Приозерскіде қабырғасы жарылып, апатты танылған көпқабатты үйдің тұрғындары жайғастырылды

ҚАРАҒАНДЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Приозерск қаласында опырылып құлауға шақ қалған, апатты танылған он қабатты үйдің тұрғындарына басқа пәтерлер берілді.

Бұл туралы Приозерск қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Дастан Сәденов айтты.

«Қарағанды Техносервис» ЖШС-нің қорытындысына сәйкес үй ресми түрде апатты деп танылды. Ол қайта қалпына келтіруге жатпайды және жақын арада бұзылатын болады», - деді Д. Сәденов.

Ол мәлім еткендей, бұл үйде тұрған 33 отбасыға басқа баспана берілді.

«23 отбасыға қала әкімдігі уақытша коммуналдық қордан баспана берді. Ендігіде олар тұрақты баспанаға ие болу үшін «апатты үй тұрғындары» ретінде кезекке тұратын болады», - деді Д. Сәденов.

Үйде сондай-ақ қазақстандық және ресейлік бөлімдердің әскери қызметкерлері тұрған. Қала әкімі орынбасарының сөзіне қарағанда, әскери басшылық та баспанаға қатысты мәселені бір жақты етті.