Аурухана базасында 2018 жылдан бастап ауруларға генетикалық бейімділікті анықтау, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін NGS технологияларын қолданатын Дербестендірілген геномдық диагностика зертханасы табысты жұмыс істеп келеді. Биыл зертхана Қазақстанда алғашқы болып Даун синдромын жүктіліктің 10-аптасынан бастап 99% дәлдікпен анықтауға болатын пренаталдық тест енгізді.
2018 жылы урология, гинекология және хирургия бойынша операцияларды көмекші-роботпен жасайтын Қазақстандағы халықаралық роботталған хирургия орталығы ашылды.
ҚР ПІБ МО Ауруханасында күрделі ауруларды диагностикалау және бақылау үшін ПЭТ/КТ және БФЭКТ/КТ жабдықталған Ядролық медицина орталығы бар. Мұнда онкологияны анықтау үшін фтор, көміртек және галийге негізделген 7 түрлі радиофармпрепарат шығарылады. Биыл Орталық базасында елімізде алғаш рет онкологияға шалдыққан науқастардың сүйегіндегі метастазды емдейтін бірегей радионуклидтік терапия енгізілді.
Сонымен қатар 2021 жылдан бастап заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған тексерулерден жылдам өтуге мүмкіндік беретін Check-up диагностика бөлімшесі жұмыс істейді.
Аурухана жоғары санатты иелене отырып медициналық қызмет, инновациялық тәсіл мен ұжымның кәсібилігі жоғары дәрежеде екенін тағы бір мәрте дәлелдеп тұр. ҚР ПІБ МО ауруханасы ғылым, білім мен клиниканы ұштастыра отырып Қазақстандағы заманауи медицина эталоны болып қала бермек.