ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУДА ҮКІМЕТ СӘТСІЗДІКТЕРІ: Екінші деңгейдегі банктер ауыл бизнесін несиелендіруге құлықсыз - Ақтөбе облысы

АҚТӨБЕ. 4 қараша. ҚазАқпарат - Екінші деңгейдегі банктер ауылдағы бизнеске несие бөлгісі келмейді.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сияқты тамаша құралы ауыл кәсіпкерлері үшін қол жетімді болмай отыр.

«Бұл мәселе ауыл кәсіпкерлерінің алдынан жиі шығады. Банктер облыс аудандарымен жұмыс істеуге құлық танытпайды. Әрине, қалалықтарға кепіл қою ешқандай қиындықтар тудырмайды ғой. Оған қоса, құжаттарды дайындау, оларды Аймақтық үйлестіру кеңесіне өткізудің өзі көп уақытты алады. Кәсіпкерлердің БЖК бойынша несие алғысы келмейтіндерінің кейбір себебі осындай», - деді «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер қауымдастығы» ҚҰ-ның атқарушы директоры Амантай Бекниязов.

Атап өту керек, бүгінгі таңда өңірде жұмыс жасайтын 15 банктің 3-уі ғана БЖК-2020 аясында ауыл кәсіпкерлерінің жобаларын қарастырады. Кепіл ретінде аудан орталығындағы жылжымайтын мүлік қана қабылданады.

Сонымен бірге, қала кәсіпкерінен гөрі ауыл кәсіпкерінің қаржы және заң саласы бойынша білімі аздау, сол себепті де банктен несие алу ол үшін - үлкен бір жетістік, оған қоса, құжаттарды әзірлеу, ауылдан қалаға жүріп-тұрудың өзі біраз шығынға батырады. Ал Ақтөбе облысында кейбір ауылдар аудан орталығынан 300 шақырым шалғайда орналасқан. Ал аудан орталықтарында банк өкілдеріктері өте аз, тіпті кейбіреуінде мүлдем жоқ.

Президент өз сөзінде айтқандай, «қаржы жүйесі әлі де елдің индустриализациясын тиісті қолдап отырған жоқ. Банк секторында несие берудің 12 пайызы ғана өнеркәсіп саласына бағытталады».