Ресей азаматы 26 келі зергерлік бұйымды шекарадан заңсыз асырмақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы Ресей Федерациясының азаматы 26 килограмнан астам зергерлік затарды заңсыз өткізбек болған жерінен ұсталды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасына қарасты «Құрманғазы-авто» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды шекаралық бақылау жасау кезінде үлкен көлемдегі зергерлік заттарды заңсыз жолмен алып өтуге тырысқан 34 жастағы Ресей азаматын ұстауға мәжбүр болды.

Жалпы салмағы 26 кг 785 грамм болатын зергерлік заттар Ресей жеріне қарай сапар шегіп бара жатқан азаматтың «Тойота» көлігінің ішінен шықты. Зергерлік заттардың ішінде қасықтар, крест, білезіктер, алқа, жүзік жиегі әшекейленген басқа да заттармен қатар жүзік, тигель, мөртабандар тағы да басқа заттар жасауға арналған штамптар табылды. Олардың жалпы саны 6 пакет, салмағы 21 кг 105 грамм болды.

Ұсталған деректер бойынша Атырау облысының Құрманғазы аудандық ішкі істер органдары хабарландырылды.