педагог ғылыми зерттеу жұмысымен айналыса алады, жан-жақты жағдай жасалған, тек мүмкіндікті пайдалана білу керек. Шыны керек, 2000 жылдары мектепте қызмет етіп жүргенде апта сайын сенбілікке шығып тұратынбыз, сосын сайлау кезінде өзімізге бекітілген учаскелерді аралап, қағаз тарататын едік, қазір оның бірін де атқармаймыз, бәрі тоқтатылған. Ал сенбілікке тек өз оқу орнымыздың ауласын тазартуға жылына бір шығамыз, бұның астарында экологиялық және тазалық тәрбиесі жатыр. Қағазбастылық та азайды, қазір автоматтандырылған электронды жүйемен жұмыс істейміз, ол жеңіл әрі тез. Бұрын қысқа мерзімді сабақ жоспарын жазып, оны қағазға шығаратынбыз, қазір бәрі тек электронды форматта қолданамыз», – деп түсіндірді оқытушы.
Сондай-ақ филолог маман өскелең ұрпақтың ана тілінде сөйлеу және патриоттық тәрбие туралы әңгіме өрбітті.
«Біздің педагогикалық колледжге көбіне ауылдың балалары келеді, олар қазақ тілін еркін меңгерген. Жалпы сабақ кезінде болсын, сабақтан тыс дәлізде, асханада, басқа да көпшілік орындарда ана тілде сөйлеуден проблема жоқ. Мысалы, жарыс, байқаулардың жеңімпазы атанған шәкірттерімнің арасында орыс ұлтының өкілдері бар, олар колледжге түскенде таза орыс тілінде сөйлейтін, колледжде оқыған төрт жыл ішінде таза қазақша сөйлеп шықты. Әрине, ана тілді үйрету, ана тілде сөйлеу отбасынан басталады. Біз отбасымызда қазақ тілінде сөйлесеміз. Патриоттық тәрбиеге келсек, «Отаным» деп тұратын жандар өте көп, қазір орта және арнайы білім беру ошақтарына арналған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы бекітілген, ол бірнеше бағыттан тұрады. Оның аясында біз тәрбие сағаттарын өткіземіз, тұжырымдама шықпай тұрып біздің колледжде «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Томирис» патриоттық қыздар клубы, «Айбын» әскери-патриоттық ер балалар клубы жұмыс істеп келеді. Менің ойымша, тәрбиелік іс-шаралармен қатар, өскелең ұрпаққа нағыз патриот адамның бейнесін көрсету керек, сол кісілермен кездесу өткізіп, жастарға үлгі ету қажет. Мысалы, көктемгі су тасқыны кезінде қаншама студент өз еркімен ерікті (волонтер) болып, тасқыннан зардап шеккен адамдарға көмектесті, яғни патриоттар ортамызда жүр. Біз оларды бала десек те қиын сәтте азаматтық белсенділік танытты, бұл да патриот болудың белгісі», – дейді тәжірибелі ұстаз.