РЕДАКТОР СӨЗІ: Елімізде суицид тақырыбына назар аударған танымал адам бар ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында Атырау қаласының маңындағы балықшылар кенті Дамбы ауылындағы тылсым құбылыс туралы жазылып жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, он күн ішінде екі әйел өзіне қол жұмасап, тағы екі адам құтырып ауырған. Ал ауыл әкімі Ұзақбай Байзуллиннің айтуынша, ауылда жыл басынан бері 4 рет суицид тіркелген. Екі әйел адам психикалық ауруханада жатыр. Елдің үрейін алған оқиға мамандар тарапынан зерттеуге алынды ма, жоқ па, ол туралы әзірге ақпарат жоқ. Жалпы, елімізде суицид тақырыбына мән беретін уақыт келді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Бас директоры Маргарет Чан Голливуд актері Робин Уильямстің өзіне қол салған өлімін жарнамалағандай жарыса жазған әлемдік БАҚ-ты айыптап, сөкті. Ал 47 жастағы ирландиялық әнші Шинеид О Коннор актер үшін қынжылып, «Өмір сүруге 8 себеп» әнін шығарды. Оның дұрыс шешім қабылдамағанын айтып, кешіне жиналған жұртты ондай ойдан аулақ болуға шақырды. ДДҰ деректері бойынша, әлемде әр 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсайды екен. Қазақстан бұл көрсеткіштер бойынша «алдыңғы орында» келе жатқаны әрине, кімнің болсын жүрегін қозғары анық. Бірақ, еліміздегі осы мәселеге барынша назар аударып, қауіптің алдын алуға шақырған, «бас ауыртқан» қандай танымал тұлға бар? Қоғамға олардың сөзі өтімдірек болады десек, өтімді сөзді айтудан неге қашады? Әлде, «түйесі жоғалмағанның басы ауырмайдының» кері ме?

Ғалымдардың зерттеулері бойынша, суицид үш түрге бөлінеді: Біріншісі - шынайы суицид. Ондай белгі бойынша, адам өмірден түңіліп, үнемі көңілсіз жүреді. Мұндайда адам өмірдің мәнін жоғалтып, өлімге асығады. Екіншісі - жариялық суицид. Қандай да мәселеге байланысты, өзгелердің назарын аудармақ болып, өлгісі келетінін жария етеді. Үшіншісі - жасырын суицид. Мұндай жағдайда адам өзіне қол жұмсау жақсы еместігін түсінеді, бірақ қиындықтан шығар жол жоқ болып көрініп, өлімге бас тігеді. Қайсысына болса да егер белгілі болса, дереу көмек қажет. Жалпы, адам психологиясына қатысты бір жайтқа назар аударта кетелік. Негізі, жүйке жүйесі, психикасы ауырған адамдарды емдеу үшін психо-профилактикалық және психо-гигиеналық орталықтар жұмыс жасайды. Ондай ауруханаларда дәрігерлер күштеп дәрі егумен адамды тыныштандырады. Ал ғылым бойынша, бірде бір психикалық ауру дәрімен жазылмайтыны анықталған. Дәрімен емдеуді психиатрия десе, ал психотерапевт тәсілі бойынша, адамды сөзбен емдеу жақсы нәтиже көрсеткен. Осының өзі, технологиялық жетістіктен гөрі адами қарым-қатынас, адамдар арасындағы адамгершіліктің ауадай қажеттігін көрсетті. Әзірге, ерте түйін жасамай тұра тұралық... ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауларындағы тапсырмалардың бірі - адамның өмір жасын ұзарту. Ал статистикаға сүйенсек, халықтың орташа өмір жасын келте етіп көрсететін негізінен осы суицид оқиғалары. Әлемдік статистика бойынша, 100 000 мың адамға шаққанда 20-дан көп адамның өзіне қол жұмсау фактілері бойынша, Қазақстан Литва, Корея Республикасы, Гайана елдерінен кейін төртінші орында тұр. Қазақстаннан кейінгі орында Венгрия, Латвия, Украина, Жапония. Суицид мәселесіне дабыл қағып отырған ДДҰ соңғы хабарламасында, 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 пайызға азайтуды қол алғанын айтты. Бірақ, бұған тек 28 мемлекет қана қатысып, нақты жұмыс жоспарын бекітіпті. ДДҰ-ның бұлай алаңдауының да себептері жетерлік. Халықаралық ұйымның соңғы 10 жыл бойы жүргізген зерттеулері бойынша, жыл сайын 800 000 адам өзіне қол салады. 15-29 жас аралығындағы жастардың суицидке бейімділігі тіпті, артып кеткен. Бірақ, негізінен 70 тен асқан адамдардың өзіне қол салуы тіпті үрей туғызып отыр. «Суицид фактілері тіркелген деректер бойынша 75 пайызы әлеуметтік жағынан төмен елдер екен. Ал бай мемлекеттерде ер адамдар әйелдерге қараған 3 есе көп», - дейді ДДҰ мамандары. Мұның себептері неде? Бұған халықаралық ұйым зерттеушілері келтірген қорытынды бойынша жауап беріп көрелік: 1. 1,2 пайызы денсаулық нашарлығынан, 2. 3 пайызы қаражат қиындығынан, 3. 1,4 пайызы өмір сүрудің ауырлығынан, 4. 6 пайызы құмарлықтан, 5. 18 пайызы отбасы келіспеушілігінен, 6. 18 пайызы рухани дерттен, 7. 19 пайызы жазасын өтеуден жалтару, тағысын тағылар. Кей зерттеушілер мұның көбісі өмір қиындығына төзгісі келмегендіктен жасайтын боркемік адамдардың ісі деген ой айтады. Әрине, айтуға ғана оңай. Олай болса, өлімге сылтау іздеп жүрген адамды райынан қайтару мүмкін емес пе? Жылы сөз, идеологиялық жұмыстар нәтиже бермейді ме? Ең қорқыныштысы, мамандар суицидтің 41 пайызы неден болатыны анықтай алмай отыр. Оларға қандай ем керек? Осы деректердің ішінде жастардың мәселесі аса назар аударарлық Өйткені, оларға қатысты мәліметтердің дені жоғарыда аталған әлеуметтік себептерге жатпайды. Әсіресе, мектеп оқушысын әлеуметтік жағынан таршылық көріп, өзіне қол жұмсады деген фактілер сенімсіз. Осы мақаланы жазу барысында кездестірген бір ақпаратты ұсына кетсек, Алматы облысы Райымбек аудандық «Хан тәңірі» газетінің мәліметі бойынша, 2008 жылы 2 мамыр мен 3 маусым аралығында, яғни, 1 айдың ішінде 4 оқиға тіркелген. Олар: 1993 жылы 8-сынып оқушысы, 3 мамыр күні кешкі сағат 19-00 шамасында өзіне қол жұмсаған жерден табылса, 8 мамыр күні 1998 жылғы 3 сынып оқушысы, 12 мамыр күні 1991 жылғы 10 сынып оқушысы, 3 маусым күні 1996 жылы туған 20 жастағы жігіт өзіне қол салған. Бұл тек, бізге белгілі болған ақпарат қана. Күні кеше Ақмола облысында жасөспірімнің дарға асылып, ауыр хәлде ауруханаға жеткізлігені туралы ақпарат тарады.

Жақында БАҚ беттерінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке жазған ашық хаты жария болды. «Біздің алдыңғы жіберген ұсыныстарымызға және балаларды қорғау саласындағы нақты мәселелерді көрсете отырып жіберген хаттарымызға тиісті назар аударылмауына байланысты ұлттық құқықтық қорғау мекемесі Сізге осы ашық хатты жолдауға мәжбүр болып отыр» деп хатының салмағын білдірген уәкіл Қазақстандағы адам алаңдарлық мәселелерге назар аудартады. Оның айтуынша, зерттеулер балалардың 66,3 % мектепте зорлық-зомбылыққа тап болатынын, зорлық-зомбылыққа куә, оның құрбаны не айыпты болатынын анықтаған. «Бұл ретте сауалнама жүргізілген балалардың 23% физикалық жәбірлеу, 20%-ы балалар арасындағы бопсалау, 27%-ы мұғалімдер тарапынан жазалау құрбаны болған», - деп жазады ол. «Жасөспірімдер арасында өзіне қол салу деңгейінің жоғары болу мәселесінің осы тақырыппен өзара тығыз байланысы бар, ол бойынша Қазақстан тиісті әлемдік рейтингтерде соңғы позицияларда емес. Біздің зерттеулеріміз бойынша балалардың 27,4% бір кездерде өзіне зақым келтірумен айналысқан және өзіне қол салуға әрекеттенген. Өз денесіне зақым келтіру әрекет рецидивінің деңгейі 75,3 % құрайды», деп жазады Асқар Шәкіров ашық хатта. Асқар Шәкіровтің айтуынша, өзіне қол салудың белгілі бір бөлігінің алдын алуға болады. Суицидология саласындағы халықаралық сарапшы, профессор Марко Саркьяпоненің қорытындыларына сәйкес, балалар арасындағы ақыры өліммен аяқталған суицид жағдайларының кем дегенде 24,3 пайызы соңғы хаттар болған. Алайда, олар уәкілетті органдар, педагогтар мен психологтар тарапынан нақты талдауға алынбаған. Сонда, бұл мәселе кімге керек? Зерттеуші ғалымдар суицидтің әлеуметтік қиындықтар мен кедейлікке байланысты емес екенін жақсы түсінеді. ДДҰ мәліметіне жүгінсек, Латын Америкасы мен Африканың көптеген кедей елдеріндегі суицид Шығыс Еуропаның «бай» мемлекеттерімен салыстырғанда жоқтың қасы. Мысалы, Балтық елдері, Финляндия, Венгрия, Жапония тағы да басқа әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған елдерде суицид оқиғасы көп. Бұл көрсеткіш адамдардың өзіне қол жұмсауы кедейліктің себебінен емес, басқа да қыры барын тағы бір дәлелдегендей. Ойымызды қорытындылай келе, зерттеушілердің суицидпен күресте идеологиялық жағынан жұмысты күшейту керек деген шешімін қуаттаймыз. Бірақ, идеологиялық жұмыста кей үкіметтік емес ұйымдар қолданып жүргендей, өзге елдің әдіс-тәсілін емес, өз ұлтымыздың рухани құндылықтарын пайдалану нәтижелі болар еді. Жастардың санасын улап отырған субмәдениеттерге қарсы ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұраларымызды осы мәселеге басты «қару» етер кез жетті. «Елді сөктік сайтанға ересің деп, Неге оларға тізгінің бересің деп? Елірткенге ерігіп ере берсең, Ескерттім, азып-тозып өлесің деп!», -деп Абай атамыз айтқандай, бұл мәселеде бізге қазір бабалар сөзі ауадай қажет болып отыр. Өйткені, Қазақстанда бұл қатардағы "кезекші" тақырып емес, күн тәртібіндегі ең ауыр сұрақ! Қазір оның тек, себебі анықтау ғана емес, алдын алу үшін жүйелі жұмыс қажет.

Алмас Мұқашұлы