Ресей еліктері Солтүстік Қазақстан облысына қарай ағылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жан-жануарлардың өрісін өзгертуіне қыстың қатал мінезі себеп болған. Еліктер қалың қардан азық таппай, жазық жер іздеген көрінеді. Олардың бір легі Петропавлдағы қорықтарға келіп қосылды, деп хабарлады www.24.kz.

Ен даланың ерке еліктері Дмитрий Каталкиннен қорықпайды. Қайта қолынан қоректеніп, қасынан шықпайды. Қорықшы да жабайы жануарларды жақын көріп кеткен.

«Аязды күндері үйде отыра алмаймыз. -40 градуста жем-азықты таңертең және кешке жеткіземіз. Суықта жабайы жануарлардың қоректенуі одан сайын қиындап кетеді», - дейді қорықшы Дмитрий Каталкин.

Түз тағыларының жегені алдында, жемегені артында. Қорықшылар жан-жануарларға жем-шөп, қайың жапырақтары мен тұз-борларына дейін дайындап қойған. Бұл дала аңдарының қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік берді. Осы жылы Солтүстік Қазақстан облысында қар қалың жауды. Бұл жабайы жануарлардың қоректенуін едәуір қиындатып жіберді. Сондықтан қорықшылар арнайы техникалармен алқаптарды қардан аршып, осындай жолдар салып беруде. Қорықты Қызыл кітапқа енген 1800-ден астам елік-бұғы мен 500-дей қабан мекен етеді. Оларға Ресейден келіп жатқан жан-жануарлар қосылды. Алыстан ағылған аңдар аш.

«Ресей жақтан 100-200 еліктен келіп жатыр. Өйткені қар қалың, жем-азық жетіспейді. Сондықтан қорек іздеп, жүре береді. Көбі жолда жүдеп, өліп те қалады. Жеткендерін қамқорлыққа аламыз», - дейді , «Красный бор» қорығының директоры Николай Гусельников.

Қамқорлыққа алып қана қоймай, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жабайы жануарлардың жанашырлары күні-түні көз ілмейді. Өйткені сайын далада сауық құратын сұғанақтардың бес қаруы қашан да сай.