– Артур Равильевич, ботаникалық бақтың бұған дейін мәселеден көз ашпағанын білеміз. Бірегей өсімдіктердің аязда үсіп кете жаздаған кездері болды. Биыл қыстан қысылмай шығуға жағдай жасалды ма?
– Облыстық әкімдік тарапынан көзқарас өзгеріп, кейінгі 8 жылда алғаш рет жағдайымыз жақсара бастады. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қатты аязда іргетасы қозғалып, салдарынан жабынды әйнектердің кейбірі шынынап, сынған еді. 15 жыл бұрын төселген бақтың шатырының пайдалану мерзімі бітті. Сол себепті су өтпеуі үшін оның үстінен арнайы материалмен жаптық.
Біздің өзіндік ерекшелігіміз бар, мәселен жөндеу жұмысын кез келген уақытта жүргізуге болмайды. Өсімдіктерге зиян болмауы үшін терезені ауыстыру, сырлау, қалпына келтіру жұмыстарын қыркүйек айы басталғанға дейін, күн жылыда аяқтау жоспарда бар. Сосын шатырын толық ауыстырып, күрделі жөндеу қажет. Жылытқыш желдеткіштері жоқ, тұман қалыптастыратын қондырғылар да керек.
– Белгілі агроном, әкеңіз Равиль Рязаповтың ісін жалғастырып келесіз. Бүгінде Қазақстандағы ең көне ботаникалық бақты сақтап қана қоймай, оны дамыту бағытында қандай жоспар құрып отырсыз? Жалпы, бақтың болашағы бар ма?
– Қазіргі уақытта жеке заңды тұлға құру және екіншіден бұл нысанға, жер учаскесіне мәртебе беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ еткіміз келеді, яғни дендрологиялық парк мәртебесін алу үшін құжаттарды әзірлеудеміз. Жоба ғылыми негіздемеден өтіп, экологиялық сараптамаға жіберілді. Үшінші ретте ғана оң шешім алдық. Жоба жергілікті орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының қарауынан да өтті. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемеден өту үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл да соңғы кезең емес, Үкіметтің қаулысынан кейін ғана бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналады. Жалпы 2026 жылдың сәуір-мамыр айында жаңа мәртебеге ие боламыз деп ойлаймын.
Бұдан бөлек «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» конкурсына қатыстық. Құжаттар пакетін жинадық, соның ішінде біз туралы, біздің жұмысымыз жайында БАҚ-та шыққан материалдар тізбесін ұсындық. Шешімді экология министрлігі қабылдайды.
– Бұл сіздерге не береді?
– Еліміздегі барлық дендрологиялық, ботаникалық бақ және зообақтар кәсіпорын болып есептеледі. Кей мәселелерді өздігінен шешу үшін бізге де кәсіпорын болу ыңғайлы.
Бұған дейін дәл қасымыздан спорт нысанын салды. Сондай-ақ «жылу желісін, су құбырын тартамыз» деп аумағымызды кез келген уақытта қазып кетуі мүмкін. Ауыр техника кіреді. «Электр сымын тартамыз, бізге кедергі келтіреді, кесіңдер» деп ағашты кесуімізді талап етіп жатады. Мұның бәрі өсімдіктерге кері әсерін тигізеді. Яғни жаңа мәртебе алсақ – қорғаламыз. Қосымша қаржы да бөлінеді.
Қазір Петропавл қаласының әкімдігімен бірлескен жоба әзірлеудеміз. Ботаникалық бақ қаланы көгалдандыруға, жасыл желеңді сақтап, көбейтуге белсене араласатын болады. Яғни бақтың негізінде көгалдандырумен тұрақты түрде айналысатын арнайы басқарушы компания құру жоспарланған. Біздің мамандарымыздың оған білімі мен біліктілігі жеткілікті. Егілген жасыл желең жақсы жетіліп кетуі үшін тәжірибелік, ғылыми-әдістемелік көмек, кейде ұсынымдар беруіміз мүмкін. Қазір бұл жұмыс мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізіліп, кейде тіпті оны арнайы білімі жоқ жалдамалы жұмысшылар атқарады. Сондай-ақ тал, гүл егу коммуналдық шаруашылыққа жүктеліп келді.
Енді, жоба іске асқан жағдайда, қаланы көгалдандыруға қатысты барлық жұмыс, барлық мәселе біз арқылы өтеді. «Жасыл» мамандандырылған қызмет көрсету орталығы десек те болады.
Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев бізге келгенде тағы бір ботаникалық бақ немесе дендрологиялық саябақ құру жоспарда бар екенін айтты. Әзірге қай жерде болатыны нақты шешілген жоқ. Ол мүмкін қаланың шеткері ауданында немесе бүгінде сырылып жатқан жекеменшік сектордың орнына, тіпті қаланың орталығында да болуы мүмкін.
– Жаңа ботаникалық бақтың басты мақсаты мен ерекшелігі қандай болмақ?
– Қазіргі ботаникалық бақ 2 га жуық ұзынша келген аумақты ғана алып жатыр. Бұл жерге жаңашылдық енгізе алмайсың, тек қана осы қалпын сақтау керек.
Ал жаңа баққа шамамен 70-80 га аумақ бөлінбек. Ол қазіргідей емес, бірнеше аймақтан тұрады. Мысалы ландшафт стилінің ғана он шақты түрі бар: тастар бағы, бионика, хай-тек, кантри, жапон, т.б. Ең бастысы – Қазақстанның табиғи флорасын сақтап, көрсету.
Жаңадан ашылатын ботаникалық бақ біздің филиалымызға айналады. Ол жерде табиғи орта жасауға басымдық береміз. Сондай-ақ белгілі бір тақырыпқа арналған учаскелер болады. Қазір тұрғындардың көпшілігі өз учаскелерінде ландшафты дизайн жасап, бұталар егеді, оны кесіп, көп жылдық шөп өсіреді. Ботаникалық бақта да солай болуы керек деп ойлайды. Бірақ ол дұрыс емес. Ботаникалық бақ – қолдан өсірілген орман. Барлық процес табиғаттағыдай болып, адам барынша араласпауы тиіс. Мысалы ағаштың жапырағы түсті, ол шіріді, микроағзалар пайда болды, т.с.с. Келушілерге олардың табиғи ортасын, құстарды, жануарларды көрсетуіміз керек.
Жалпы қазір адамдардың табиғи ортаға қайта оралуы әлемдік трендке айналған. Қазір газонның орнына қалада биік өсімдіктерді – құрақ, құймашөптерді өсіру ұсынылады. Ал шабылған көпжылдық өсімдік, ағаш діңдерін жалаңаштау бізге бір кездері Нидерландтан келді.
Петропавлдың тұрған жері керемет қой, маңында Есіл өзенінен бөлек көптеген көл бар. Мұны да пайдаланып, қала өміріне кірістірсе болар еді. «Сенное» деген көл бар, ботаникалық бақтың іргесінде орналасқан осы көлдің орнына көпқабатты үйлерді салу жоспарланған екен. Бұл дұрыс емес, қасынан әдемі саябақ жасауға болады. Жылда күзде ұша алмай қалған, жараланған аққу-қаздарды бізге әкеледі. Көлді бақ қарамағына берсе, осы құстарды өсіруге де жақсы болар еді. Дұрыс шешім қабылданар деген сенімдемін.
Естеріңізге салайық, Алматының Бас ботаникалық бағы жаңа жұмыс кестесіне көшкен еді.