Радикализмді кім және қалай қаржыландырады: схемалар, құрбандар және жеке жауапкершілік

АСТАНА. KAZINFORM – Радикалды діни ағымдар өздігінен пайда болмайды. Олардың жалғасуына нақты қаржы көздері, адамдар мен түрлі тетіктер ықпал етеді. Jibek Joly телеарнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасында осы мәселелер талқыланды.

Фото: Видеодан скрин

Әдетте радикализм көбінесе діннің бұрмаланған идеялары деп айтылады. Алайда кез келген идеяның, әсіресе жаппай таралуға ұмтылған ағымның, көзге көрінбейтін екінші қыры бар – оны алға жылжытатын қаражат, тамыр-таныс және қолдау арналары.

Қазір Қазақстандағы жағдай біршама тұрақты. Радикалды ағым өкілдері ұйымдастырған соңғы террорлық шабуыл 2016 жылы Ақтөбеде тіркелген еді. Осы он жыл ішінде лаңкестік әрекеттердің болмауы және күштік құрылымдардың жүйелі жұмысы нәтижесінде Қазақстан 2025 жылы Аустралияның Экономика және бейбітшілік институты әзірлеген Жаһандық терроризм индексінде әлемдегі ең қауіпсіз елдердің қатарына енді.

Алайда бұл қауіптің толық сейілгенін білдірмейді. Радикалды топтар әлі де өз ықпалын жүргізіп, ықпалын кеңейту үшін қаржы мен қолдау көздерін іздеуді тоқтатқан жоқ.

Діни сенімнің «бағасы»: Радикализм қалай қаржыландырылады

Радикалды ағымдарды қаржыландыру туралы сөз болғанда, көпшілік тыйым салынған шетелдік ұйымдардан келетін ірі ақша аударымдарын елестетеді. Алайда мамандардың айтуынша, қазір бұл процестер анағұрлым күрделеніп, түрлене түскен. Қолма-қол ақша, түрлі аударымдар, қайырымдылық қорлары секілді қалыпты көрінетін құралдардың өзі кейде мүлде басқа мақсатқа қызмет етіп жатады.

Фото: видеодан алынған скрин

— Бүгінде радикалдануға немесе экстремизмге ашық түрде үндейтін әрекеттер байқалмайды. Дегенмен мұндай бағыттағы жасырын белгілер бар. Оны әлеуметтік желілерден көреміз. Шетелдік, халықаралық деңгейдегі орыс тілді уағызшылар түрлі идеяларды таратып жүр. Оның ықпалы біздің азаматтарға да тиіп жатыр, — дейді дінтанушы Әли Үкенов.

2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін сырттан келетін қаржыландыру арналарының басым бөлігі жабылған. Сарапшылардың сөзінше, қазір радикалды топтарға түсетін қаражаттың негізгі бөлігі ел ішінен жиналады. Ал мұндай топтардың өзі қоғамнан оқшауланып, жасырын әрекет етуге көшкен.

— Қаңтар оқиғасына дейін қаржыландырудың көбі шетелден келетін. Кейін ол арналардың басым бөлігі тоқтатылды. Қазір бұл радикалды топтар қоғамнан шет қалып, ықпалы әлсіреген. Сондықтан қаржыландырудың негізгі бөлігі сырттан емес, ел ішінен түсіп жатыр, — деп толықтырды дінтанушы.

Қайырымдылық қорларын желеу ету

Бүгінде кең таралған схемалардың бірі — қайырымдылық қорлары атынан ақша жинау. Донорларға қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын тексеру өте қиын. Тіпті жиналған ақша мұқтаж жандарға жетсе де, ол экстремистік көзқарастағы адамдардың отбасына кетуі мүмкін: олардың асыраушылары радикалды идеялар үшін соғысқа кеткен болуы ықтимал.

Фото: видеодан салынған скрин

Сарапшылар қайырымдылық қорын таңдаудағы ең басты талап ретінде ашықтықты атайды.

— Сіз ол ұйымның қандай компания екенін, ресми тіркелген-тіркелмегенін, Әділет министрлігінде тіркеуі бар-жоғын білуіңіз керек. Ресми сайт, жылдық, айлық немесе апталық есебі бар ма? Қаражат қайда және қалай бөлінеді? Егер мұның бәрі нақты көрсетіліп, күрделі схемаларсыз 10 беттік PDF есеппен түсінікті түрде берілсе — мұндай ұйымдарға сенуге болады. Ал егер ақпаратты жасырып, «көп сұрақ қойма, сен оны Құдай разылығы үшін бердің» деп қысым жасаса, бұл манипуляция белгісі, мұндай жағдайда қаражат жіберуді тоқтату керек, — деп атап өтті Ә. Үкенов.

Көмек пен сыбайластықтың ара-жігі қайда

Осы тұста заңды сұрақ туындайды: егер адам қаражатты шын ниетпен «игі іске» деп аударса, ол «терроризмді немесе экстремизмді қаржыландыру» бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін бе? Өз кінәсінің жоқ екенін қалай дәлелдеуге болады?

Фото: видеодан алынған скрин

— Мәселенің өте нәзік ара-жігі мынада: адам тіпті 100 теңге берсе де, оның қайда жұмсалып жатқанын түсінуге міндетті. Егер түпкі мақсатты білсе, бұл оның саналы таңдауы, ал егер білмесе — жауапкершілік өзіне де, мұндай қаржы ағындарын тоқтатуы тиіс органдарға да жүктеледі, — дейді Республикалық сот сарапшылары палатасының мүшесі Роза Акбарова.

Р. Акбарованың айтуынша, құқық қорғау органдары әдетте шын мәнінде алданған адамдардың жағдайын ескереді: мысалы, таныстары немесе жақындары ақшаны емделуге не баспанаға керек деп сендіріп алып, кейін оны басқа мақсаттарға пайдаланған жағдайларда түсіністік танытады. Мұндай істер әдетте сараптамаға да көп түсе бермейді.

Атышулы схемалар мен қылмыстық істер

Ақпарат құралдарында түрлі қайырымдылық қорларының жиналған қаражатты иемденіп алғандар туралы оқиғалар бірнеше рет жазылды. Соның айқын мысалы – Перизат Қайрат ісі. Ол Палестинадағы әйелдер мен балаларға көмек жинау науқанын ұйымдастырып, жиналған қаражаттың 98 пайызын өз қажеттілігіне жұмсаған деген дерек бар. Осылайша адамдардың діни сезімі манипуляция құралына айналған.

Бұдан бөлек, көзге түсе бермейтін жағдайлар да бар. 2025 жылы Алматыда бір азамат TikTok және басқа да әлеуметтік желілер арқылы бірнеше жыл бойы қаражат жинағаны үшін ұсталды. Ол бұл ақшаны жазасын өтеп жатқан адамдарға көмек деген желеумен жинаған.

Фото: видеодан алынған скрин

– Ол жаңа қор ашып, мұның оңай ақша табудың жолы екенін түсінген. Кейін ауқымды жоспарын – Ирак түрмелерінде өмір бойына сотталған, ИГИЛ құрамына қатысқаны үшін жазаланған қазақстандық әйелдерді босатып алатынын жариялаған. Аз ғана уақытта шамамен 50 миллион теңге, бәлкім одан да көп қаражат жинап үлгерген. Есеп ретінде 100-200 доллар көлеміндегі төлемдерді көрсеткен, яғни ақшаны сол жаққа жолдап жатырмын деп көрсеткен. Алайда Сыртқы істер министрлігі олардың құнын төлеу мүмкін еместігін мәлімдеді. Кейін бұл адам алаяқтық фактісі бойынша ұсталды. Жиналған қаражат Астана мен Алматыдан жылжымайтын мүлік сатып алуға, қымбат көлік алуға және жеке басының қажетіне жұмсалған, – деді AQNIET ақпараттық-насихат және оңалту орталығы қоғамдық қоры директорының кеңесшісі Әлім Шәуметов.

Осыған ұқсас тағы бір жағдай Қытай аумағындағы қазақ мұсылмандарына көмек жинау деген желеумен байланысты болған. Ұйымдастырушы діни қысым туралы әсерлі сөздер айтып, қаражат жинағанымен, ол ақшаны жұмыс істемей-ақ өз отбасын асырауға жұмсаған.

– Адамдар көбіне мұндай сөздерге аңғалдықпен сеніп қалады. Бірақ бұл – қоғамдық сананы манипуляциялау, нақтырақ айтқанда діни наным-сенімге әсер ету. Мұның келесі сатысы радикалдануға әкеп соғуы мүмкін, – дейді Р. Акбарова.

Зерттеушілер радикал құрылымдарды қаржыландыратын адамдарды үш топқа бөледі:

  • Эмоциялық донорлар — бір сәттік әсерге беріліп, бір рет аз-маз қаражат жіберетін адамдар. Кейін бұл әрекетін қайталамауы мүмкін.
  • Жүйелі «он пайыз берушілер» — белгілі бір топқа кіріп, ай сайын табысының 10-15 пайызын жетекшіге тапсыратындар. Бұл көбіне ауызша келісіммен жүреді, ешқандай ресми құжат болмайды.
  • Көлеңкелі менеджерлер — «әділ әрі жарқын болашақ» идеясына шын сеніп, тұрақты түрде қаржы құйып отыратындар.

Радикал топтар осал адамдарды әдейі іздеп, нысанаға алады. Мамандардың айтуынша, үгіт-насихатқа еріп кету қаупі жоғары бірнеше санат бар.

— Ең алдымен біз әрдайым жастарды атаймыз. Олар енді ғана ересек өмірге қадам басып жатады. Тәжірибесі де, тұрақты қаржысы да жоқ. Кейде үлкендердің қысымын да сезінеді. Мұның бәрі жас адамның тезірек өз орнын тауып, өзін танытуға, қолдау көрсететін ортаны іздеуіне себеп болады. Осындай сәтте өз рөлін үгітшілер атқара бастайды. Келесі санат – жалғызбасты адамдар. Ауылдан қалаға көшіп келгендер бар, қазір тіпті бір подъезде тұратын көршімізді де танымаймыз. Ал қарт адамдарға да қолдау мен күтім қажет. Сондай-ақ мінез-құлқында ауытқуы бар, «әлемді өзгерткісі келетін» адамдар да осындай ықпалға бейім келеді, — дейді Әли Үкенов.

Фото: видеодан алынған скрин

Саналы түрде қаржыландырудың себептері

Сарапшылар белгілі бір мақсатпен қаржы бөлетін адамдар арасында бірнеше психологиялық типті де атап көрсетеді.

– Біздің тәжірибеде ең жиі кездесетіні – «күнәдан арылғысы келетіндер». Көп жағдайда мұндай адамдар діни қағидаларға сай келмейтін өмір сүрген – қылмысқа араласқан, зиянды әдеттері болған немесе өзін ауыр күнәһар санайды. Радикалды топ жетекшілері оларға «қаржылай көмек беру – күнәдан арылудың ең оңай жолы, осылайша Алла сені кешіреді» деген ойды сіңіреді. Сондай-ақ «әділетке инвестиция салушылар» бар, олар жарқын әрі әділ болашақ орнайды деп сеніп, қаржы құяды. Ал тағы бір топ – мәртебе іздейтіндер. Қаржылық мүмкіндігі бар мұндай адамдар жамағат ішінде тез бедел жинап, құрметке ие болғысы келеді, – деп атап өтті Әлім Шәуметов.

Ерікті қаржы берушілерден бөлек, психологиялық ықпалға түскен адамдар да бар. Олар топ мүшесі екенін сезіну үшін және ортадан шеттетіліп қалмау үшін тұрақты түрде ақша беруге мәжбүр болады.

Бөлек қолданылатын тәсілдердің бірі — жас, діндар қыздардың сезімі мен эмоциялық тәуелділігін пайдалану. Әуелде оларға көңіл бөліп, қолдау көрсетеді, отбасы, руханият пен қамқорлық жайында әңгіме айтады. Біртіндеп сенім орнап, ол адамның көзқарасын қабылдауға, кейін қаржылай көмек сұрауына ұласады.

Әрбір қысым көрсетудің артында — мейлі ол қорқыныш, парыз сезімі немесе махаббат болсын, әрекетті «рухани тұрғыдан ақтау» әрекеті жатады. Ол үшін діни мәтіндер, контекстен жұлып алынған жекелеген дәйексөздер пайдаланылады.

Фото: видеодан алынған скрин

Адам санынан ақша маңыздырақ: неліктен қаржыландыруға мән беріледі 

Қазіргі уақытта радикалды құрылымдардың қызметінде жақтастар саны емес, тұрақты қаржыландыру шешуші рөл атқарады. Дәл осы қаржы олардың идеологиясын таратуға, ақпараттық желілер құруға және жаңа адамдарды тартуға мүмкіндік береді.

Соңғы екі жылда Қазақстанда қаржы ағындарын бақылауды күшейтуге, заңсыз табысты жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы күресті қатайтуға бағытталған заңнамалық өзгерістер болды. Негізгі шаралар жауапкершілікті күшейтуді, түпкілікті меншік иелерімен жұмыс тәртібін нақтылауды, қаржы нарығын реттейтін органдардың функцияларын жаңартуды және FATF-тің халықаралық стандарттарына сәйкестендіруді қамтиды.

2026 жылы 12 шілдеден бастап қылмыстық табысты заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы бірыңғай цифрлық жүйеге микроқаржы ұйымдары міндетті түрде қосылады.

Радикализмді қаржыландыру тек ірі көлемдегі қаражат пен күрделі схемалардан тұрмайды. Кейде бәрі елеусіз көрінетін шешімдерден басталады: қайырымды іске деп жасалған аударымнан, күмән тудырмайтын ақпарат көзіне сене салудан немесе сұрақ қойылуы тиіс жерде үнсіз қалудан. Үлкен процестер дәл осындай әрекеттерден құралады. Сарапшылар радикализммен күрес тек мемлекет деңгейінде емес, әр адамның жеке жауапкершілігінен де басталатынын еске салады.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи теріс діни насихатқа қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынған еді.