Расул Жұмалы «Жаңа Қазақстан» туралы: Енді ескі сүрлеумен жүре берсек, тығырыққа қайта тірелеміз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын көтерген болатын. Осы орайда, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдасының мәні, қандай саяси реформалар қолға алынатыны, кадрлық ауыс-түйістер жөнінде саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбаттасқан едік.

- Расул Берекетұлы, сұхбатты Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» құру идеясынан бастасам деймін. Сіздің ойыңызша, бұл процесс қалай жүзеге асады және оның негізгі міндеттері қандай болмақ?

- Ең алдымен, «Жаңа Қазақстан» түсінігінің пайда болуына тоқталу керек. Еліміздің бұрынғы саяси жүйесі ескірді. «Қасіретті қаңтардың» себептерін қоғамның әр мүшесі әжептәуір түсініп отыр. Халықты бастапқыда бейбіт наразылыққа, бейбіт шеруге алып шыққан мәселелер жылдар бойы шешілмей келді. Олар - әлеуметтік теңсіздік, ел байлығының теңдей үлестірілмеуі, жемқорлық, бағаның шарықтауы, жұмыссыздық, жастардың шешілмеген мәселелері. Осындай қордаланған проблемалардың шешілмеуі көп жағдайда саяси жүйеге келіп тіреледі. Жабық, тұйық, қоғаммен санаспайтын, қоғамға өзін дәлелдей алмаған биліктің не істеп отырғанын халық айтарлықтай бақылай алмайды. Сондықтан оған ықпал да ете алмайды. Міне, осындай жайттар барлығы топтасып, үлкен қателікке, тығырыққа алып келді. Сондықтан бұл қиындықты болдырмау үшін оның себептерін зерттеу керек. Салдарымен емес, себебімен күресу керек. Сонымен қатар, ендігі кезекте біздің қоғам үшін осындай қалыппен өмір сүруге болмайды. Ескі сүрлеумен жүре беретін болсақ, қайта тығырыққа тірелеміз. «Жаңа Қазақстан» идеясының туындау себебі - осы. Менің түсінігімде «Жаңа Қазақстанда» деген - ашық билігі бар, халқы бақылай алатын, тиісті демократиялық тетіктері орнаған, оның ішінде тәуелсіз саяси партия, тәуелсіз баспасөз, тәуелсіз сот, әділ сайлаулар сияқты алғышарттары қалыптасқан мемлекет. Оның мақсаты да - осы. Қазір бұл мәселеге президент шындап кіріскендей. Шын мәнінде, жағдайды өзгерту керегін басшылық түсініп отыр. Халықтың сенімін қайтару керек. Елде болған дүрбелең, қаңтардағы секілді қантөгіс қайталанбасына кепілдік бар ма? Меніңше, бұл өте өзекті сұрақ. Сондықтан қазір бір жарым ай уақыттың ішінде алғашқы қадамдарды көріп отырмыз. Жұмыс жасалып жатыр.

Жалпы осындай реформаларды Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келе сала жариялады және бастап та кеткен еді. Естеріңізде болса, саяси реформаларға бағытталған бірталай заң қабылданды. Өзі де мейлінше ашық болуға ұмытылды. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» қағидаты да бар. Қоғамдық сенім кеңесін құрды, баспасөзге жиі шығып тұрады. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл шаралар жеткіліксіз болды. Саясатта игі үрдістер тез жүре қоймайды, ол үшін уақыт керек. Кедендегі, оның ішінде Қордайдағы қаншама мәселелелер көтерілуде. Бірақ 30 жылда шешілмей, ысырылып келген проблемалардың барлығын бір-екі айда немесе бір-екі жылда шешіп тастау мүмкін емес. Әрине, халық шаршады, қоғам қажыды, бірақ күтуден басқа жол жоқ.

Сондай-ақ, бұл жаңаруда билік бізді қалай жарылқайды деп отырған жарамайды, керісінше қоғамның өзі де бұған мүдделі болып, атсалысуы керек. Әр нәрсені сынау оңай да, ал нақты бір істерді жасау қиынға соғады. Десе де өркениеттің жолы сол. Белсенді азаматтар өздерінің саяси топтарын құрып, сайлауға түсуі керек. Қазір бірнеше заңнамалық жеңілдіктер беріліп отыр. Атап айтар болсам, тіркеу, қол жинау жеңілдіктері. Саясат келісу - алаңы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген концепция бар және оған құлақ асып отырған билікті де көріп отырмыз. Мысалы, кеше ғана қаншама сөз болған утильалым мөлшерлемесі 50%-ға азайды. Сондай-ақ халық наразылығын тудырған газ мәселесі бойынша баға 50-60 теңге көлемінде 2024 жылға дейін тұрақталды. Бұл да қоғамның талаптарына билік құлақ асып отырғанының көрсеткіші.

- Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында отандық телеарнада берген сұхбатында жақын арада елімізде саяси реформалар болатынын айтты. Наурыздың ортасына таман халыққа үндеу жариялайтынын да атап өтті. Сіздің ойыңызша, бұл үндеуде қандай мәселе көтеріледі? Президент қандай проблемаларға басымдық береді?

- Жалпы нақты не айтатынын болжау қиын. Алайда, нобайы белгілі. Ол біз айтып отырған - Жаңа Қазақстан. Ескіше өмір сүруге болмайды, жаңаруымыз керек. Ол бойынша - экономика мен саясат қатар жүруі керек. Сонымен қатар руханият та олардан қалыспағаны жөн. Елдің әлеуметтік мәселелерін шешу барысында Конститиуцияда жазылғандай адам өмірі, оның игілігі, оның мүддесі бірінші орында тұруы керек. Тоқаев билікке келгелі екі жарым жыл болды. Содан кейін кезең-кезеңімен саяси реформалар жасалды, оннан аса заң қабылданды. Оның ішінде бейбіт шерулер, саяси партиялар, сайлау процесі, өзін-өзі басқаруға қатысты заңдар бар. Нәтижесінде, халық өз талабын ашық айта бастады, мәселен, 2021 жылы митингтер мен шеру саны алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есеге көбейді. Мұның өзі жасалып жатқан жұмыстардың дұрыс бағытта екенінің бір дәлелі.

Меніңше, бұл үндеуде әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, саяси реформалардың жалғасы сөз болады. Оның ішінде, жергілікті өзін өзі басқару тетіктерін кеңейту, ауыл әкімдері, жоспарлы түрде аудан әкімдері, облыс әкімдері туралы наразылық тудырып отырған бірқатар проблема бар. Бұл нәрсенің астыртын қатерлері де жоқ деп айтуға келмес. Бірден «шаш ал десе бас алып» шеше салатын мәселе де емес. Бұл жерде де сауатты қадам болмаса тығырыққа тірелуіміз мүмкін. Аталған мәселелер байыппен, салмақтылық таныта отырып шешілуі керек.

- Қаңтар оқиғасынан кейін билікте ауыс-түйістер болып жатыр. Мұның президент айтқан «Жаңа Қазақстан» идеясымен байланысы бар деп ойлайсыз ба?

Менің ойымша, үкіметке, билікке жастарды көбірек тарту керек. Соңғы статистика бойынша, біздегі үкімет мүшелерінің орташа жасы - 50 жас. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш - 35-40 жас екен. Соған қарағанда атқарушы билікті әлбетте, жасарту керек. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым деп санаймын. Азаматтың толысып, қайратты, тәжірибесі мен табандылығы шарықтау шегіне жеткен кезі шамамен 25-40 жас. Сондықтан жастарды, жас азаматтарды тарту керек. Жалпы қазіргі таңда елімізде кадр мәселесі бірінші кезекте тұр. Саяси реформа дейсіз бе, ауылды басқару дейсіз бе, әлеуметтік мәселелерді шешу дейсіз бе, бұның барлығы осы заңдарды орындаушы азаматтарға келіп тіреледі. Қарап отырсақ, бізде конситутциядағы заңдарда өте жақсы тетіктер қарастырылған. Бірақ оны іске асыруға келгенде ақсап жатырмыз. Мемлекет басшысы айтқандай, кадрлық ауыс-түйіс - эксперимент емес. Бұл әрекеттің артында миллиондаған халық тұр. Жеңіл-желпі әрі асығыс шешімдерге мүлде баруға болмайды. Қазір экспериментті өрескел жүргізетін болса, мемлекеттік басқару жүйесін тоқтатып алуымыз ықтимал. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «біз кез-келген реформа жүргіземіз, бірақ түпкілікті құндылықтарымызға нұқсан келтірмейік» деген болатын. Оның ішінде тәуелсіздікке, елдің амандығына, жердің тұтастығына нұқсан келтірмей өзгеріс жасау керек. Кадрлық мәселелер шешіле жатар. Түрлі тетіктер қарастырылған. Оның ішінде, Президенттің кадрлық резерві бар. Алайда айта кететін жайт, қай салада да бәсекелестік болуы керек. Соның ішінде, экономикада компаниялар бір-бірімен бәсекеге түсуі тиіс. Қазақстанның тағдыры Қазақстаннан басқа ешкімге керегі жоқ. Биліктен ғана күтіп отырмай, өзіміз де икемделіп, әрекет етуіміз керек. «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не беремін» дейтін сөзді тікелей қолданатын уақыты келді.

- Кешегі қаңтарда болған оқиға елде терроризм және экстремизммен күрес шараларын күшейту керек екенін дәлелдей түсті. Cіздің ойыңызша, Қазақстандағы терроризм және радикализмге қарсы күрес қалай жүргізілуі тиіс?

Иә, дұрыс айтасыз. Қаңтар оқиғасы соның бір дәлелі болды. Әу баста бейбіт митингке шықты жұрт. Бірақ кейін бұл әрекеттің қантөгіске ұласуына көлеңкелі арам пиғылды күштер тікелей әсер етті. Әлі күнге дейін «20 мың адам шетелден қалай келді» деген мәселе бар. Менің ойымша, олар шетелден келген жоқ. Шын мәнінде, қанша адам болғанын тергеу амалдары растай жатар. Бірақ менің ойымша, олардың басым бөлігі өзіміздің ішімізде жүрді. Бұл төңіректегі әңгімелер біздің біраз азаматтарға таныс. 2010-2016 жылдар аралығында қаншама террорлық әрекет болды. Оларды ауыздықтау бойынша сарапшыларымыз, саясаттанушылармыз, дінтанушылармыз бұған дейін де дабыл қаққан болатын. Әр нәрсені өз атымен атау керек.

Кез-келген проблеманы шешудің алғашқы жолы - оның бар екенін мойындау. Бізде әлі күнге дейін экстримизм мен радикализмге келгенде саяси ерік-жігер жетіңкіремей отыр. Осындай қауіп-қатердің бар екенін мойындайық. Антитеррорлық, антиэкстримистік әрекеттер жүріп жатыр. Бірақ көбінесе үстіртін. Бұл орайда да сауатты әрі білікті кадрлар керек. Сондай-ақ Өзбекстанның тәжірибесінен сабақ алып, ражикалды ағымдарға заңды түрде тыйым салатын кез келді деп ойлаймын. Өзбек халқы бұл мәселені 90 жылдардың аяғында көптеген сынға қарамастан, шешіп тастады. Соның нәтижесінде бірталай қасіреттен құтылды. Бізде де әрине, тыйым салынған ұйымдар бар. Әйтсе де, кейбір жағдайларға қатысты қазір де мәселе тым ушығып тұр. Сондықтан меніңше, саяси таңдау жасайтын кез келген сияқты. Бірақ тек тыйым салу ғана емес, тыйым сала тұра балама ұсыну керек. Баламасы - өзіміздің дәстүрлі ислам. Жастарымыз Шәкәрімнің, Абайдың, әл-Фарабидің, Ясауидың жолымен неге жүрмейді? Экстримизм саласында қылмысқа барған азамататтарға қатысты сараптама жасалған. Онда олардың басым бөлігі қазақшылықтан кенде қалған жастар екені анықталып отыр. Яғни, ішкі діңгегі әлсіздеу. Олар экстремистiк идеологияның арбауына тезірек түсіп қалады. Бұл - дәлелденген факт. Неғұрлым қазақ тілін білсе, өз тарихынан сусындаған, ата-бабасын білетін балалардың араңдатуға қарсы тұру және оған жол бермеу сияқты мүмкіндіктері болады. Балама деп отырғаным осы.

- Қаңтардағы оқиғаны мамандар мұқият сараптап, зерделеуі керек. Сіздіңше, біз одан қандай сабақ алдық? Оның қайталанбасы үшін не істеу керек?

- Қаңтардағы оқиғадан кейін саясаттың күрделі екеніне біраз адамның көзі жеткен шығар. Саясат бұл - бол десе, бола салатын, керемет гүлденген әділ қоғам орнай салатын романтикалық түсінік емес екенін бірталай азаматымыз түсінген сияқты. Кешегі жағдайдан кейін көпшілік есеңгіреп қалды. Енді ес жинап жатыр. Бірақ бір жарым ай өтті. Себептері баршаға аян. Бұның барлығы енді саяси сауаттылықты, азаматтық жауапкершілікті талап етеді. Негізгі себеп 30 жылда қордаланған мәселе деп ойлаймын. Бұған дейін қоғамның саяси сауатын ашатын, саяси мәдениетін көтеретін мүмкіндіктер өте шектеулі болды. Сондықтан әрине, кеш те болса, осы дүниелерді бастау қажет. Менің меңзеп отырғаным - дұрыс ақпарат беру. Әр беріліп отырған ақпаратқа немесе сараптамаға әрбір азаматтың, жастардың сын көзбен қарай алуы. Ол үшін жақсы түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек. Әсіресе, билік тарапынан. Президенттің өзі осы бағыттағы дүниелерді қазір бастап кетті. Кешегі сұхбаттарында осыны түсіндік. Президент халық арасында туындаған өзекті әрі өткір сұрақтарға да нық жауап беріп отыр. Меніңше, басқа да билік өкілдері осылай жасауы керек.

Сұхбатыңызға рахмет!

Венера Жоламанқызы