***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, 1 мамыр мерекесіне орайластырып Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қалалықтарға ерекше сый тарту етті. Ассамблея тату болса ас көп екен, осылайша әлемдегі ең ұзын лағман да жасалды. Алматылықтар мен қала қонақтарын елеңдеткен ерекше оқиға Құддыс Қожамьяров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының саябағында өтті. Әлемдегі ең ұзын лағманды созуға бесаспап аспаздар шақырылған. 30 бірдей аспаз ұйғырлардың дәстүрлі лағман дайындау әдісімен салмағы 687 килограмм болатын дәмді асты дайындап, жиналған жұртқа дәм татқызды. «Аспаздар алдын ала кемі 1500 кісіге лағман дайындайтындарын жариялаған болатын. Дегенмен, мерекеде адам басын санап отырған ешкім жоқ, бірақ жер бетіндегі ең ұзын лағманды жеуге келгендер саны жеткілікті болды»,-деп жазады басылым «Әлемдегі ең ұзын лағман» атты мақаласында.
Бас бысылымда «KEGOC» акционерлері 40 мыңнан асты» деген мақала берілген. Естеріңізге сала кететін болсақ, 2014 жылғы 18 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және бағынысты ұйымдарының акциялар пакетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 қыркүйектегі №1027 қаулысымен бекітілген бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын («Халықтық IPO» бағдарламасы) іске асыру шеңберінде «KEGOC» АҚ компанияның жай акцияларын оған жазылу жолымен қазақстандық қор нарығына алғашқы орналастыруды іс жүзіне асырды. Бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында «KEGOC» АҚ-тың орналастырылған жай акцияларының саны - 25 999 999 (жиырма бес миллион тоғыз жүз тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз) дана. «KEGOC» АҚ-тың бір жай акциясының орналастыру бағасы 505 (бес жүз бес) теңгеге бағаланды.
- Соның нәтижесінде 13 млрд. теңгеден астам мөлшерде қаражат тартылды. 40 мыңнан астам қазақстандықтар «KEGOC» акцияларын иеленуге мүмкіндік алды, - деді «KEGOC» АҚ басқармасының төрағасы Бақытжан Қажиев
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Шыны керек, қалада пәтері бар жұрттың басым бөлігі Пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК-тердің) қызметі үшін төленетін төлемнің қандай мақсатта жұмсалып жатқанынан бейхабар.
Себебі оның анық-қанығын білу үшін ПИК кеңсесіне бармайды, ол тұрмақ ПИК төрағасының ауламызға келіп өткізетін жиындарына да қатыспайтынымыз рас. Енді ондай жиындарға барудың да қажеті болмайтын секілді, өйткені жуырда еліміздің үш бірдей қаласында ПИК-терге жұмыстары жөнінде интернет-ресурсы арқылы есеп беруді міндеттейтін пилотты жоба іске қосылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады.
«Біз - пәтер иелері ретінде ПИК-тердің кеңсесіне бас сұға бермейміз. Жұмысбасты болғандықтан, ол үшін уақыт бөлгіміз келмейді. Сондықтан ПИК-тердің бізден жинап алған ақшаны қандай мақсатта жұмсап отырғаны белгісіз күйі қалып қояды. Енді ПИК жұмысын қадағалау үшін кеңсесіне барудың қажеті болмайды. Біз алдағы уақытта Астана, Қызылорда және Ақтау қалаларында ПИК-терге ай, тоқсан сайын электронды форматта есеп беруді енгізіп отырмыз. Бұл жобаға сәйкес, тұрғындар өз ПИК-терінің сайтынан барлық ақпаратқа қанығып отырады» дейді Қ.Өскенбаев. Бұл жайында «Пик жұмысын бақылап жүрсіз бе?» атты мақалада толық жазылған.
Осы басылымда «Алыпсатардың қызметіне шектеу қойылғаны жөн» деген мақала жарияланды. Қазақстан елге автокөлік тасымалдауды тек ресми дилерлер арқылы жүзеге асыруды ойластыруда. Бұл туралы 2015 жылдың ақпан айының басында Мәжілістегі жалпы отырыстың сыртында БАҚ өкілдеріне мәселені түсіндірген Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау мәлімдеген-ді. «Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер аумағында автокөліктерді жеткізуді тек ресми дилерлер арқылы жүзеге асыру мәселесі қарастырылуда. Мысалы, Тойотаның ресми дилері - «Астана Моторс» компаниясы. Бірақ Тойота Қазақстанға «Астана Моторстың» қатысуынсыз автокөлік әкелуде. Сұрқай дилерлер дегеніміз осылар. Біз бұл мәселені ресейлік әріптестерімізбен ашық талқылап, белгілі бір түсіністікке қол жеткіздік», - деді сол жолы Альберт Рау. Оның пікірінше, мұндай қадам ЕАЭО-дағы автокөліктер бағасын бір-біріне сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстанда бекітілген нормалар мен стандарттарға сәйкес келмейтін автокөліктер Ресейден және т.б. елдерден көптеп тасымалданып жатыр. Мысалы, «LS» журналы хабарлағандай, 2015 жылдың екі айында сұрқай дилерлер арқылы елімізге 74 мың автокөлік әкелінген. «Азия Авто» АҚ-тың президенті Ерік Сағымбаевтың пайымдауынша, Қазақстандағы автодилерлерді лицензиялау отандық автокөлік нарығын көлеңкедегі бизнеске кетуге жол бермейді.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Вбить флаг в сердце Берлина» деген мақала берілген. Кеше Алматыда «Алматы» қонақ үйінің қабырғасына Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тіккен даңқты қазақ батыры, Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов фашистер ұясының кеңсесiне жетiп, Жеңiс туын Рейхстагтың бiрiншi қабатына тiгедi. Осы ерлiгi үшiн 150-шi дивизия басшылығы Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Алайда сол кездегi әділетсіздіктің салдарынан оған Қызыл Ту орденi ғана беріледі. Көзі тірісінде де «Алматы» қонақ үйінің директоры болып қызмет атқарған ардагерді туыстастары мен көзі көргендер де өте қарапайым, адамгершілігі мол, сыпайы жан ретінде еске алады.