Прокуратура Алматы облысы Алакөл ауданындағы қазақстан-қытай шекарасында Қазақстанның жыртылған Туын тапты

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Дружбин көліктік прокуратурасы Алматы облысы Алакөл ауданының Достық стансысындағы желілік полиция бөлімінің ғимаратында (Достық-Алашаңқай халықаралық шекара өтпесі) Қазақстанның жыртылған Туын тапты.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Дружбин көліктік прокуроры Дәурен Кенбаев мәлім етті.

«Біз мемлекеттік органдардың Мемлекеттік рәміздерді орнату және қолданудың бекітілген тәртібін сақтауын тексердік. Жекелеген мемлекеттік органдардың «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңының талаптарын сақтамайтыны анықталды. Осылайша, Достық стансысындағы желілік полиция бөлімінің қызметінде заңнаманы бұзушылықтар анықталды. Әлібаев көшесі, 14 мекенжайында орналасқан ғимаратта Мемлекеттік Тудың жағдайы мемлекеттік стандартқа сай келмеді, яғни ол жыртылған», - деп хабарлады прокурор.

Бұдан басқа, оның айтуынша, бұзушылықтар Достық стансысындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының құрылымдық бөлімшесінің қызметінде де анықталған: фитосанитарлық бекет ғимаратында Мемлекеттік Ту және Мемлекеттік Елтаңба орнатылмаған.

«Аталған фактілер бойынша Достық стансысындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының құрылымдық бөлімшесіндегі бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар енгізілді, қазіргі кезде олар қарастырылуда», - деп атап өтті Д.Кенбаев.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні және елдің Елтаңбасы мен Туы туралы бірінші заңдарға қол қойылғанына 20 жыл толуы атап өтілуде.