Алла Тағала пенделерге міндет еткен бес парыздың бірінен саналатын - ораза ғибадаты жайында Астана қаласындағы Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мешіттің бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев әңгімелейді.
- Бақтыбай Қыдырбайұлы, өткен жылы қасиетті Рамазан айы қыркүйектің 1-інен басталып, ораза тұту мерзімі 29 күнге созылған еді. Биыл ораза уақыты қай мезгілге сәйкес келіп тұр?
- Мұсылмандық күнтізбе бойынша әр жылғы ораза оның алдыңғы жылғы ораза уақытынан он, он бір күнге бұрын ұсталады. Яғни биыл, рамазан айының бірінші жұлдызы тамыздың 21-іне сәйкес келіп тұр. Тамыздың 21-ші жұлдызында басталған ораза қыркүйектің 19-ында тәмамдалып, толық отыз күн тұтылады. Сәресін таң намазының уақытынан 10-15 минут бұрын ішкен абзал. Ауызды, ақшам намазы кірген болса, әуелі сәл нәрсемен болса да ашып, іле намаз оқылады. Ораза ұстаған адамға ауызды құрма не сумен ашу - сүннет.
- Ораза ұстаудың маңыздылығы, берер пайдасы мен сауабы жөнінде айтып берсеңіз?
- Рамазан - араб сөзі, түбірі «рамзау» - «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», - деп түсіндіреді. Сондықтан, Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға негіз бар.
Ораза адам баласын жұмсақтық пен мейірімділікке, бауырмалдық пен сабырлылыққа тәрбиелейтін, жыныстық нәпсіні тиятын ғибадат. Термизи кітабында: «Ораза - сабырлылықтың жартысы» деп айтылса, Ибн Масуд (р.а.) «Сабырлылық - иманның жартысы», - деген хадис жеткізген. Ораза - кісі мінезіне мін келтіретін барлық жаман әдеттен айықтыратын ғибадат.
Біле білсеңіздер, ораза ұстау жаңа бір ғибадат емес, дінтанушы ғалымдардың айтуына қарағанда, ораза барлық діндерде, тіпті, илаһи діндерде бұрыннан бар екен. Бірақ ораза ғибадатын орындау оларда әртүрлі. Мысалы, көне мысырлық балгерлер жылына жеті күннен жеті аптаға дейін ораза ұстапты. Қытайлықтар болса бастарына бір іс түскенде өздерін ораза ұстауға мәжбүрлеген. Кейбір қытайлықтар мен тибеттіктер оразаны жиырма төрт сағат ұстаған екен, гректер де әйелдерін көбірек ораза ұстауға міндет еткен. Сол сияқты юнондық тайпалар оразаны соғыс бастамас бұрын, бірнеше күн қатарынан ұстаса, римдіктер мен итальяндықтар жауға қарсы шабуылда жеңіске жетудің бірден-бір амалы - ауыз бекіту деп санаған.
Басқа ғибадаттарға қарағанда, оразаның сауабы тым көп болғандықтан, санмен шектелмейді. Сол үшін Алла Тағала: «Оразаның сауабын өзім берем, яғни сауабының көптігі маған ғана аян», - дейді. Мінажат етушінің оразадан басқа жасаған ғибадат амалдары, оның еркінен тыс сырт көзге көрініс береді. Мәселен, намаз оқыса, оны басқалар көреді, «намаз оқиды» екен деседі. Зекет бергенде оны жоқ дегенде садақа алушы біледі. Қажылық та көпшілікпен атқарылатын амал болғандықтан, ол да байқалады. Тіпті, бүгінгі күнде қажыға барғандар атына «пәленше қажы» деп айттыруды әдетке айналдырған. Ал ораза ұстаған адам ешкім көрмейтін - сәресі уақытында тұрып ауызын бекітіп, күні бойы басқалардан айырмашылығы білінбей жүреді. Тек Алладан қорыққаннан, тек Алланың ризашылығы үшін оны ниетпен соңына дейін жеткізеді. Сондықтан да Алла: «Оразаны пендем Мен үшін ұстайды», - дейді.
- Алла Тағала бір ай бойы тамақтан тыйылудың, ең алдымен, адамдардың өздеріне тигізер пайдасы мол екенін айтқан. Оразаның ағзаға медициналық тұрғыдан келтірер пайдасына тоқталсаңыз?
- Иә, бір ай бойы өзін тамақ ішуден шектеудің көптеген дерттерге пайдасын медициналық зерттеулер дәлелдеп берді. Біріншіден, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтіп, көптеген сырқаттарға қарсы тұру қабілетін арттырады. Екіншіден - семіздік пен оның салдарынан сақтайды. Әдетте семіздікке ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы алып келеді. Ал ас қорыту мүшелерінің бұзылуына әкеп соқтыратын бірден-бір факторлар - қоршаған орта, жан күйзелісі мен қоғамдық қысым. Ораза уақытында құлшылық ете отырып, Аллаһқа бағыштап зікір жасау, құран оқу - ашу мен шиеленістен өзін алыс ұстатады, денесі мен рухының барлық күш-жігерін пайдалы және оңды бағытқа салады. Үшіншіден - бауырда тастардың жиналуынан, қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Төртіншіден, жыл бойы үздіксіз тамақтану, әсіресе консервіленген және жартылай фабрикатты тағамдарды қолдану, дәрі-дәрмектер ішу мен ластанған ауа салдарынан денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғайды. Сондай-ақ, жыныстық құштарлықты басып, реттейді.
- Ауыз бекіткен жандар кей жағдайда оразаны бұзатын және бұзбайтын мәселелерге қатысты шатасып жатады. Осы жағын айқындап берсеңіз?
- Ауыз бекіту - тамақ және сусын ішуден, сондай-ақ жыныстық қатынастан таң атқаннан күн батқанға дейін тыйылу болып табылады. Ораза кезінде ұмытып су ішіп немесе тамақ жеп қойса, ораза бұзылмайды. Мұндай кісі аузы берік екендігі есіне түскен сәтте лезде ішіп-жеуді доғаруы шарт. Ал егер «тамақ жеп қойдым, енді оразам ашылып кетті» деген оймен аузын ашып жіберсе, оразаның қазасын (өтемін) тұтып беруі парыз болады. Сондай-ақ түкірікті жұтқанда, әйелінің денесіне қолын тигізген және сүйген жағдайда ораза бұзылмаған болып есептеледі. Алайда кісі бойынан мәни (ұрық) шығатын болса ораза бұзылады. Сондықтан, өз құмарлығын тежей алмайтын және бақылап тұра алмайтын кісілер әйелін құшақтау және сүю секілді әрекеттерден сақтанғаны дұрыс. Сонымен қатар дәрі-дәрмек ішу, қантамырға дәрі егу оразаны бұзады. Ал дененің сыртына, жара үстіне йод, май секілді дәрі-дермек қолдану оразаны бұзбайды.
- Денсаулық жағдайына, не басқа да себептерге байланысты ораза ұстай алмайтындарға Рамазан айында парыздарын қалай өтеуге болады?
- Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі саналады. Рамазан айына аман-есендікпен жеткен, өзін мұсылман санаған балиғат жасындағы адамға ораза ұстамау - үлкен күнә саналады. Ал рамазан айы кезінде науқастанған кісіге оразасын ауруынан айыққан соң, жолға шыққан кісі болса, сапардан оралғаннан кейін өтеу міндет. Жолаушы кісі ағзасына ауыр көрмесе, сапарда жүріп те ораза ұстауына болады.
Ал ауруларынан айығу үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт кісілер міндеттерінен әлеуметтік әлсіз жандарға фидия төлемін берумен құтыла алады. Фидия - міскін мұсылманға күніне екі рет тамақ беру. Фидияны күнде беріп отырса да, яки бір мезгілде алпыс міскінге тамақ беріп құтылса да болады.
- Ауыздары берік жандарға ауызашар берудің сауабына тоқталып өтсеңіз?
- Шын ниетпен Алла ризашылығын үміт етіп, дастархан жайып ораза тұтқандарға арнап ауызашар беру - сауабы мол амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді»,-деген. Аузы берік адамға бір құрма немесе зәйтүн тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді. Хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған.
- Рамазан айына ғана тән Тарауих намазы туралы Алла Тағала Құран Кәрімде үмбеттеріне нендей бұйрықтар жасаған?
- Рамазан - он екі айдың ішіндегі ең абзалы, ең қадірлісі. Өйткені осы айда Алланың күллі адамзатқа жіберген кітабы - Құран Кәрім түсірілді. Мұсылмандарға рамазан айында қасиетті Құранды көбірек оқу және оны бір хатым жасау - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сондықтан, осы айда мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі. Тарауих намазында қасиетті Құранды толығымен жатқа айтатын хафиз қари ер кісі жамағаттың алдына шығып, имандыққа өтеді. Тарауих сөзінің мағынасы «тынығу», «демалу», «рахаттану» деген мағыналарды білдіреді. Тек рамазан айына тән бұл намаз түрі 20 рәкәттан тұрады және ол оразаның әр күнінде құптан намазынан кейін, үтір намазынан бұрын немесе кейін оқылады. Пайғамбар (с.ғ.с.) сондай-ақ: «Кім рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», - деген. Тарауихты мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады.
- Жаратушыға жақындай түсу үшін мұсылмандарға нәсіп етілген амалдардың тағы бірі - таң атқанша көз ілмей, Алла тағала атына мадақ айтып, дұға бағыштап, Қадір түнін атқару болып табылады. Қадір түнін қадір тұтуымыздың себебі неде?
- Қадір түнінде адамзатты Алла жолына алып баратын - Құран Кәрім түсті. Бұл жайлы арнайы «Қадір» сүресі де түскен. Әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті. Бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген», - деген сөздері бұл мүбәрак түннің қасиетін аңдатып тұр. Алла елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде қадір түнінің қасиеті жайлы: «Кімде-кім сауабын тек қана Алладан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», - деп айтқан. Қадір сүресінде аталған түнде жасалған құлшылық сауабы мың ай (мың ай - 83 жыл, 4 айға тең келеді) жасаған ғибадатқа тең екендігі айтылған. Мүбарак ай ішіндегі берекетті, сауабы мол, дұға-тілек қабыл болатын түнді әрбір мұсылман құлшылықпен өткізері шүбәсіз. Биыл Қадір түні қыркүйектің 15-інен 16-сына қараған түнге сәйкес келіп тұр.
- Рамазан айында мол сауапқа кенелудің тағы бір жолы - пітір садақа беру. Биыл садақаның мөлшері қанша болады?
- Пітір садақа - адам болып жаратылғанымызға шүкіршілік ету және мол сауапқа кенелу мақсатында берілетін Рамазан айына тән садақа. Бұл садақаны Ораза айтының таңы атысымен мұсылман баласының мойнына уәжіп етіледі. Алайда, пітір садақасын Рамазан айы басталған күннен бастап, айт намазына дейін беріп үлгерсе болады. Пітір садақасы зекет берілуі тиіс топтағы адамдарға беріледі. Биыл Астана қаласы үшін пітір садақа мөлшері 100 теңге болып бекітілді.
- Рамазан айынан кейін келетін - Шаууал айы жайында бірер ауыз сөз айтсаңыз?
- Шаууал - Рамазан айынан соң келетін ай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шаууалда ораза тұтуға үндеп, оның сауабы молдығын айтып: «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейін шаууал айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей», - деген. Шаууал айының оразасын сол айдың кез-келген күні ұстауға болады. Оны қатарынан үзбеу немесе күндерін үзіп-үзіп ұстауға да болады. Бірақ айт өтісімен кезекпен толықтай ұстау - абзал.
- Алла ризалығы үшін бір ай бойы ауыз бекіткен жандар ауыздарын ашатын - ораза айт күндері жайында айтып берсеңіз?
- Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін ораза айт мерекесі биыл қыркүйектің 20, 21 және 22-сі күндері атап өтіледі. Айт сөзі - «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді. Отыз күн ораза ұстап, ауыз бекіткен мұсылман баласы бұл күні әуелі айт намазына мешітке бет алады. Мешітте имамның уағыз-насихатын тыңдап, жамағат болып намаз оқиды. Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастархан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.
- Әңгімеңізге рахмет!
- Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Рамазан құтты, Алла баршамызға жар болсын!