Петропавлда Құрбан айт пен Жол полициясы күніне арналған шағын футболдан турнир болып өтті

ПЕТРОПАВЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Петропавлда өткен демалыс күндері «Динамо» стадионында шағын футболдан жарыстар өткізілді. Үздік атану мәртебесі үшін Солтүстік Қазақстан облыстық жол полициясы қызметкерлерінен құралған жеті команда мен қызмет ардагерлерінен құралған бір топ бәсекеге түсті.

Ойындар аса тартысты өткізілді. Финалда СҚО ІІД Жол полициясы басқармасының командасы мен қызмет ардагерлерінің командасы бетпе-бет келді. Қызу да тартысты ойын барысында 6:2 есебімен жол полицейлері бірінші орынды жеңіп алды, жақсы ойын өрнегін көрсеткен ардагерлер тобы екінші орынға табан тіреді. Үшінші орынды жол полициясының жеке батальонының инспекторлары місе тұтты.

Жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттау рәсімі 23 қарашада Жол полициясы күніне арнайы өткізілетін салтанатты шара кезінде жүзеге асырылады.