– Астанаға үш жыл бұрынғы сапарыңыздан бері Қазақстан мен агенттік арасындағы серіктестік айтарлықтай тереңдеді. Қазіргі өзара қарым-қатынасты қалай бағалар едіңіз?
– Иә, шүбәсіз солай. Мұның себебі бюрократияда емес, керісінше Қазақстан ядролық бағдарламасында, шын мәнінде, алға жылжып келеді. Астанаға 2023 жылы келгенімде, азаматтық ядролық энергетиканы дамыту жөнінде бірқатар мәлімдеме жасалғанына куә болдым. Президент ұлттық референдум өткізу жөнінде ниетін айтқан еді. Енді сол іс жүзінде орындалғанын көріп отырмыз. Бағдарлама біртіндеп жүзеге асып жатыр. Демек, Қазақстанмен осы және өзге бағыттардағы бірлескен жұмысымыз қарқын алып, кеңейе бермек.
Қазақстан уран өндірісінде маңызды рөл ойнайды. Мұндағы төмен деңгейде байытылған уран банкі елдің маңызын арттыра түседі. Сонымен бірге, республикада бірнеше атом электр станциясы пайда болмақ. Олар өзара серіктестігіміздің ауқымын еселейтіні түсінікті. Бұл – бір.
Екінші себеп, меніңше, халықаралық жағдаймен байланысты. Қазақстан, әсіресе Президент Тоқаев сирек қабілетке ие, яғни барлық тарап үшін қолайлы серіктес. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстанның бастамаларына қандай қолдау көрсету керек екенін және алдағы қадамдарды нақтылап алу маңызды. Бұл жерде әңгіме бірнеше жоба жөнінде болып отыр: екі атом электр станциясы, сондай-ақ, шағын модульдік реакторлар. Мұның бәріне, әрине, агенттіктің атсалысуы мен қолдауы керек.
– Өткен жылы Қазақстан агенттіктің Қиыршығыс өңірлік тобына қосылды. Бұл шешім қабылдаудың негізгі органдарына, соның ішінде Басқарушылар кеңесіне қатысуға жол ашуы мүмкін. Егер аталған кеңестен өз орнын алса, Қазақстанның агенттікті және жаһандық ядролық күн тәртібін басқарудағы үлесі қандай болмақ?
– Меніңше, бұл – ақылға қонымды қадам. Әлемнің соншалықты тез өзгеретінін ескерсек, аймақтық механизмдер жаһанның шынайы бейнесін көрсете алмайды.
Біз оңтайлы шешім қабылдадық. Менің ойымша, ядролық салада аса маңызды рөл ойнайтын ел агенттіктің басқарушы органдарында өз орнын алуы қажет.
– Қазақстан қазір халықаралық серіктестерімен бірге алғашқы атом электр станцияларының құрылысына әзірленіп жатыр. Агенттіктің көзқарасымен қарасақ, жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңдерінде қандай факторларға баса мән берген жөн?
– Қазірдің өзінде Қазақстанның айтарлықтай артықшылықтары бар. Атом энергетикасын дамытуды енді бастаған көптеген елде институттарды нөлден бастап құрып, реттеуші органдарды қалыптастыруға тура келеді. Ал Қазақстан айрықша жағдайда тұр: маңызды ядролық мұрасы, соның ішінде Каспийдегі атом электр станциясын пайдалану тәжірибесі бар.
Сонымен бірге, Қазақстан - әлемдегі ең ірі уран өндіруші әрі өңдеушінің бірі. Сол себепті, жетіспей тұрған жалғыз элемент – атом электр станциялары. Өйткені, бұл салада мемлекеттің тәжірибесі мол.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік АЭС салып жатқан елдерге кеңес беру, сарапшылық тексеру секілді қызметтер ұсынады. Соның арқасында жобаны іске асыру қаншалықты дұрыс жолда келе жатқанын бағамдауға болады.
– Бұл тәжірибе жүзінде қалай болар екен?
– Мысалы, атом электр станциясын лицензиялау – аса мұқият зерделенетін үдеріс. Оның аясында әр жүйе, құрылымның әр элементі, құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуі – бәрі-бәрі жіті тексеріледі. Бұл – жүйелі әрі егжей-тегжейлі жұмыс.
Біз мемлекеттерге арнайы қызмет көрсетіп, соның арқасында олар өздері де тексеріс жүргізетін, дұрыс не бұрыс жолда екенін анықтайтын деңгейге жетеді. Содан соң, эксплуатацияға дейінгі кезең келеді, яғни станцияны іске қосуға дайындық басталады. Бұл театр премьерасының алдындағы ең ақырғы, ең үлкен репетиция іспетті. «Бәрі дайын ба? Объектінің жұмысын бастауға бола ма?» деген сұрақтарға жауап табылады. Міне, агенттік мемлекеттерге осындай қызмет көрсетеді. Біз Қазақстанда да осы бағытта жұмыс істейміз.
– Демек, агенттік бізді әр кезеңде қолдап, сүйеп отырады ғой?
– Дәл солай. Бұған дейін атом энергетикасын енгізіп не қайтарып жатқан өзге де елдерде мұндай жұмыстарды сәтті атқардық. Сол арқылы үдерістің қауіпсіздігі мен сенімділігіне кепілдік береміз.
– Атом энергетикасы саласындағы жобалар энергетикалық инфрақұрылым ретінде ғана емес, аймақты анағұрлым кең ауқымда дамытушы фактор ретінде де қарастырылады. Халықаралық тәжірибеде бұған мысалдар бар ма?
– Атом энергетикасы – елді индустрияландыратын индустрия. Себебі, ядролық салада әртүрлі бағыт тоғысады: методология, жасанды интеллект, инженерия, пайдалы қазбаларды өндіру, математика, химия. Ол басқа ешбір энергия көзіне ұқсамайды әрі технологияларды тартатын айрықша орталық.
Егер жер қойнауынан алынатын жанармайға немесе жаңартылатын энергияға назар аударсақ, бәрі де өте қарапайым. Қуат алу үшін әлденені жағу керек не табиғат ресурсы қолданылады. Ал ядролық энергия – адам санасының жетістігі, яғни табиғатта кездеспейтін нәрсені жасап шығу деген сөз. Ол үшін интеллектуалдық ресурс, яки білімді, қабілетті азаматтар керек.
Сол себепті, мыңдаған инженер, оператор мен дәнекерлеушілер сияқты басқа да мамандық иелері бір ортақ мақсатқа бірігуі тиіс. Қазақстан технологиялық базасын кеңейтіп әрі әртараптандырып жатыр. Бұл басқа да көптеген салаға оң әсерін тигізеді.
Мәселен, бірталай дамушы елде ядролық сектордың арқасында Жер серігі технологиялары, ғарыш сияқты алдыңғы қатарлы салалар дамыған. Сондықтан Қазақстан үшін зор мүмкіндіктердің есігі ашылып жатыр деп айтуға болады.
– Қазақстан уран жеткізуші мәртебесі шеңберінен шығып, толыққанды ядролық циклды дамытуға мүдделі екенін бірнеше рет мәлімдеді. Ядролық жанармай циклы, алдыңғы қатарлы ядролық технологиялар, ғылыми зерттеулер, кадр даярлау тәрізді мәселелерде Қазақстанды қолдауда агенттіктің рөлі қандай болмақ?
– Кадр даярлауды атап өткеніңіз өте дұрыс. Кәсіби әлеуетті дамыту – негізгі міндет. Осыған дейін айтқанымның бәрін де мықты адами базасыз, білікті мамандарсыз жүзеге асыру мүмкін емес.
Агенттік мұндай жұмысты кадр даярлау және оқыту бағдарламалары, білім беру бастамалары, стипендиялар мен тағылымдамалар арқылы ұйымдастырады. Маңызды жайттардың бірі – агенттік халықаралық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Біз бұл қызмет халықаралық талаптарға толықтай сай және жергілікті халыққа қауіпсіз болуына атсалысамыз. Одан бөлек, кеңес беру механизмдері арқылы сала қатысушылары арасында байланыс орнауына көмектесеміз.
Мысалы, мен Вена тобын құрдым. Оған Kazatomprom да мүше. Бұл алаңда әлемдегі ең ірі компаниялар бейресми диалог жүргізіп, серіктестік орнатады, тәжірибе алмасады.
Осылайша, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік – ядролық саланың жаһандық орталығы. Онда реттеушілер, өндірушілер, компаниялар мен үкіметтер кездеседі. Әрине, ядролық бағдарламаны агенттіктің қолдауынсыз да өркендетуге болады. Алайда ешкім олай істемейді. Өйткені, агенттікпен серіктестіктің маңызы орасан. Сондай-ақ, бұған дейін айтқанымдай, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік пен Қазақстан – нағыз достар.
Айта кетейік, бұған дейін АЭС құрылысына қажет мамандар енді «Болашақ» арқылы даярланатынын жазғанбыз.