ОРАЛ. 1 маусым. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Щапов ауылында жеке үй құрылысын салуға келген Железнов ауылының тұрғыны А. полиция қызметкеріне күш қолданды деген айыппен тұтқынға алынып,
30 мамырда Зеленов аудандық соты оны екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Зеленов аудандық ішкі істер бөлімі А.Байбуловты ҚР ҚК 321-бабының 2-бөлігімен өкiмет өкiлiне қатысты күш қолданды деп айыптап отыр.
Тергеу мәліметіне қарағанда, осыдан бір ай бұрын, 29 сәуір күні 13.00 сағат шамасында Зеленов ауданы Щапов ауылында учаскелік полиция инспекторының көмекшісі үй құрылысын салуға көрші ауылдан келген жігіттерге арақ ішпеу, қоғамдық орындарда мас күйде жүрмеу туралы алдын алу шараларын жүргізген. Алайда әлгі жігіттер соған қарамастан сол күні құрылыс басында арақ ішіп, мас күйлерінде көлікке отырып, тәртіп сақшысына бағынбаған. Полиция учаскесіне апармақшы болған инспекторды А. боқтап, балағаттап, күш көрсетіп, киімін, погонын жыртып, қылғындырған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).