Расул Рысмамбетов: Зейнетақы жинағы қарттық шағыңызды қамтамасыз етуі тиіс

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржыгер әрі бизнес саласының сарапшысы Расул Рысмамбетов зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін арттыру туралы шешімді қолдап, оны уақытылы әрі орынды қадам деп бағалады.

Фото: Рысмамбетовтің жеке архивінен

Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – азаматтарды еңбек қызметі аяқталғаннан кейін қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету.

– Мен әрдайым зейнетақы жинақтарын жаппай алуға қарсы болып келдім. Зейнетақыдағы қаражат табиғаты жағынан пәтер сатып алуға, жөндеу жүргізуге немесе басқа да күнделікті қажеттіліктерді өтеуге арналған жинақ емес. Бұл адам белсенді еңбек ете алмайтын кезеңде лайықты өмір сүруіне арналған қаражат. Сондықтан жеткіліктілік шегінің көтерілуін қисынды әрі дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Оның үстіне бұл өте жұмсақ шешімдердің бірі, – деді Расул Рысмамбетов.

Сарапшының пікірінше, қазіргі таңда реформаланып жатқан зейнетақы жүйесі өзінің негізгі міндетін – азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету қызметін атқаруы керек.

Ол зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу болашақтағы төлем көлеміне тікелей әсер ететінін атап өтті.

– Адам бүгін жинағын шешіп алса, ертеңгі зейнетақысын азайтады. Қысқа мерзімде белгілі бір нәтиже болуы мүмкін, алайда 20-30 жылдан кейін мемлекет жеткіліксіз зейнетақы мәселесіне тап болып, қосымша бюджет қаражатын жұмсауға мәжбүр болуы ықтимал, – деді ол.

Қаржыгердің айтуынша, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың тиімді жолы – зейнетақы жинақтарын жұмсауға мүмкіндік беру емес, ресми табыс пен заңды жұмыспен қамтуды көбейту.

– Азаматтың әл-ауқатын көтерудің ең дұрыс жолы – оның зейнетақы жинағын күнделікті шығын көзіне айналдырмау. Керісінше, жоғары ресми жалақы алуға ынталандыратын жағдай жасау қажет. Жалақы неғұрлым жоғары болса, зейнетақы жарнасы да соғұрлым көп түседі және болашақтағы зейнетақы көлемі де артады, – деп атап өтті сарапшы.

Расул Рысмамбетов жаппай зейнетақы жинағын алу тұрғын үй нарығына да әсер еткенін айтты.

– Зейнетақы қаражатының бір бөлігі тұрғын үй нарығына бағытталды. Бұл көптеген азаматтың баспана мәселесін шешуге көмектесті. Дегенмен соңғы жылдары жылжымайтын мүлік бағасының айтарлықтай өсуіне әсер еткен факторлардың бірі де осы болды, – деді ол.

Сарапшы жеткіліктілік шегі елдегі экономикалық жағдайға сәйкес қайта қаралуы тиіс екенін айтты.

– Өмір сүру ұзақтығы артып келеді, ең төменгі зейнетақы мөлшері өсуде, инфляция бар. Осындай жағдайда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің де көтерілуі заңды құбылыс, – деді Расул Рысмамбетов.

Оның пікірінше, қоғам БЖЗҚ қаражатын алу мәселесін емес, халықтың ресми табысы мен жұмыспен қамтылуын арттыру жолдарын талқылауы қажет.

– БЖЗҚ-дан ақшаны қалай алу керектігін емес, жоғары ресми жалақы алатын және тұрақты зейнетақы жарнасын төлейтін азаматтардың санын қалай көбейту керектігін талқылаған жөн. Бұл – макроэкономикалық деңгейдегі міндет, – деп түйіндеді сарапшы.

Сондай-ақ ол зейнетақы активтерін басқару жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты.

– Келесі кезеңде бюджет саясатын оңтайландырып, зейнетақы қаражатының бюджет тапшылығын жабу құралына айналуына жол бермеу қажет. Сонымен қатар зейнетақы активтерін басқару тәсілдерін қайта қараудың маңызы зор. Қазір бұл бағытта елеулі өзгерістердің алдында тұрмыз және ұсынылып отырған жаңашылдықтарды мұқият зерделеу керек, – деді Расул Рысмамбетов.

Айта кетейік, зейнетақы жинағының 2026 жылғы ең төменгі жеткілікті шегі жарияланды.