Президент Алатауды жаңа технологиялар тарту орталығына айналдыру міндетін қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда айтты.

Фото: Ақорда

 
Дегенмен Мемлекет басшысы босаңсуға болмайтынын, табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылу керектігін айтты. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді.

– Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Соның ішінде қаржы саласына және «қарқынды дамитын қалаларға» арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды. 

Баршаңызға мәлім, мен жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді, - деді Қ. Тоқаев.

Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

– Алдыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тәжірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын, - деді ел Президенті.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының қатысуымен елдегі әкімшілік әділетке арналған форум өтті. 

Бұған дейін Президент инвестициялық даулардың 80%-ы инвесторлар пайдасына шешілгенін айтқан еді.