ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі ауданы прокуратурасы әкімшілік және азаматтық істер бойынша атқару құжаттарының орындалуына тексеріс жүргізу барысында аға сот орындаушысы И.Сәрсеновтің «Пойма астық қабылдау кәсіпорны» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 19,2 млн. жуық теңге көлемінде мемлекеттік бажды өндіру жөнінде атқарушылық іс қозғағандығын анықтады.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот орындаушысы аталған соманы өндіру бағытында борышкердің иелігіндегі мүлікті бағалау және өткізу бойынша толыққанды шаралар алмаған. Аудан прокуратурасының ұйғарымынан кейін ғана мемлекет пайдасына өндірілді.
Сонымен қатар аталмыш прокуратура ауданда жалпы көлемі 8891 га, кадастрлық құны 121,9 млн. астам теңгені құрайтын 14 жер телімінің мақсатты пайдаланылмай отырғандығын анықтады. Осыған байланысты Теректі аудандық жер қатынастары бөліміне заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс жолданып, соның нәтижесінде 29 млн. астам теңгені құрайтын 4 жер телімі мемлекетке қайтарылды, қалғаны қаралу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).