Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне 'Студенттік баспана' бағдарламасын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрлігіне 'Студенттік баспана' бағдарламасын әзірлеп, Үкіметке ұсыныс енгізуді тапсырды. Ол бұл тапсырманы аталмыш министрліктің бүгін Астанада өтіп жатқан кеңейтілген алқа мәжілісінде берді.

«Студенттік баспана бағдарламасы бойынша ұсыныс жасаңыздар. Менің ойымша, бізге бұл мәселені түбегейлі шешу керек»,-деп атап өтті Премьер-Министр.

Алқа мәжілісінде баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету айырықша мәселелердің бірі екенін атап өтті. «Әр жоғары оқу орны бұл мәселені шешуге өздерінің қаржысын бағыттауы тиіс. Ал біз Үкіметтен тиісті бағдарламаны әзірлеу бойынша қолдау көрсетуді сұрайтын боламыз»,-деп атап көрсетті Б. Жұмағұлов.