Петропавлда Ғабит Мүсіреповтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Көркем сөздің зергері» атты көрме ашылды

ПЕТРОПАВЛ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Петропавлда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің туғанына 110 жыл толуына арналған көрме ашылды.

Көрменің ашылуына жұртшылық өкілдері, мәдениет және әдебиет қайраткерлері, студент жастар қатысты. Солтүстік Қазақстанда туған көрнекті жазушының шығармашылық жолы, көптеген романдар мен повестердің, әңгімелер мен пьесалардың, киносценарийлердің, көркемсөз мақалаларының, эсселер мен очерктердің авторы лайықты бағасын алды.    

Ол Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағының хатшысы болды, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды, көптеген ордендермен және медальдармен марапатталды. Ол сондай-ақ «Петропавл қаласының құрметті азаматы» атанған болатын.  

Классик-жазушымен кездесулері жайында ақын әрі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі Мүтәллап Қанғожин,  журналист Амандық Жантеміров сыр шертті.    

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаева Ғ.Мүсіреповтің мерейтойына арналған шаралар туралы әңгмеледі.

Мұражай қызметкері Ирина Матвееваның айтуынша, солтүстікқазақстандықтар өздерінің даңқты жерлестерін мақтан тұтады. Көрмеге жазушының жеке заттары - оның костюмі, домбырасы, швейцар сағаты, асатаяғы және мұражайдың ең құнды жәдігері - «Ұлпан» романының қолжазбасы қойылды

Ғ.Мүсіреповтің оқыған жылдарын, оның әртүрлі қоғамдық шараларға қатысқанын, туған жеріне келгенін бейнелейтін фотосуреттер, оның сценарийлері бойынша қойылған спектакльдер мен фильмдерден көріністер ұсынылды.

Сондай-ақ көрмеге жазушының «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Ұлпан», «Кездеспей кеткен бір бейне» сияқты романдары мен повестері, газеттер мен журналдарда жарияланған еңбектері қойылған.