13:56, 27 Сәуір 2009
Премьер-Министрдің блогына жолданған жол полициясы қызметі басшыларының әдепсіз әрекеттеріне қатысты мәселе тексерілуде - ІММ
АСТАНА. Сәуірдің 27-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жол полициясы қызметкерлерінің Премьер-Министрдің интернеттегі блогына жазған мәселелері бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Ішкі істер министрлігіне
қарасты Жол полициясы комитетінің бір топ қызметкерлерінің Үкімет басшысының нитернеттегі блогына арнайы хат жолдап, онда Жол полициясы басшыларының өз қызметкерлерінен арнайы қаржы жинайды деген уәж келтірген. Бұл мәселеге байланысты ақпараттар баспасөзде де жарияланды. Осыған орай бүгін Е.Уәли бүгін аталмыш мәселеленің министрліктің Ішкі қауіпсіздік қызметі тарапынан тексеріліп жатқандығын айтты. «Мен осы тексерулер аяқталғанға дейін қандай да бір мәлімет беру дұрыс емес деп есептеймін. Оның үстіне Премьердің блогына хат жолдағандардың аты-жөндері белгісіз. Олар хаттарын анонимді түрде жазды. Тексеру жұмыстарының қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Дегенмен біз бұл мәселеге немқұрайлылық танытып отырған жоқпыз. Бұл жағдайға қатысы болуы мүмкін қызметкерлер тексеру жұмыстары біткенше шет елге қашып кетеді деген болжам негізсіз. Қазіргі таңда олардың барлығы да өз қызметтерін әдеттегі тәртіппен атқарып жатыр», - деді департамент бастығының орынбасары.