Президент зияткерлік меншік мәселелері бойынша заңға қол қойды

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатында әзірленді және бірқатар шара қабылдауды қарастырады, — делінген хабарламада.

Соның ішінде:

— көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған шығармаларды авторлардың рұқсатынсыз және оларға сыйақы төлемей-ақ көпшілік алдында орындауына, таратуына, жалпыға жеткізуіне мүмкіндік беру;

— тауар белгілерін тездетіп тіркеуді енгізу. Қазір тіркеу 7 ай ішінде жүргізіледі. Заң ақылы түрде тіркеу тетігін енгізуде, соның нәтижесінде уақыт 4 айға дейін қысқарады. Бұл тауар белгілерінің иелеріне өз тауарларын нарыққа тезірек шығаруына жағдай жасайды;

— тауар белгісін тіркеуге қатысты шағымдану мерзімін ұлғайту. Қазіргі уақытта шағымдану мерзімі — 1 ай. Заң бұл мерзімді 2 айға ұлғайтпақ.

— авторлар мен құқық иелерінің шағымы бойынша авторлық және сабақтас құқық объектілерін қолдануды әділет органдарының жоспардан тыс тексеруі арқылы мемлекеттік бақылау енгізу көзделген;

— ұжымдық құқықтық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформа енгізілмек.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысу үшін Бішкекке баратыны хабарланды.