Петропавл полицейлері су басуы мүмкін жолдарда тәулік бойы кезекшілікті жалғастыруда (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО полицейлері су басуы мүмкін жол учаскелерінде күшейтілген торуылды жалғастыруда.

«Басты міндет - қоғамдық тәртіпті күзету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тасқынына байланысты төтенше жағдайларға жол бермеу», - деп атап өтті Петропавл қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Шамшиден Ақышев.

Петропавлда су басу аймағында бірнеше жол учаскелері бар. Оның бірі Заречный кентіне кіреберіс жол. Жергілікті полиция қызметкерлері бұл жерді торуылдап қана қоймай, жолда қалған адамдарды үйлеріне жеткізуге жәрдемдесуде. Ол үшін патрульдік көлікпен қатар полиция автобусы да бар.

Сондай-ақ дамба мен қаладан кіреберіс арасындағы айналма жол да жабық. 20-шы ауданда тұрақ көзделген, ол жерге жүргізушілер көліктерін қояды да кентке дейін көпір арқылы жаяу барады. Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мұнда да қоғамдық тәртіпті бақылауда.

Саяжай учаскелерінде жол қозғалысын шектеу су деңгейі түскенге дейін созылады, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінен. Шектеуді алып тастау туралы ақпаратты 112 немесе жергілікті полиция қызметі 61-25-01 телефондарына хабарласып алуға болады.