Петропавл қаласында такси жүргізушісіне жасалған қарақшылық шабуылдың беті ашылды

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында такси жүргізушісіне жасалған қарақшылық шабуылдың беті ашылды, деп хабарлады СҚО ІІД баспасөз қызметі.

Таңғы сағат 7 шамасында үш жігіт «Ауди-80» автомашинасын тоқтатып, оларды жеткізіп салуды сұраған. Жолаушылар айтқан мекен-жайға - Чайковский көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласына келгесін, жүргізуші олардан ақша төлеуді сұраған. Бірақ ақша төлеудің орнына, жүргізушінің артында отырған жігіттердің біреуі оның бүйіріне өткір бір нәрсе тақап, тірі қалғысы келсе қозғалмауды талап еткен. Ал екінші жолаушы оның қалтасында болған бар ақшасын тартып алған. Такси жүргізушісіне олардан босап, көліктен шығып кетуге сәті түсті. Жәбірленуші қашып кеткесін, қылмыскерлердін біреуі рульге отырып, көлікті мініп кеткен. Қарақшылардан құтылған ер адам бірден полицияға арызданып, оқиға орнына кезекшілікте жүрген мобильдік топтар жіберілді. Жедел тергеу тобы шабуылшылардың киген киімі, түр-тұлғасы жайлы мәлімет алып, облыс орталығының қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген барлық нарядтарға ақпарат жіберді. Көп кешікпей жол полициясының қызметкерлері қарақшылық шабуыл орнынан алыс емес жерде жәбірленушінің көлігін тапты. Темір тұлпардың иесі көліктін ішінен ұялы телефонның да қолды болғанын айтты.

Ал мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері қылмыс болған ауданда тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, күдікті көрінген бір жігітті ұстады. Оның қатлтасынан ұрланған ұялы телефон табылды. Жәбірленуші бұл жігітті бірден таныды. 17 жастағы жасөспірім қылмыс жасағаның мойындап, қалған сезіктілер туралы ақпарат берді. Көп кешікпей оның сыбайластары да құрықталды. Олардың біреуі бұрын да сотталып, жуырда ғана босап шыққан. Бұл факті бойынша ҚР ҚК 179 бабы «Қарақшылық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің екеуі қамауға алынды. Қазіргі кезде тергеу жүргізілуде.