Референдумға аймақтардың үштен екісі қатысса ғана өткен болып саналады – сарапшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент бастамашы болған референдум конституциялық реформаларға бағытталғандықтан оны өткізудің тәртібі өзге референдумдардан сәл өзгеше. Республикалық заң консультанттары алқасы төрағасының орынбасары Сағидолла Баймұраттың айтуынша, елдегі 20 аймақтың 14-інде халықтың жартысынан астамы қатысса ғана референдум өткен болып есептелмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділет саласының сарапшысы ел арасында жалпыұлттық референдум деп аталып жүрген ұғым мен республикалық референдумның арасында айырмашылық жоқ екенін айтады.

«Республикалық референдум туралы заң бар. Мұнда «жалпыұлттық» деген сөз қолданылмайды, «бүкіл халықтық» деген сөз бар. Бірақ екеуінің ешқандай айырмашылығы жоқ. Синоним сөздер десек, қателеспейміз. Ал негізгі термині – респуликалық референдум. Республикалық нысанда құрылған мемлекет болғаннан кейін бізге республикалық деп айтсақ та, жалпыхалықтық деп айтсақ та мәні өзгермейді», - дейді заңгер.

Сағидолла Баймұрат ұлттық заңнамада референдум өткізу туралы шешімді кімдер қабылдай алатынын түсіндірді.

«Ең бірінші референдум тағайындалады. Республикалық референдум туралы заңның 11-бабы бойынша, референдум тағайындау ҚР Президентіне, белгілі бір ережелер Парламентке, Үкіметке берілген. Ал Президенттің референдум тағайындауы бойынша ешқандай ереже жоқ. Ол бастама көтерсе, референдум жүргізуге болады.

Президент ұсыныс айтты. Әзірге нақты шешім ретіндегі құжатты көрген жоқпыз. Бірақ заң бойынша, референдум тағайындау туралы шешімді Президент Жарлық арқылы қабылдайды. Яғни, Жарлықты көруіміз керек. Президенттің Жарлығы шыққан кезде сол құжаттың ішінде өткізу мерзімі, дауысқа салынатын мәселенің тұжырымдамасы белгіленеді. Өтетін референдумға қатысты басқа да мәселелер осы Жарлықта белгіленеді», - деді сарапшы.

Оның айтуына қарағанда, Жарлық шыққаннан кейін Республикалық референдум туралы заң бойынша, 1 айдан 3 айға дейінгі уақыт аралығында референдум өткізілуі керек. Бірақ заңда ерекше жағдайлар болатыны айтылған.

«Осы уақытқа дейін ешқандай референдум өткізілмегендіктен, ерекше жағдайлар деп нақты қандай жағдай есептелетінін айту қиын. Қысқасы, ерекше жағдайды атап, Президент басқа мерзімді көрсетуі мүмкін. Менің пайымымша, бұл жолы заңдағы мерзімінен ауытқымайтын сияқты.

Референдумды орталық сайлау комиссиясы өткізеді. Орталық, аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының бәрі осы республикалық референдумның жүзеге асуына атсалысады.

Референдум тағайындалғаны жарияланғаннан кейін ақпарат бүкіл халыққа тарауы керек. Өтетін уақыты мен орны туралы ақпаратты учаскелік референдум комиссиялары өтетін уақыттан 10 күн бұрын хабарлауға тиіс. Әрине БАҚ арқылы референдумда қандай мәселелер дауысқа салынатыны, өткізу тәртібі туралы мәліметтер толығымен жеткізілуі керек», - дейді маман.

Сондай-ақ, ол референдум өтті деп есептеу үшін қандай талаптар орындалуы керектігін айтты.

«Дауыс беруге құқығы бар, яғни 18-ге толған азаматтардың кем дегенде жартысы референдумға қатысуы керек. Бірақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бөлек ереже бар. Бұл ереже бойынша облыстар мен республикалық қалалардың кемінде үштен екі бөлігінде дауыс беруге құқылы тұрғындардың жартысынан астамы қатысуы керек. Бір облыста халықтың жартысынан кемі қатысса, онда референдум өтпеген болып саналады. Тек мұндай облыстардың саны жалпы аймақтар санының үштен біріне жетпеуі керек. Кеше ғана тағы үш облыстың қайта құрылғанын білесіздер. Сонда 20 аймақтың кемінде 14-інде дауыс беруге құқылы халықтың жартысы референдумға қатысуы шарт. Осы қатысқан адамдардың жартысынан астамы дауысқа салынған мәселені жақтайтынын білдірсе, онда шешім қабылданды деп саналады», - дейді әділет саласының сарапшысы..

Айтуынша, референдумға қатысуға міндеттілер деген санат жоқ.

«Ешкімді мәжбүрлеу жоқ. 18-ге толған бүкіл азаматтар қатыса алады. Бірақ өзіндік шектеулер бар. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар мен сот үкімімен бас бостандығынан айырылған азаматтар дауыс бере алмайды.

Бүгінгі ақпаратқа сүйенетін болсақ, Конституцияға түзету енгізуді көздейтін 30-дан астам мәселе бар. Соның бәрі бойынша референдум өткізіледі.

Әрине, ол референдумда әр норма бойынша сұрақ қойыла ма, әлде толықтай өзгерістерге жалғыз сұрақ қойыла ма деген мәселе бар. Меніңше тым қарапаймыдаудың қажеті жоқ. 30-дан астам мәселенің ішінде бір норманы қолдап, екіншісін қолдамайтын адамдар болуы мүмкін. Соларға мүмкіндік берілуі керек. Ал «бәрін қабылдаймын», не «бәрін қабылдамаймын» деген екі таңдау ғана болса, онда кішкене қиындау болады», - дейді ол.

Сағидолла Баймұраттың пайымынша, референдумды барынша әділ әрі ашық өткізу мәселесі Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде.

«Электрондық технологиялар қаншалықты қолданылатынын айту қиын. Себебі тарихымызда ондай тәсіл дауыс беруге қолданылып көрген жоқ. Осыған дейін ондай қадамдар болғанымен, іске аспады. Ондай болмаса да бүкіл учаскелерде камералар орнатып, дауыс беретін жәшіктерді ашылған күннен бастап, дауыс беру бітіп, санау аяқталғанға дейін тікелей көрсетілімде тұруы керек және ол жазба сақталуы керек. Мұны қамтамасыз ету оп-оңай. Оны қаперге алу тағы Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде», - деді сарапшы.

Ол бізге бұл пайымның бәрін қолданыстағы заңнама шеңберінде айтып отырғанын ескертті. Референдум тағайындалғанға дейін бұл тәртіп өзгеруі де мүмкін еске салды.

«Дауыс беру аяқталғаннан кейін санау жүргізіледі. Республикалық референдум комиссиясы, орталық референдум комиссиясы, учаскелік референдум комиссиялары хаттама жүргізеді. Ол хаттамада сол учаскедегі немесе бүкіл республика бойынша дауыс беруге құқылы азаматтардың саны, жарамсыз және жарамды деп танылған бюллетеньдердің саны, жақтап немесе қарсы дауыс бергендердің саны көрсетілуі керек. Осы хаттамалар негізінде референдум нәтижесі БАҚ-та жарияланады», - деп түйіндеді Сағидолла Баймұрат.

Айта кетейік, кеше Мәжіліс референдумдағы бюллетеньдерге қатысты құжатты мақұлдады. https://kaz.inform.kz/news/mazhilis-referendumdagy-byulleten-derge-katysty-kuzhatty-makuldady_a3929669 Ал бүгін Сенат референдумға қатысты заң жобасын түзетулермен Мәжіліске қайтарды https://kaz.inform.kz/news/senat-referendumga-katysty-zan-zhobasyn-tuzetulermen-mazhiliske-kaytardy_a3930038