- Тимур Қуандықұлы, оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай жерде туып-өстіңіз, қандай білім алдыңыз? Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?
- Менің жасым 44-те, қазіргі Қызылжар ауданы Налобино елді мекенінде дүниеге келгенмін. Әкемнің жұмыс бабымен жиі қоныс аудардық, оқып жүргенде 5 рет көшкен екенбіз. Ауылға келгенде біз учаске алып, өз күшімізбен үй салатынбыз. Кішкентай болсам да, қызу жұмыстың ортасында жүріп, әкеме көмектесетінмін. Сондықтан құрылыс машықтарын бала кезден меңгердім. Ал мектепті бітіргесін жергілікті университетте экономист-менеджер мамандығын алып шықтым.
Еңбек жолымды Петропавлдағы банктердің бірінде бастадым. Жұмысқа бар ынта-жігеріммен кірістім, осы салаға 15 жылымды арнап, қатардағы менеджерден директордың орынбасары лауазымына дейін өстім.
Петропавлда 3-4 банкте, Астанада да осы лауазымда еңбек еттім. Бірақ уақыт өте келе менің бұл салаға деген қызығушылығым бәсеңдеді. Бұрынғыдай атқарған жұмысымнан ләззат алмайтын болдым. Сондықтан өмірімді, кәсібімді түбегейлі өзгертуді ойладым. Мен үшін жұмыстың қаражат көзі ғана емес, жанға рақат сыйлағаны да маңызды. Бұған есейе келе көз жеткіздім.
Жанға жайлы, рухани қажеттіліктерімді қанағаттандыратын жұмысты тапқанға дейін басқа салаларда да еңбек етіп көрдім, бизнес аштым, саудамен айналыстым. Құрылыс саласында жастайымнан алған машығымды пайдаланып, пәтерлерді жөндеумен айналыстым. Өйткені, плитка да сала аламын, ламинат та төсеймін, тұсқағазды да өзім жапсырамын, есік орнату да мен үшін проблема емес. Сұраныс та, табыс та жоғары. Кейін жиһаз жасауды меңгердім. Ас үй, жатын бөлме, кіре беріс шкафтарын жасадым, бірақ, 3-4 жылдан кейін оның да мен үшін қызығы басылды.
Ал темірмен жұмыс істеуді өз үйімнің құрылысын бастағанда қолға алдым. Ол кезде әлі банкте жұмыс істейтінмін. Учаске алып, зайыбым екеуіміз армандаған үйімізді өз күшімізбен салып шықтық. Оны темірмен әдемілеп қоршау керек болды. Өзім істеп көрмек болдым. Іс сапардан жырымдап алып қалған ақшам болатын, соған базардан барып қажетті аппаратты сатып алдым. Интернеттен қалай істейтінін көріп, бір-екі күнде меңгердім. Бастапқыда тәжірибенің жоқтығы білініп тұратын, уақыт өте келе шеберлігім артты. Өзім жасаған қоршау көңілімнен шықты, кейін дәнекерлеу аппаратымен орындық, мангал жасап шықтым. Достарымнан сұраныс артты, жұмыстан кейін шеберханамда тапсырысты орындайтынмын. Бірақ ол кезде бұл іс хобби еді. Ал нақты осы іске 2021 жылы толық бет бұрдым.
Бұл кезде шеберханамда қажетті құрал-жабдықтың 70 % бар еді. Өз ісіңді ашуға, қондырғы алуға грант берілетінін естіп, мемлекеттік бағдарламаға қатыстым. Осылайша, берілген 180 мың теңгеге жетпеген құрал-саймандарымды түгендеп, цехты жалға алып, кәсіпті бастап кеттім.
- Темір бұйымдарға тұрғындардан сұраныс бар ма? Көбіне қандай затқа тапсырыс береді?
- Тапсырыс өте көп. Бірінші жылы барлық тапсырыстың тек 30% ғана орындай алдым. Оған тәжірибенің аздығы себеп болды, әр істің өз қыр-сыры бар, оған уақыт керек. Қазір барлық тапсырысты бірдей ала бермеймін, қызықты дегендерін ғана қабылдаймын.
Тапсырыс маусымға байланысты түседі, мысалы қазір – сәуір-маусым аралығында мангалдарға сұраныс жоғары. Жаздың ортасында баспалдақ таянышына, кіреберістегі бастырмаға, басқыштарға тапсырыс көбейеді.
Ал шығармашылыққа келер болсақ, былтыр дәнекерлеу аппаратын шығаратын ірі компания дәнекерлеушілер арасында авторлық ерекше арт-объектілерді жасауға байқау жариялады. Еркін тақырып берілді. Мен хабарландыруды ойда-жоқта әлеуметтік желіден байқап қалдым. Уақыт тығыз, құжаттарды қабылдауға бір апта ғана қалған екен.
Мен қолда бар материалдардан рыцарь мен бұланды жасадым. Негізі ретінде ескі газ баллонын алдым. Мен оны мангал, қазан пешін жасағанда қолданамын. Осылайша, алғашқы турда менің бұйымым бірінші орын алды. Екінші кезеңде дәнекерлеушінің мүсінін жасау керек болды. Ерекше болуы үшін идея іздей бастадым. Қажетті бөлшектерді алу үшін Петропавлдағы металл базаларын аралап шықтым. Нәтижесінде «кубик-рубикті» жинап отырған роботты және оның қасында сынған аяғын жөндеп жатқан дәнекерлеушіні жасадым. Бұл жұмысым да бірінші орынды және көрермен көзайымы сыйлығын алды.
Осыдан кейін менің түрлі туындылар жасауға қызығушылығым оянды. Қыс айларында бұйымдарға тапсырыс аз. Осы уақытта мен негізінен шығармашылықпен айналысамын. Түрлі композициялар жасаймын. Істеген дүниелерім бір көрмеге жетерлік болғандықтан, Петропавлдағы «Qyzyljar» арт-орталығында көрме ұйымдастырдым, халықтың жылы лебізіне бөлендім.
Биыл да 2,5 айда 5 композицияны істеп үлгердім.
- Жұмысқа қандай материалдарды қолданасыз?
- Ескі темір-терсекке екінші өмір беремін. Қазір Петропавлдағы металл базаларында, темір қабылдайтын орындарда мені бәрі жақсы таниды. Ерекше темір-терсек назардан тыс қалмайды, олар – менің болашақ кейіпкерлерім, көрген кезде бірден одан не жасайтынымды елестетіп, қиялға қанат бітіремін.
Сондай-ақ, көрмем өткеннен кейін тұрғындардың өздері маған түрлі темір-терсекті өздері әкелетін болды. Оның ішінде машинаның қосалқы бөлшектері де, түрлі тегершік, детальдар, істен шыққан техника да бар. Цехымның жанында техникалық қызмет көрсету стансасы жұмыс істейді, шеберлер көлікті жөндегеннен кейін ауыстырылған бөлшекті лақтырмас бұрын, әкеліп көрсетіп, «саған керек емес пе?» деп сұрайды.
- Белгілі бір бұйымды жасау идеясы қалай туады? Мәселен, «Қойшы» деген композицияңызды алайықшы... Эскизін алдын ала сызасыз ба?
- Идея, әдетте, ойда-жоқта келеді. Жоғарыда айтып кеткендей, бір бөлшек маған ой салуы мүмкін. Кейде осыны жасау керек екен деген ой түн ұйқымды бөліп, оны қалай істесем екен, не қолдансам дұрыс болады деп мазалауы мүмкін. «Қойшыға» келер болсақ, алдымен серіппелерді пайдаланып, қой жасау ойымда болды. Бұл бөлшектерді металл базаларынан 2 жылға жуық жинадым. Биыл оны іске асырдым, бірақ көңілімнен шықпай жұпыны көрінді. Сондықтан қасына қойшыны істедім, кейін бір күннің ішінде артына ағаш жасап орнаттым. Тағы да толық аяқталмағандай болып көрінді, осылайша гүлі бар алаңқай пайда болды. Яғни мен алдын ала эскиз жасамаймын, композиция жұмыс барысында туады.
- Сіздің бұйымдарыңыздың ерекшелігі неде? Сіздің өз стиліңіз бар ма?
- Мен мангалдарды, қазанға арналған пештерді ескі газ баллондарынан жасаймын. Бұл - менің ерекшелігім. Біздің облыста басқа ешкім қолданбайды оны. Кейбіреулер төрт бұрышты мангал жасап беруімді сұрайды, мен ол тапсырысты алмаймын. Ал шығармашылықпен айналысатын дәнекерлеушілер көп. Олардан ерекшелігім – мен өз бұйымдарымды сатпаймын. Яғни бизнес пен шығармашылықтың ара-жігін бөліп қойғанмын.
- Авторлық жұмыс көп уақытыңызды алатын шығар? Арасында басқалардан жоғары қоятын бұйымыңыз бар ма?
- Жоқ, қажетті материалды табуға уақыттың көп бөлігі кетеді. Ал, жасауға көп болса бір апта керек. Жұмысты бастағаннан кейін оның нәтижесін көргің келеді, қызығушылық арта түседі.
Қолдан жасалатын дүниеге шебер өзінің бір бөлшегін береді. Сондықтан бөліп-жарғым келмейді, бәрі мен үшін қымбат. Десек те, соңғы жасаған жұмыстарымның бірі - «қойшы» композициясының мен үшін орны бөлек, мүмкін ауылда туғандықтан болар. Кешкі ас үстінде әңгімелесіп отырған робот Степан мен Матрена да көңілге жылулық ұялатады.
Жалпы қазііргі уақытта 16 композициям бар.
- Бірнеше салада еңбек еттіңіз, салыстыра аласыз, қазіргі жұмысыңыз несімен ұнайды?
- Ешкімге бағынышты емессің, ұнаған тапсырысты аласың, жұмыс кестесін өзіңе ыңғайлы етіп құрасың, ал ең бастысы – мен ұнайтын ісіммен айналысып жатырмын. Сүйікті ісім менің рухани ғана емес, материалдық қажеттілігімді де қанағаттандырады.
- Арманыңыз бар ма?
- Қазақстанда бұл сала кенже қалған, дәнекерлеуді шығармашылықта қолданатындар саусақпен санарлық. Ресейде бар, Еуропада көп. Әлеуметтік желіде мен олардың жеке парақшаларына жазылғанмын. Олардың қолынан шыққан бұйымдар таңдай қақтырады, сол деңгейге жеткім келеді. Мен әлі бұл жолдың басындамын. Арманым - шеберлігімді шыңдап, әлемдік деңгейге шығу.
Менің бес балам бар, ең кенже ұлым сабақтан қолы босаған уақытта жанымнан табылады. Цехта қасымда жүріп, темірмен айналысқанды ұнатады. Болашақта менің ісімді жалғасытарыд деп ойлаймын.
- Рахмет!