Осы орайда ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ел экономикасының даму болжамдары және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі Үкіметтің қабылдайтын шаралары турасында кеңінен тарқата айтып берді.
- Мәдина Ерасылқызы, қазіргі таңда әлемдік экономиканың жайы қандай?
- 2013 жылы әлемдік экономика бірқатар оң өзгерістерге қарамастан баяу қарқынмен өсіп отыр. Дамыған елдердегі өсім нарықты қалыптастырушы ірі елдердегі, әсіресе, ең алдымен БРИК елдеріндегі (Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай) өсімнің баяулауын өтей алған жоқ. Соның нәтижесінде еңбек нарығындағы сұраныс, инвестиция қысқарып, теңгерімсіздік орын алды. Көптеген қаржы институттары мен ұйымдары 2013 жылға арналған әлемдік экономиканың өсімі бойынша болжамдарын төмендетті. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жаңартылған болжамына сәйкес, 2013 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік ІЖӨ 3,1, ал 2014 жылы 4 пайызға өседі.
- Сыртқы сауда ахуалының нашарлауы жағдайында Қазақстан экономикасының өсімі ненің есебінен орын алуда?
- Экономика өсімі ең алдымен ішкі өсім көздері есебінен қамтамасысыз етіледі. Қазақстан ішкі жалпы өнімінің ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 5,7 пайызға өсімінің негізгі факторларының бірі ең алдымен үй шаруашылықтарында қамтамасыз етілген жоғары тұтынушылық сұраныстың тұрақты болуы болды. Ол көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуінде шешуші рөл атқарды. Осы жылдың 9 айы ішінде көрсетілетін қызметтер өсімі 7,5 пайызды құрап, елдің ІЖӨ-сінде шамамен 70 пайыз үлес қосты.
Қолайлы жағдайлардың бірі инвестиция өсімі болып табылады. 9 айдың ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция 2009 жылғы дағдарыстан кейінгі ең жоғарғы деңгейіне, яғни 7,9 пайызға жетіп отыр. Екінші жағынан алып қарағанда, Индустрияландыру картасына енген жобалар экономиканың түрлі секторларына жаңа инвестициялар тартуға өз септігін тигізеді. 3,5 жылдың ішінде Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 2,1 трлн. теңгені құрайтын 563 жоба іске қосылып, 61 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жыл басынан екінші деңгейлі банктердің экономикаға тұрақты түрде несие құюы да байқалып отыр. 2013 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша банктердің экономикаға құйған несиелерінің көлемі 10,7 трлн. теңгені құрады және 2012 жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда өсім 14,8 пайызға жетіп отыр.
2013 жылдың басынан бергі 9 айдың ішінде өнеркәсіп өндірісінің өсімі 2,1 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 5,5 пайызға артты.
Сонымен қатар экономика өсіміне шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндірісінің өсімі де оң ықпал етіп отырғандығы сөзсіз. Бұл саланы дамыту үшін Үкімет тарабынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында 2010 жылдан бері несие бойынша пайыздық ставкаларды сусидиялаудың нәтижесінде жалпы сомасы 807,8 млрд. теңгені құрайтын 3359 жоба мақұлданып, 145 мың жұмыс орны сақталып қалынды әрі шамамен 40 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Айтпақшы, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері жұмыспен қамтылған халықтың саны 5,9 пайызға немесе 476,5 мың адамға артып, ал жұмыссыздық деңгейі 5,8-ден 5,2 пайызға дейін төмендеді.
- Дегенмен, әлемдік нарықтағы тұрақсыздық біздің экономикамызға да ықпал етеді ғой?
- Ия, шикізат нарығындағы жоғары құбылмалылықтың әрі негізгі сауда серіктестер экономикасындағы тұрақсыздықтың салдарынан әлемдік экономикада сақталып отырған тұрақсыздық Қазақстан экономикасына бірінші кезекте сыртқы сауда көлемінің қысқаруы арқылы теріс әсер ететіндігі шындық. 2013 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 85,9 млрд. АҚШ долларын құрады және де 2012 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 1,5 пайызға төмендеді. Оның ішінде 5,1 пайызға құлдыраған экспорт көлемі 55,2 млрд. долларды, ал импорт 5,7 пайыз өсіммен 30,7 млрд. долларды құрады. Оң сауда теңгерімі 24,5 млрд. долларға тең.
- Үкімет экономика өсімі баяулауының алдын алу үшін қандай шаралар қабылдауда?
- Қолданылып жатқан шаралар отандық экспортшылардың шығындарын өтеу және келісімшарттар жасасу жолымен экспортты алға жылжытуға бағытталған. Ағымдағы жылы экспортты одан ары дамыту мақсатында Ұлттық экспорттық стратегия әзірлеу қолға алынды, оны қабылдау 2014 жылға жоспарлануда.
Экономика өсімінде тұрақты макроэкономикалық ахуалдың да маңызды рөлге ие екендігін қаперде ұстаған жөн. Қазандағы инфляция деңгейі 2012 жылдың желтоқсанына қарағанда 3,6 пайызды, ал 2012 жылдың қазанына қарағанда 4,9 пайызды құрады. Жыл басында антиинфляциялық саясаттағы өсім қарқынының байқалуын ескере отырып, негізгі басымдық азық-түлік тауарларының одан ары қымбаттауына жол бермеуге және тарифтердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге берілді. Бұл 2013 жылғы инфляци деңгейін жоспарланған 6-8 пайыз дәлізінде қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ азық-түлік пен жанармай бағасының өсіміне жол бермеуге, бәсекелесте ішкі нарықты дамыту үшін жағдай жасауға, бағаға ымыраласу мен жосықсыз бәсекелестікпен күресуге бағытталған шаралар да қабылдануда. Табиғи монополия субъектілері тарифтерінің өсімі реттелетін қызметтерге арналған тарифтердің инфляцияға шекті үлесімен шектеледі. 2013 жылға арналған реттелетін қызметтерге тарифтердің үлесі инфляциядағы 1,2 пайыз деңгейінде бекітілген. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерімен ішкі нарықты толық қамтамасыз ету және оның бағасын тұрақтандыру мақсатында бензин мен дизель отынының ай сайынғы шекті баға мөлшері бекітіледі.
- Азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын ұстап тұру бағытында қандай шаралар атқарылуда?
- Азық-түлік тауарлары нарығын реттеу бойынша кешенді шаралар аясында азық-түлік нарығын реттеу үшін құрылған өңірлердегі азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларын қалыптастыру әрі пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл қорлардың негізгі мақсаты - бағаның алаяқтықпен әрі негізсіз өсіміне жол бермеу.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығында гербицидтер, жанар-жағармай, тыңайтқыш сатып алу шығындары, мал шаруашылығында асылдандыру, мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс шығындары субсидияландырылады. Ветеринарияда мемлекеттік ветеринария ұйымдарының қызметі қалпына келтірілді.
- Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің 2013 жылдың қалған кезеңіне арналған болжамы қандай?
- Біздің министрліктің ағымдағы жылғы Қазақстанның ІЖӨ өсіміне қатысты болжамы 6 пайыздық деңгейде қалыптасып отыр. Әлемдік экономиканың және шикізат тауарларына сұраныстың баяу қалыптасуы жағдайындағы экономика өсімі индустриялды-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция көлемінің артуы, Қашаған кен орнынан мұнайдың өндіріле бастауы және халықтың тұтынушылығының өсімі есебінен қамтамасыз етілетін болады. Аталған кезеңдегі ішкі сұраныс орташа есеппен 7,5 пайыздық қарқынмен өседі. Экономика салаларының тұрақты өсімі және тұтынушылық белсенділіктің барынша жоғары болуы қызмет саласындағы өсім қарқынының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
- Сұхбатыңызға рахмет!