***
Таяуда Шығыс Қазақстан облысының Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылының тұрғындары қара қасқыр көріпті, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Қара қасқыр" атты мақаласында.
Газеттің жазуынша, тұрқы бөлек аңды үңгірінің жанында фототұзаққа іліндіргендер де бар. Алайда, түн ішінде түсірілгендіктен қасқыр бейнесі анық емес. Астанадан келген Абзал Қанапиянов есімді азамат пен оның қасындағы шопан құрған фототұзақтан соң әлгі жыртқыш апанын тастап кетіп, қайта бой көрсетпепті. Айтуларынша, үйірлестерінен түсі де, тұрқы да бөлек дала тағысының ұзындығы 2,5 метр, салмағы 130 кило тартады. Сырына үңілгендер аталған аңды Семей полигонының зардабынан, яки радиациядан пайда болған мутант-қасқыр дейді. Тіпті, күндіз апанында жатады, түнде ғана жортады екен деген сөз де бар.
Автордың мәліметінше, жалпы, қара қасқыр Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 1960 жылға дейін болған екен. Одан кейін жойылып кеткен көрінеді. Баян-Өлгей аймақтық тарихи-өлкетану мұражайында аталған аңның терісі сақталған. Осыдан бір-екі жыл бұрын ҚатонҚарағай ұлттық-табиғи паркінің саяткер-биологы Нұрлан Қарабаевпен әңгімелескенімізде, Алтайдағы аңшылардың да қара қасқыр аулағанын жеткізген. Бірақ мамандар Алтайдағы қара қасқырдың итпен шатыс тұқым екенін анықтаған. Ал Қайнарда жортқан қара қасқырдың ядролық жарылыс зардабынан пайда болғаны, әлде жаратылыстың тартуы екені әзірше беймәлім.
Сондай-ақ аталған басылымда "Елімізге қызығушылықтың ерекше көрінісі" деген тақырыппен мақала басылып отыр. Газеттің жазуынша, Түркияда «Dünya» алдыңғы қатарлы экономикалық газетінің толығымен Қазақстан Республикасының жетістіктеріне арналған «Қазақстан» атты арнайы нөмірі жарық көрді. Ол Қазақстанның жетістіктері туралы ақпараттық-анықтамалық материалдар мен мақалаларды, сонымен қатар, Қазақстан Президентінің ел халқына Жолдауының негізгі қағидалары мен «Астана-ЭКСПО-2017» көрмесі туралы ақпараттарды қамтиды.
Арнайы шығарылымның алғашқы беттері елшіліктің түрік тіліне аударған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларымен басталады. Келесі беттерде Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың «Бейбітшілік пен өсіп-өркендеу жолында теңіздерді бағындыра отырып» атты мақаласы, Түркияның Экономика министрі Н.Зейбекші мен Түркияның Индустрия, ғылым және технологиялар министрі Ф.Ышыктың қазақ-түрік қарым-қатынастарының жай-күйі туралы, сонымен қатар, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевтың, саясаткерлердің, академиялық қайраткерлердің және басқалардың екіжақты қарым-қатынастарды қамтитын мақалалары жарияланған. Оларда тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері, даму бағдарламалары, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге дайындық, ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруға әзірлік және басқа да маңызды мәселелер туралы жан-жақты әңгіме қозғалады.
***
"Айқын" газетінде "Ресей ғалымы Калачиді құтқара ала ма?" деген мақала басылып отыр. Газеттің жазуынша, соңғы бір жылдан бері Қазақстанның Калачи елді мекеніндегі «ұйқы ауруына» шалдыққан адамдарды ояту мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатқаны белгілі.
Алайда бұл кеселді адамдардың бойындағы созылмалы аурудан көріп отырған қазақстандық дәрігерлердің айтқанында қаншалықты дәлел бар? Мәселе ауыл тұрғындарының әлі ұйықтап қалуында болып отыр.
Біздің билік бұдан құтылудың жолын поселкені көшіру арқылы тапқан секілді. Бірақ Калачидегі «ұйқы ауруына» қатысты пікірталас тоқтамай отыр. Ұсыныстар көп. Осы аптаның басында Томск политехникалық университетінің ғалымы, профессор Леонид Рихванов Калачи тұрғындарына көмектесудің жолын ұсынды. Оның инженерлік ұсынысы көңілге қонарлықтай. Бірақ бұл жоба біршама қаржыны керек етеді. Ресей ғалымы жергілікті билік мұны құп көріп отырмағанын айтады. Рас Калачидегі жағдайды зерттеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Ал Ресей ғалымы қандай ұсыныс тастап отыр?
"Жағдайды шешу үшін жергілікті жердегі уран өндірісін түпкілікті зерттеу қажет. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап мұнда уран өндірісі дамып, өңделе бастады. Мұның зардабы болатынын жасырмау керек. Уран өндірісінен қалған газ бар. Бұл - түссіз инерттік, радондық газ. Ол уран өндірген тереңдікте жатыр. Белгілі бір уақытта ол жер бетіне тарап тұрады. Мұның химиялық зияны орасан зор. Мысалы, көктем немесе күзде жерасты суы жоғары немесе төмен түскенде, химиялық улы газ жер бетіне шығады да, адамдардың санасына әсер етіп, тұрғындарды наркотикалық ұйқыға шалдықтырады. Сөйтіп, адамдардың ағзасында цитогенетикалық өзгерістер пайда болады да, олар ұйқыға кетеді. Кейбір ағзалар оған төзеді, ал әлсіз, аурушаңдық белгісі бар науқастар мұны көтере алмайды да, ұйықтап қалады", - дейді профессор Леонид Рихванов.
Алдымызда «ұлыстың ұлы күні» - әз Наурыз келе жатыр. Оған дайындықты мемлекет қазірден бастаған жөн деп есептейді депутаттар. Бұл туралы "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Наурыз мейрамына ұлттық мазмұн беру керек" атты мақаласында жазады. Басылымның жазуынша, Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында бір топ қалаулы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке ресми сұрау жолдады. Айтқандай, күні кешеге дейін ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес құндылықтар» тізімінде «Наурыз» - Әзірбайжан, Үндістан, Иран, Өзбекстан, Пәкстан, Түркия және Қырғызстанның ғана «құндылығы» саналып келді: аталған жаһандық тізімге 2009 жылы осы елдерді қосыпты. Тек былтыр ғана осы қатарға Қазақстан кіре алды.
Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Алдан Смайыл, Бақытбек Смағұл, Майра Айсина, Гүлмира Исімбаева және Гүлнәр Сейтмағанбетованың Үкімет басшысына жүгінуіне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «наурыз мейрамына ұлттық мазмұн беру жөніндегі» баспасөзде жарияланған ойлары ықпал етіпті. Бүгінде қазақстандықтар әз Наурызды тек ән айтып, би билейтін, «наурыз-көже» мен бауырсақ таратылатын мереке деп түсінетіні жасырын емес. Сөйтіп, оның рухани маңызы мен мәртебесі төмендеуде.
Қалаулылардың байламынша, Мәдениет және спорт министрлігі, облыстық мәдениет басқармалары қаламгерлер мен композиторларға арнайы тапсырма беру арқылы бұл мәселені оңтайлы шеше алар еді.
«Наурыз - Ұлттық мереке ғана емес, ұлттық болмыс, ұлттық дәстүр, ұлттық мінез, өмір деп аталатын, адамдардың ғұмырларымен өлшенетін, біреу арқылы сөніп, біреу арқылы қайта лаулайтын көл-көсір дүниеге, адамзат пен жаратылысқа деген тарихи көзқарас. Оны жас ұрпақтың тәліміне және ұлттық құндылығына айналдыру біздің ұлттық парызымыз. Талап-тілегіміз қолдау тапса, сол парызға адалдықтың белгісі деп қабылдаймыз», - дейді депутаттар.
***
"Экспресс-К" газетінің жазуынша, Ақтөбеде 47 жастағы ірі кәсіпкер Ринат Мұхамбеталиннің өліміне қатысты қылмыстың беті ашылды. Мақала «Наверно, совесть заела» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылымның атап өтуінше, кәсіпкер ірі аяқ киім бутигінің иесі болған. Ал оны өлтірген адам сол бутиктің сатушысы болып шықты. Дегенмен ол бұл қылмысын тек тағы бір әйел адамды өлтіріп, ұсталған соң мойындаған. Күдікті жауап беру барысында 2012 жылдың 24 қыркүйегінде "Сауда ауласы" атты саяжайлық ауыл маңында Р. Мұхамбеталинді пышақтап өлтіргенін мойындаған. Оның айтуынша, сол күні ол жұмыстан бутик иесінің рұқсатынсыз ертерек кетіп қалған. Содан болып екеуінің арасындағы дау-жанжал төбелеске ұласқан. Күдіктінің айтуынша, Р. Мұхамбеталин оған тапанша тіреп, қорқытпақ болған көрінеді. Сондықтан ол өзін-өзі қорғау мақсатында Р. Мұхамбеталинді кеуде тұсынан пышақпен ұрған. Сосын жұмыс берушісінің мүрдесін саябақ учаскесіне көміп тастаған. Айта кетейік, полиция қызметкерлері мүрдені оқиғадан кейін біраз уақыттан соң тауып алған болатын.