Приозерск дәрігерлері жол апатынан зардап шеккен Қырғызстан азаматының өмірі үшін күресуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Приозерск қаласы орталық ауруханасының медицина қызметкерлері Қырғызстан азаматының өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті шаралар қолдануда, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ағымдағы жылғы 7 тамызда Алматы - Екатеринбург бағытындағы жолда болған жол көлік апаты салдарынан жапа шеккен 1973 жылы туылған Қырғыстан азаматы Ақжол Батырқұловтың өмірін сақтап қалу үшін Приозерск қаласы орталық ауруханасының медицина қызметкерлері барлық қажетті шараларды қолдануда.

Бүгінгі күні науқастың жағдайы тұрақты ауыр болып бағалануда.

Науқаста жабық бас ми жарақаты, бас мидың зақымдануы, екіжақты параорбитальды гематома, сүйектірінің жылжуымен сол жақ қабырғаның жабық сынығы, сол жақ гемопневмоторакс, бет терісінің көптеген сыдырылуы, сол жақ жамбасының шығуы, 3-дәрежедегі травматикалық шок, 1-дәрежедегі кома.

Зардап шеккен азамат қажетті манипуляциялық және дәрілік ем қабылдауда.

Естеріңізге сала кетейік, 7 тамызда Алматы-Екатеринбург трассасында ірі жол-көлік апаты орын алып, салдарынан оқиға орнында Қырғызстанның 2 азаматы қаза тапқан болатын. Көрші мемлекеттің тағы 5 азаматы әр түрлі жарақатпен Приозерск қаласының Орталық ауруханасына жеткізілген. Сол күні зардап шеккен 2 азамат: 1988 жылы туылған Даниярбек Еркебаев және 1974 жылы туылған Гулбайра Атамарзаева өмірге сәйкес емес жарақаттардан қайтыс болды.

Бүгін зардап шеккен 2 азамат: 1991 жылы туылған Канатбек Адилбек және 1988 жылы туылған Гульзина Жусункызы Қырғызстанның санитарлық авиациясымен өз еліне жеткізілді.