***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санының біршама бөлігі «Елімен етене Елбасы» айдарына бөлініп, онда Мемлекет басшысы туралы мақалалар топтамасы берілген. Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков «Бастау» атты көлемді мақаласында Елбасының өмірі мен қызметі тақырыбын егжей-тегжейлі жазады. «Елбасының өмірі мен қызметі тақырыбына қалам тартып жүргенімді көзі қарақты оқырман жақсы біледі деп ойлаймын. Соның ішінде осы мақалада қамтылатын кезең сөз етілген жарияланымдарым да бар. Жақында редакция тарапынан бұл мәселеге бүгінгі күннің тұрғысынан қайта қарау жөнінде өтініш айтылды. Ойланып, толғанып, қолға қайтадан қалам алдым. Расында да, әлі де басын аша, толықтыра түсетін жайлар, бұған дейін айналымға түсірілмеген фактілер бар екен. Мұның өзі Елбасының елі үшін еткен еңбегінің ерендігіне тағы бір дәлел», - деп жазады автор.
Оның айтуынша, бүгінде өз азаматтарына бейбіт әрі берекелі өмірді қамтамасыз етіп отырған, жетілген нарықтық экономикасы бар, қазіргі заманғы демократиялық мемлекет ретінде қалыптасқан тәуелсіз Қазақстан өз болашағына сеніммен қарайды. Тарихи тұрғыдан алғанда оның қысқа, бірақ оқиғаларға мейлінше толы жылнамасында ірілі-ұсақты жеңістер жетіп артылады. Оның бәрін санамалап шыға да алмайсың.
Мақалада 1984 жылы 44 жастағы Н. Назарбаевтың КСРО-дағы ең жас республика Премьер-министрі болған кезінен бастап сол кездегі барлық саяси-экономикалық мәселелерге жан-жақты баға беріледі. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Қазақстан Компартиясы ОК ХV пленумында сайланған кезеңі туралы да толыққанды әңгімеленеді.
Сонымен қатар, газетте «Астана - дәуіріміздің ұлы жобасы» атты тақырыппен Мемлекет басшысының Астана туралы, елдік туралы ұтқыр ойлары мен ұтымды тіркестері топтастырылып берілген. Ал «Біздің Президент», «Алатаудай асқар, Сарыарқадай дарқан» деген тақырыптармен белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнер майталмандары әр жылдары Елбасымыз туралы айтқан ойлары топтастырылып берілген.
Елбасы тапсырмасымен ашылған сұлу Көкшедегі әйгілі Бурабай бауырындағы республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы еліміздегі бірден-бір орталық ретінде баршаға мәлім. Кеңес кезінде оқу озаты болған үлгілі, өнерлі, белсенді балалар баратын «Артек» лагері сынды тәуелсіз еліміздің «Балдәуреніне» бару - әр бала үшін арман-қиял. Жазғы мезгілде барып қызыққа қаныққан балалар да, жылдың өзге мезгілдерінде «Балдәуренде» білім алып, дертінен сауыққан сырқат балалар мен мүжәлсіз отбасы перзенттері де аталмыш лагерьге екінші рет қайтып барғысы-ақ келеді. Бірақ, мемлекеттік квотаға сай 16 ауысымның әрқайсысында 300-ге тарта оқушыны қабылдай алатын «Балдәурен» балдырғандардың бұл қалауын түсінсе де, орындай алмай жатады, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Бурабайда - «Балдәурен», Кендірліде - «Ақбөбек» атты мақаласында.
Мақала авторының жазуынша, Жыл сайын Жаңаөзендегі 4000-ға жуық балаға республиканың әр аймағына және Қырымға демалу үшін жолдама беретін «Өзенмұнайгаз» АҚ 200-ге жуық мұнайшы балаларын «Балдәуренге» жібереді. Кендірлі туристік аймағынан Маңғыстау мұнайының 100 жылдығына орай ашқан «Ақбөбек» балалар демалыс орталығы жазғы демалыс мезгілінде балаларды қабылдағанмен, жылдың өзге маусымдарында бос. Сондықтан «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың таңдауы «Балдәуренге» түсіпті. «Қазір алғашқы ауысымда көпшілігі Жаңаөзен қаласы мен Жетібай кентінен жиылған мұнайшылардың 7 және 14 жас аралығындағы 200-ден астам ұл мен қызы демалуда. Ойын ойнатып, түрлі ән, өлең үйретіп, жаттығулар жасатуға ысылған «Балдәуреннің» топ жетекшілері бірқатар жаңаөзендік жас мамандар мен студенттерді үйретуде», - дейді «Ақбөбек» балаларды сауықтыру орталығының директоры Жангелді Әмірғалиев.
***
Қазақстан мүше болған халықаралық белді ұйымдардың еліміздің Ата заңына қайшы келетін шешім шығаруына тосқауыл қойылатын болады. Бұл туралы кеше Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов мәлімдеді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Премьер қоян-қолтық жұмыс істеуге уәде берді» деген мақалада.
Басылымның жазуынша, кешегі өткен Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар алдымен Конституциялық кеңестің «Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» есебін тыңдады. Игорь Рогов өз есебінде Еуразиялық экономикалық одақ секілді халықаралық интеграциялық бірлестіктердің «ұлтүстілік реттеуші органдары» қалыптастырылып жатқандығына және бұл құрылымдардың «шешімі барлық мүше елдер үшін міндетті сипатта» болып келетіндігіне тоқталды. Бірақ оларды орындамауға да болады екен, бұл үшін шешімнің Ата заңға, яғни мемлекет пен азаматтар мүддесіне кереғар қабылданғандығын дәлелдеу керек.
Конституциялық кеңестің ұстанымынша, «Ата заңның үстемдігін және тікелей қолданылуын еш сөзсіз және тиісті түрде қамтамасыз ету, конституциялық материалдық және процессуалдық ұйғарымдарды қалтқысыз сақтау - барлық мемлекеттік және қоғамдық институттар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті талап болып табылады».
«Конституцияны бұлжытпай орындау - Қазақстанның табысты дамуының кепілі!» деп түйді И.Рогов.
Жалпы, кешегі бірлескен жиында еліміздің табысты дамуына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланғандығын айта кеткен жөн. «Конституциялық кеңес жолдауынан» кейін қалаулылар Үкімет пен Есеп комитетінің өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, құптады.
Осы орайда сөз алған депутат В.Косарев Үкімет пен Парламентті ары қарайғы достыққа, ауызбіршілікке шақырды. «Әйтпесе, қазіргі әлемде ел ішіндегі қайшылықтарды өршітер тұстарды ұдай іздестіріп, індетіп жүрген күштер бар. Бізге бұған жол беруге болмайды, біз еш себеп бермейміз де!» деген ол қалаулылар көтерген көптеген мәселелердің шешімін Үкіметтің тауып жүргендігін айтты. Парламенттің мұндай сеніміне Премьер К.Мәсімов алғысын білдірді.
- Мен сіздерге қоян-қолтық жұмыс істеуге уәде бердім, - деді Кәрім Қажымқанұлы. - Менің ойымша, біз қазір солай жұмыс жасаудамыз. Бүгін айтылған ұсыныстарыңызды Үкіметтің алдағы отырыстарында егжей-тегжейлі қараймыз. Күзде біз сіздердің алдарыңызға алдағы үш жылдың бюджетінің жобасымен келеміз. Сонда нақты жауаптар көрініс табады.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі туралы әңгіме о баста Нахичеванда өткен Мемлекет басшыларының Саммитінде көтерілген болатын, дейді қоғам қайраткері Әділ Ахметов «Айқын» газетінде жарық көрген «Астана - түркі жұртының төрі» атты мақаласында.
Автордың айтуынша, Бұл бастаманы көтерген - біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Игі бастаманың негізгі мақсаты - түркітілдес мемлекеттерді жақындастыру, мәдениеті, тарихы мен құндылықтары ортақ халықтардың басын қосу. Содан бері Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті жыл сайын өткізіліп отырады. Былтырғы саммит Әзербайжанның Габала қаласында өтті. Саммитте көтерілген мәселе - транспорт жүйесі мен логистика мәселесі. Оның тақырыбын 2012 жылы Бішкекте өткен саммитте Қазақстан Президенті белгілеген болатын. Ал биылғы төртінші саммит Түркияның Бодрум қаласында болды. Төртінші саммиттің де тақырыбын біздің Елбасымыз белгілеген еді. Ол - туризм мәселесі. «Бұл тақырып өте орынды болды деп есептеймін. Себебі әлем экономикасының алып күштерінің бірі - туризм. Көп елдерде қызмет жасадым, сонда байқағаным, Америкада, Батыс Еуропада туризм саласы қарыштап дамып кеткен. Мәселен, бір Англияда туризмге салған бір фунт төрт фунт болып қайтады. Өйткені, ол - экономикаға үлкен үлес қосатын сала. Түркияға жыл сайын қырық миллиондай туристер келеді», - деп жазады Ә. Ахметов.
Кезінде түркі сөзін айтқызбайтын. Жетпіс жылдай түркі ұғымынан айрылып қалдық. Түркі жұрты дегенде тувалықтар, сібірліктер, хакастар ғана еске алынатын. Түркіге қатысты дүниелердің бәрі жасырын болды. Әйгілі түрколог ғалымдар қуғындалды. Олардың еңбектеріне тыйым салынды. Ел егемендік алғаннан кейін түркология ғылымы қайтадан өз орнына келді. Бұл түркология ғылымын дамытуда да Елбасымыздың рөлі айқын. Осы мақсатта Астанада Түркі академиясын ашты. Академия қашанда ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің қайнар көзі болған. Түркі академиясы да қазір түркі әлемін зерттеудің іргелі орталығына айналып келеді. Таяуда «Түркі жазуы» күнін халықаралық деңгейде атап өтті. Тамыры бір, тарихы ортақ халықтардың ұлы тұлғаларын ұлықтап жатыр. Түркі жұртының танымал ғалымдары мен белгілі қоғам қайраткерлері осында жиналуда. Сондықтан Түркі академиясын Астанада ашу арқылы Елбасы тағы да көрегендік танытты. Себебі, академия қайда болса, идея мен ой да, ұсыныс пен бастама да сонда болады. Оның нәтижелері қазірден көрініп жатыр, дейді автор.
Автордың жазуынша, келесі жылы бесінші саммит Елбасымыздың басшылығымен Қазақстанда өтетін болады. Үлкен ұсыныстар жасалуда. Онда экономикалық байланыстарды күшейту мақсат етілуде.
***
«Время» газетінің жазуынша, талдықорғандық «Жетісу» футбол клубының жартылай қорғаушысы сербтік легионер Марко Джалович өте ыңғайсыз жағдайға тап болды. Жетісулықтардың капитаны ел аумағынан заңсыз түрде 35 мың долларды алып шықпақ болған жерінен Алматы әуежайында Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлеріне ұсталған. Мұндай қылмыс үшін жаза да оңай емес, не көп мөлшерде айыппұл төлеу, не болмаса 3 жыл бас бостандығынан айырылу. Бұдан аз мөлшердегі ақшаны заңсыз алып кетпек болғандардың өзіне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Кеденшілер футболшының 25 мың долларын тәркілеген, ал қалған 10 мыңы айыппұл ретінде төленуі мүмкін.
Айта кетейік, Марко Джаловичтің соңғы кезде жолы болмай жүр. Біраз уақыт бұрын ол ауыр жарақат алып, қымбат ота жасатуға мәжбүр болып жүрсе, енді міне, қылмыстық іске тап болды. Бір таңғаларлығы, 4 жыл бойы Қазақстан мен Сербия арасында сан мәрте ұшып жүрген футболшы мұндай жағдайға қалай душар болды? Бұл оқиға Қазақсандағы барлық легионерлерге сабақ болуға тиіс, деп жазады басылым «Удар мимо кассы» деген мақаласында.