Пойыз бен газ тасушы жүк көлігінің соқтығысуынан жүргізуші қаза тапты - Маңғыстау облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында Сай-Өтес-Бейнеу темір жолының 269 шақырымындағы №6 разъезде №377 «Маңғышлақ-Алматы» жолаушылар пойызы мен газ тасушы жүк көлігі соқтығысты.

Жол апатынан жүк көлігінің жүргізушісі қаза тауып, тепловоз машинисінің көмекшісі жарақаттанды, деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Ресми өкіл таратқан ақпаратқа сүйенсек, жолаушылар пойыз құрамы жолдан шыққан жоқ. Темір жол қатты зақымданғанбаған. Апат орнына облыстық ТЖД-інің өрт сөндіру қызметі жұмылдырылды.
Сондай-ақ, оқиға орнында газ тасушы жүк көлігін салқындату мақсатында «Қарақұдық-Мұнайдың» екі өрт сөндіру автоцистернасы мен «Кенесары» ЖШС-нің екі өрт сөндіру автоцистернасы жұмыс жасап жатыр.
Оқиға орнына өрт сөндіру және қалпына келтіру пойызы келді. Пойыздардың қозғалысын қалпына келтіру мақсатында темір жол желісінен газ тасушы жүк көлігін алып тастау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Апат орнына ТЖД жедел қызметі келіп жетті.