Прокуратура банк төңірегінде дүрлікпе туындатқан кінәлілерді әшкереледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктер төңірегінде дүрлікпе туындатқан адамдар әшкереленді, деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.

Баршаға белгілі, соңғы күндері әр түрлі коммуникациялық құралдар (интернет-хабарламалар, әлеуметтік желілер, СМС) арқылы елдің кейбір банктерінің банкротқа ұшырау ықтималдығы туралы ақпараттар тарала бастады. Бұл хабарламалар салымшылар арасында дүрлікпе туындатып, банк есепшоттарынан ақшаларын жаппай алуларына түрткі болды.

Соның нәтижесінде бұл әрекеттер жүйеқұраушы банктерге елеулі залал келтірді, олар Алматы қаласының құқық қорғау органдарына бұған айыпты адамдарды анықтау және жауапқа тарту жөнінде өтініш жасады.

Прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген тексеру шараларымен «Signum» заң фирмасы» ЖШС-нің иесі Әбілқайыр Маратбекұлы Нақыпов, осы компанияның қызметкерлері Виктория Владимировна Трофимович және Әйгерім Нұртайқызы Адасбаева «ЦентрКедитБанкі» АҚ-ның күрделі қаржылық жағдайы туралы жалған электрондық хабар таратуға қатысты екені анықталды.

Бұл жалған ақпаратты олар бұрын «ЦентрКредитБанкі» АҚ-ның Несиелерді басқару орталығының Алматы аймағы бойынша атқару өндірісі секторының маманы болып жұмыс жасаған Дархан Артурзинұлы Сәбденовтен алған. Аталған банктің банкроттық алдындағы жағдайы туралы оларда ақпарат және оған ешқандай негіз де болмаған. Осы әрекеттерінің нәтижесінде Д.А.Сәбденов пен көрсетілген адамдар «ЦентрКредитБанкі» АҚ-ға елеулі залал келтірді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты 21 ақпанда Алматы қаласының прокуратурасы Д.Сәбденовке қатысты ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-1 бабына сәйкес алдау жолымен мүліктік залал келтіргені үшін жауапкершілікті көздейтін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады.

Сот қаулысымен Д.Сәбденов жоғарыда көрсетілген құқық бұзушылықты жасауға айыпты деп танылды және 20 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан басқа, «ЦентрКредитБанкі» АҚ келтірілген шығынның орнын толтыру жөнінде талап-шағым берді.

Д.Сәбденовке қатысты бұдан бұрын да ҚР Қылмыстық кодексінің 2 бөлімі 251-бабымен (отты қаруларды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сақтау, тарату және жасау) қылмыстық іс қозғалған, белгілі болғандай, қылмыстық қудалау бұдан әрі заңсыз тоқтатылғанын атап өту қажет.

Қазіргі кезде қала прокуратурасының бұл шешімі жойылды және іс қосымша тергеу үшін қылмыстық қудалау органдарына жіберілді.

Банктің қызметі туралы жалған ақпарат таратуға қатысты басқа да адамдарды әщкерелеу және жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда.

Прокуратура азаматтарды және БАҚ өкілдерін бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратудан аулақ болуға үндейді.