Поляк болып туғаны үшін ғана жер аударылды — өлкетанушы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанға күштеп көшірілген ұлттардың бірі — поляктар. Биыл Қазақстанға поляктардың жер аударылғанына 90 жыл толды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Солтүстік Қазақстан облысындағы Озерное ауылын жер аударылған поляктар негізін қалаған. Өлкетанушы, музей жетекшісі Валентина Витковская жылдар бойы архив құжаттарын зерттеп, куәгерлердің естеліктерін жинаған. Ол Kazinform тілшісіне жер аударылған поляктардың тағдыры, қазақтардың көрсеткен көмегі және әлі күнге дейін белгісіз болып келген тарихи деректер туралы айтып берді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Валентина Владимировна, Озерное ауылының тарихын зерттеуге не түрткі болды?

— Бұл - мен үшін жай ғана қызығудан туған зерттеу емес, отбасымның тарихы. Менің ата-әжелерім де 1936 жылы Батыс Украинадан Қазақстанға жер аударылған. Сондықтан бала күнімнен үлкендердің әңгімесін тыңдап өстім. Кейін олардың естеліктері біртіндеп ұмытыла бастағанын көріп, архивтерді ақтаруға кірістім. Бүгінде бұл жұмыс менің өмірімнің маңызды бөлігіне айналды.

Біздің ауыл поляктарды Қазақстанға жер аударудан пайда болды. Нақты саны белгісіз, бірақ архивтік құжаттарда 1938 жылдың бірінші қаңтарында Озерныйда 1559 адам тұрғандығы жазылған. Өлім-жітім көп болды, әсіресе, балалар ауыртпалыққа, аштыққа, суыққа төзбеді. Бұл жерге поляктарды ғана емес, немістерді де, шешен-ингуштерді, корейлерді де қоныстандырды.

Адамдарды этникалық белгісіне қарай депортациялады. Олардың саяси көзқарасы, ұстанымы, білімі ешкімді қызықтырмады, мәселен, тек поляк болып туғаны үшін ғана қудалауға ұшырады. Жер аударылғандардың арасында партия мүшелері, ауылдық кеңестер мен колхоз төрағалары болғанымен, олардың басым бөлігін қарапайым еңбек адамдары — шаруалар құрады. Кейін Қазақстанға келгеннен кейін де тыныш қоймады. Мен 11 адамның репрессияға ұшырағанын анықтадым. Олардың екеуі ғана 10 жылға қамалып, қалғаны атылып кеткен.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Поляктарды Қазақстанға жер аудару қалай басталды?

— Бұл қуғын-сүргін 1936 жылғы 28 сәуірде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің № 776-120 «Украина КСР-інен 15 мың поляк және неміс шаруашылығын Қазақ КСР-інің Қарағанды облысына көшіру және оларды шаруашылық жағынан орналастыру туралы» қаулысынан басталды. Осы құжатқа сәйкес, негізінен Украинаның Житомир, Винница, Хмельницкий, Киев, Каменец-Подольск және Кировоград облыстарында тұрған 35 820 поляк Қазақстанға күштеп көшірілді. Қоныс аударылғандардың барлығына саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың ерекше санаты — «арнайы қоныстанушы» мәртебесі берілді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Қоныс аудару туралы халыққа небәрі 8-10 күн бұрын ғана хабарланған. Поляктарға өздерімен мал-мүлікті — сиыр-жылқыны алуға рұқсат етті. Осыдан кейін оларды азын-аулақ дүние-мүлкімен бірге қарулы күзетпен теміржол стансаларына жеткізіп, жүк вагондарына отырғызып, шығысқа жөнелткен. Олар Украинадан 2 ай жүріп келді. Жолда пойыздардың жүруінен тұруы көп болды, өйткені жер аударылғандарды адам санатына қоспады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Архив құжаттарына сүйенсек, ең бірінші эшелон Тайынша станциясына 1936 жылдың 3 маусымында келген екен. Ал 6 маусымда бірнеше эшелон қатарынан тоқтап, жер аударылғандарды үлкен легі түсті.

Менің ойымша, оларды бөлмей ауыл-ауылмен көшірді. Өйткені біздің Озерныйда негізінен Виннецкий облысы, Волочаевский ауданының тұрғындары тұрды. Бұл, бір жағынан ыңғайлы еді, олар бір-бірін білді, туыс болды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ертеректе ауыл тұрғындарынан естеліктерін жазғызып, жинадым. Мәселен, Ефросинья Славинская сол кезді былай еске алады: «Жол өте ұзақ болды. Пойыз жиі тоқтайтын. Әдетте көлдер мен өзендердің маңына аялдап, адамдар мен малға су беріп, тамақтандыратын. Тоқтаған сәтте жұрт далаға шығып, от жағып, ыстық ас әзірлейтін. Бізді алып жүрген милиция қызметкерлерінің қолында ысқырық болатын. Ысқырық үні естіліп, «вагонға!» деген бұйрық берілгенде, адамдар қолындағысын тастай салып, вагондарға қарай жүгіретін.

Маусым айының басында пойыз Тайынша станциясына келіп тоқтады. Көз алдымызда шеті мен шегі жоқ ұлан-ғайыр дала жайылып жатты. Халық өте көп еді. Соңғы жүк те түсіріліп, эшелон жүріп кеткен кезде ерекше бір оқиға болды. Қазақ жеріне аяқ басқан сәтімізде күн тұтылды. Біз Украинада мұндай құбылысты бұрын-соңды көрмеген едік. Сол сәт біз үшін жаңа өмірдің басталғанының белгісіндей әсер қалдырды».

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Жер аударылғандар қандай жағдайда өмір сүрді?

— Олар баспананың қандай болуы керек екенін білмеді. Құрылыс материалдары да болмады. Жер аударылғандарды айдалаға әкеліп тастады. Адамдар үлкен шұңқыр қазып, ішіне айналадан тапқан құм, шөп, тасты тастап, жылқыларымен балшық басып, сонымен үйдің қабырғасын қалады. Іргетасы, сәкісі болмады. Елді мекеннен шығуға рұқсат жоқ, коменданттық бақылау бар. Міне осы кезде қазақтар поляктарға көп көмектесті. Бірі терезе-есік, енді бірі отын әкелді. Жақын маңдағы ауылдардың қазақтары өздері аш-жалаңаш отырса да, барымен бөлісті.

Жеркепелер екі отбасыға арнап салынды. Одан бөлек, пошта, жатақхана тұрғызылды. Ал ең бірінші болып 25 қарашада мектеп пайдалануға берілді.

Фото: Ақерке Дәренбекқызы/Kazinform

Иван Павенский өз естелігінде: «Тайынша станциясында бізді жүк көліктері мен қарулы күзет күтіп тұрды. Олар бізді жаңа қонысқа жеткізуі керек еді. Сол күн ерекше ыстық болды. Аптаптан сағымданып тұрды. Балалар алыстан оны көл деп ойлап, қатты қуанды. Алайда келіп тоқтағанда алдымызда жалаңаш дала ғана жатты.

Адамдармен бірге жүк көліктеріне олардың дүние-мүлкі мен үлкен шатырлар тиелген екен. Ұзындығы 100-150 метрге дейін жететін бұл шатырларға әр отбасы тек төсегі мен орындығын ғана кіргізе алды. Ал қалған жәшіктері, үстелдері мен басқа да заттары сыртта, шатырлардың жанында үйіліп қалды.

Сол күні адамдар көз жасына ерік берді. Бірі жылады, бірі зар еңіреді. Бірақ қанша ауыр болса да, дәл сол иен далада жаңа өмірді бастауға тура келді…» — дейді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Жергілікті қазақтардың көмегі туралы естеліктерде не айтылады?

— Бұл туралы Анна Савинская өз естелігінде айтып кетеді: «Бізге ауылдан шығуға рұқсат етілмесе де, қазақтар өздері бізге жиі келетін. Біз қолымыздағы азын-аулақ заттарды нанға, құрылыс материалдарына, жылы киім мен аяқ киімге айырбастайтынбыз. Олар бұл жердің заңды иелері еді. Соған қарамастан бізге ешқашан жамандық жасаған жоқ, керісінше, әрдайым қол ұшын созуға тырысты. Мейірімділік, қонақжайлық, жанашырлық — қазақ халқына тән асыл қасиеттер екеніне сол кезде көзіміз жетті», — дейді ол.

Бұл көмек тек күнделікті тұрмыстағы қолдау ғана болған жоқ, ол қиындыққа ұшыраған жандарға рухани демеу беріп, өмірге деген сенім сыйлады. Ең ауыр күндердің өзінде олар жалғыз емес екенін сезінді. Бастапқыда бөтен көрінген ұлан-ғайыр дала уақыт өте келе адам жылуына, қамқорлық пен үмітке толы туған мекенге айналды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Елді мекендегі музейдің ерекшелігі неде?

— Бұл музейдегі заттардың бәрі — жер аударылған поляктардың өздерімен бірге әкелген заттары. Оның ішінде XVIII ғасырда басылған Библия, сондай-ақ, иконалар, тұрмыстық заттар мен қолдан жасалған бұйымдар бар. Әлі де әкеліп тапсырып жатқандар бар. Мына бөлмеден біздің ата-әжелеріміздің қалай тұрғанын көруге болады. Әрине, бұрын едені болмаған, әрі төбесі де төмен еді. Бірақ, осындай керует тұрған, әжелеріміз шебер болған ғой, төсек-орынды кестелеп тіккен. Жиһазды да өздерімен бірге алып келген. Әр шаңырақта ағаштан жасалған сандықтар болды, бұл бұйымда киім кешекті де, азық-түлікті де сақтады, әрі үстел, әрі орындық болды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Музейге келушілер аз емес. Жергілікті тұрғындармен қатар Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Польшадан арнайы іздеп келетін қонақтар бар. Олар ата-бабаларының тағдырымен танысып, отбасылық тарихына қатысты деректерді іздейді.

Біздің мақсатымыз — өткенді жай ғана көрсету емес, осы жерде өмір сүрген адамдардың тағдырын, олардың бастан кешкен ауыр кезеңін келер ұрпақтың жадында сақтау.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұл музей — халықтардың достығы мен адамгершілігінің, қиын кезеңде бір-біріне сүйеу болған жандардың тарихын баяндайтын қасиетті орын.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұған дейін СҚО-да поляктар көп қоныстанған елді мекенде «Қазақ халқына алғыс» естелік белгісі қойылғанын жазған едік.