Президент сайлауы Қазақстанның жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп бере алатындығын көрсетті - Білім беру ісінің үздігі Б.Бағашарова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 26 сәуірде өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауының Қазақстан үшін маңызы туралы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғылыми кітапхана директоры, Білім беру ісінің үздігі Бақытжамал Бағашарова атап өтті.

Оның ойынша, Президент сайлауы Қазақстанның жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп бере алатындығын көрсетті. Сайлау үрдісінде тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысқан ол халықтың Мемлекет басшысын таңдауға қалай ынта-ықылас танытқанын жеткізді.

«Сайлау күні таңертеңнен учаскедегі азаматтар легі толастамады. Жас отбасылар, қарт зейнеткерлердің сайлауға келіп кезекке тұрғаны көңілге еріксіз қуаныш ұялатады екен. Жастар, студенттер қауымы сайлауға лек-легімен келді. Біз мұны жастардың болашаққа деген нық сенімінің дәлелі деп түсіндік. Себебі олардың бойынан отаншылдық рухы сезіліп тұрды. Сайлау учаскесіндегі халықтық бақылаушы ретінде айтарым, сайлау барысында азаматтар өте жоғары деңгейде белсенділік танытты. Ешқандай заң бұзушылық пен заңды теріс пайдалану фактілері тіркелмеді. Президенттік сайлау таза, ашық және заңдылықтарды сақтау аясында өтті. Бұл сайлаудағы азаматтардың жоғары белсенділігі, ең алдымен, заманның күрделі өтпелі кезеңдерінде Қазақстанды жаңа жетістіктерге алып шығатын көшбасшы таңдаудың маңыздылығын түсінгендіктен туындап отыр. Әрбір Қазақстандықтың таңдауы айқын көрінді деп есептеймін. Себебі, халық бірінші кезекте елдің келешектегі әлеуметтік дамуы, елдегі тыныштық пен татулық, күллі қазақ елінің бүтіндігі үшін дауыс берді», - деді Бақытжамал Бағашарова.

Сарапшы атап өткендей, бүгінгі Қазақстан өркендеп қанатын кеңге жаюда. Жаңа жұмыс орындары ашылуда, өнеркәсіп деңгейі көтерілуде. Шағын және орта бизнесті жүргізуде барынша жағдай жасалып, жас отбасылар жеңілдікпен тұрғын үйге қол жеткізуде. Сонымен қатар, жастардың білім алуы мен еңбекке орналасуына орасан зор ықпал етуде.

«Мұның бәрі «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» мемлекеттік бағдарламасында жан-жақты қамтылған. Елбасының салиқалы саясаты елдегі татулық пен тұрақтылықты, халықтар арасындағы достастықты, ел экономикасын көтеруге бағытталған. Мемлекет басшысы қоғамда болып жатқан барлық өзгерістерді қырағы көзбен қадағалай отырып, барлық ресурстарды жұмылдыруға, елді алға қойған мақсатқа - дамыған экономика мен қазақстандықтардың игілігіне дәйекті түрде бастап келеді. Елбасының бастамалары әрбір қазақстандықтың жанына жақын», - деді білім беру ісінің үздігі «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында.