Полицей қызметін атқару үстінде қаза болды

ҚОСТАНАЙ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Таран аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы, милиция аға лейтенанты Медет Досымханов қызметтік міндеттерін атқару үстінде қазаға ұшырады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Полиция офицері жедел топтық құрамында Қамысты ауданындағы Адаевка кенті тұрғынының Таран ауданы аумағынан наурыз айында екі жылқы ұрлау қылмысына қатыстылығын тексерді, - деп хабарлады Қостанай облысы ІІД басқарма бастығы Елена Кашарина. ? Күдіктінің 36 жастағы інісі полицейдің заңды әрекеттеріне кедергі жасауға тырысып, М.Досымхановты аңшы мылтығымен атып жіберді. Ауыр жарақаттанған офицер ауруханаға жеткізіліп, алған жарақатының салдарынан қайтыс болды». Қылмыскерлер ұсталды, Ш.Досановтың ұрлыққа қатысы расталды, қылмыскерлер ұрлаған жылқыларын Жітіқара ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне сатып жіберген болып шықты. Ағайынды екеуі де тұтқынға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қызметтік борышын атқару үстіндегі көрсеткен батылдығы, қызметтік міндеттеріне адалдығы үшін Қостанай облысы ІІД басшылығы милиция аға лейтенанты, марқұм Медет Досымхановты мемлекеттік наградаға ұсынды.