Полицейлер қалың тұманда 700 қойымен бірге адасып кеткен қойшыны тапты

Фото: видеодан алынған скрин

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл ауданындағы шаруа қожалықтардың бірінде екі күн бұрын қойшы 700 қойымен бірге құмды аумақта адасып кеткен.

Polisia.kz жазғандай, хабарлама түскен сәтте жедел түрде оқиға орнына шыққан полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізді. Полицияның жедел әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде 24 сағатқа жетпей аудан орталығынан 200 шақырым жерде қойшы да, оның малы да табылды.

Фото: видеодан алынған скрин

- Түнде тоңып қалмау үшін ұйықтамауға тырыстым. Үш күнге жуық тамақ ішпегендіктен әлсіреп қалдым. Мені тапқан полиция қызметкерлері жағдайымды көріп, бірден жылы орынға апарып, айран мен нан берді. Алғысым шексіз, - деді тұрғын.

Бұған дейін Түркістан облысында қойшы ауылдан жолға шыққан 4 азамат жоғалып кеткенін жазған едік.