Мұндай пікірді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғырту арқылы еліміздің болашағы жайындағы толғанысы түрлі құжаттарда, оның ішінде таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған үштік міндеттің бөлігі деп санаймын. Онда Елбасы жайлы экономиканы және саяси институттық ортаны қоса алғандағы үшінші жаңғыру жайында айтқан еді. Міне, ақыр соңында аталған жаңғыртудың үшінші серпілісі әрі міндеті қоғамдық сана болды. Кез келген саладағы кез келген жаңғыру ең алдымен, адамның сана-сезімінің, дүниетанымының жаңғыруымен басталады деп білемін. Жаңғыру қажеттілігін түсінбей қандай да бір жаңғырудың орын алуы мүмкін емес. Меніңше, Президенттің мақаласы «Мәңгілік ел» гуманистік идеясын жалғастырады және бұл ретте, руханиятқа бұл қазақстандық қоғамның стратегиялық ресурсы ретінде анықтама беріледі», - деді Анатолий Башмаков.
Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының мақаласында білім беру, оның ішінде «мектеп-ЖОО» құрылымының рөлін арттыру жайы да қозғалған. Яғни, тарих, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа құрмет көрсету арқылы өнегелі адам тәрбиелеу қажеттігі баса көрсетілген. Мектепте және жоғары оқу орнында білім алу - бұл ұлт қалыптастырушы процесс. Президент жүктеп отырған қазақстандық бірегейлік, болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыру тапсырмасы білім беру процесі арқылы шешіледі.
А.Башмаковтың айтуынша, Мемлекет басшысының мақаласында 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне де баса мән берілген. Ассамблея 22 жылдың ішінде өз қызметімен қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы рухани мектеп екендігін дәлелдеп берді.
Оның пайымынша, Президент мақаласы еліміздің барлық өңірінде зерделеніп, талқылануы тиіс. Сонымен қатар беделді қазақстандықтардан, нағыз отаншылдардан жасақталған үгіт-насихат тобын құрған жөн.