Ресей қазақтары арасындағы батырлар туралы көп ештеңе айтылмай келеді - баспасөзге шолу

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 18 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Екінші дүниежүзілік соғыс, оның ішінде Ұлы Отан соғысы аяқталғалы, міне, табаны күректей 68 жыл өтті. Ал, енді осы сұрапыл соғыс шежіресі беттерін парақтағанда, әлі де болса айтылмаған сөз, ашылмаған құпиялар көп екеніне көз жеткізесің, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Ресей қазақтары арасындағы батырлар туралы көп ештеңе айтылмай келеді» деген мақалада. Мақала авторы Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның айтуынша, күні бүгінге дейін осы қанды шайқасқа қанша қазақстандық қатысқанын, олардың қаншасы қаза тауып, қаншасы тірі қалғанын да дөп басып айта алмай келе жатырмыз.

«Оған кінәліні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін шатастырып жіберген Кеңес мемлекеті мен Коммунистік партия жүргізген идеология. Мысалы, И.В.Сталин кезінде КСРО халықтары Ұлы Отан соғысында 7 млн. азаматынан айырылды десе, Н.С.Хрущев адам шығыны 12 млн. деді. Ал, Л.Брежнев заманында 15-20 млн. деп жүрдік. Ол, ол ма, 1991 жылы КСРО Қорғаныс министрі алапат соғыста опат болғандар санын 29 млн. адам деп көрсетті. Кейбір ғалымдар КСРО 40 млн.-ға жуық азаматынан айырылды дегенді де айтады», - деп жазады автор.

Ғалым Кеңес Одағының батыры атағын алған қазақстандықтардың, соның ішінде Мәншүк Мәметованың, 28 панфиловшылардың арасында болған Данил Кужабергеновтің тағдыры турасында тың деректер келтіреді.

«Кезінде «Қазақ ұлттық энциклопедиясы» біршама ақпарат жинап (5 том), 100-ге тарта қазақ батыры бар деп жазған болатын. 339-бетте Кеңес Одағының Батыры атағын алған 11 қазақ республикадан тыс жерде туған деп көрсетілген еді», - деген мәліметтер келтіреді.

Осыдан кейін ол Омбы облысына жасаған сапары туралы жазып, ондағы ғалымдар Омбы қазақтарының энциклопедиясын жазып жатқанын айтады. Сол Омбы облысынан соғысқа аттанып, ерлік жасаған бірқатар қандастарымыз туралы қысқаша мағлұматтар береді. Төлеу Сәрсембаев, Алмұқ Майемеров, Дүйсеке Мүсетов, Лұғат (Люкот) Сағындықов, Ескендір Бейіскенов сынды батырларға жеке-жеке тоқтала келе, автор: «Өкінішке қарай, осындай азаматтардың аттары Ресейде көп айтылмайды. Қазақстан зерттеушілері де оларды естен шығарып алған сияқты. Менің естуімше, Алтай өңірінде де 2-3 қазақ Батыр атағын алған, олар туралы да ешкім тіс жармайды. Ресейдің бізбен шекаралас Астрахань, Саратов, Волгоград, Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен, Барнаул облыстарынан мыңдаған қазақ соғысқа аттанған. Олардың тағдыры не болды? Бізге беймәлім. Іздеп жатқан адам жоқ», - деген қынжылысын білдіреді.

Оңтүстікте опера және балет театры ашылғанда көңілде көп күдіктің болғаны рас. «Бұл бекзат өнерді жергілікті халық түсіне ме, қадірін біле ме, қаншалықты көрермен жинай алады?», деген сауал әрбір жанның көкейінде тұрды. Уақыттан артық төреші жоқ қой, арадағы бес жыл бәрін өз орнына қойып берді. Қайбір күні опера және балет театры V маусымның жабылуына орай көрнекті композитор Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуын» қойды. Аз ғана уақыттың ішінде бұл өнер ұжымы елдің ыстық ықыласына бөленіп, өз көрерменін жинап үлгеріпті. Қойылым жүрген екі күнде де зал толып отырды, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Оңтүстікте опера бар» деген мақаласында.

«Опера - өнердің шыңы». Шынында 90 пайыз вокалдық өнерден тұратын опера әртістерінің шеберлігі мен шыдамдылығына таңғалмасқа шараң жоқ. Мәселен, Украинаның барлық қалаларында дерлік опера театрлары бар. Бір ғана Нью-Йорк қаласында 500-ге жуық труппа бар екен. Біздің елімізде осымен үшінші театр жұмыс істеп жатыр. Әрине, тәй-тәй басқан Шымкенттегі театрдың деңгейін Еуропа елдерінің опера театрларымен салыстыруға болмас. Оларда операның мың жылдық тарихы бар. Әрине, Оңтүстікте жағдай жасалса, әлі де бұл театрға көптеген жастар келер еді. Жергілікті билік қолдан келгеннің бәрін жасап отыр. Осының өзі үлкен жетістік. Шетелде мұндай өнер ұжымдары көбінесе бай адамдардың демеушілігі арқасында күнін көреді. Әзірге біздің елде операға қолдау жасаймын, осы өнерге демеуші боламын деп отырған азаматтар жоқтың қасы. Әйтсе де «көш жүре түзеледі» емес пе?», дейді халық әртісі Рахима Жұбатырова.

Айта кету керек, «Қамар сұлу» қойылымының режиссері Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов, ал басты рөлдерді Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері У.Сейіл­бекова мен халықаралық байқаулардың лауреаты Е.Жандарбай сомдады.

***

Бір топ белсенді қазақ блогерлері бастаған Домбыра Party шарасы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ірілі-кішілі қалаларды шарлап, әлемнің ірі қалалары - Порту, Берлин, Анкараға дейін ұласып кетті. Бұл туралы «Айқын» газеті «Домбыра Party халықаралық трендке айналды!» деген мақаласында жазады.

Жақында Астананың 15 жылдығына орай белсенді блогер, аудармашы Нұрғиса Асылбеков шетелде оқитын қазақ жастарының басын қосып, Лондон мен Ыстамбұл қалаларында мерекелік Домбыра Party-ді ұйымдастырды. Бір қуанарлығы, Лондондағы шараға 40-қа таяу қазақ азаматы жиналса, Ыстамбұлдағы флешмобқа 30-дан астам қыз-жігіт келіп, домбыра үнінің шетелде күмбірлеп, танылуына атсалыса білді. Бұған шетелдік азаматтар мен туристерді тағы қосыңыз. Шетелде оқып жатқан студенттер мен тұрып жатқан қандастарымыздың айтуынша, Астана күніне орайластырылған бұл мерекелік шара жастардың елге деген сағынышын басуға сеп болып, патриоттық сезімдерін көтерген.

- Бүгінгідей алабөтен құндылықтар алға шыққан заманда оған төтеп берер рухани иммунитетке қажеттілік оянары сөзсіз. Қазақ ықылымнан домбыраның қоңыр үнінен рухтанған, қуаттанған. Қазір қарап отырсам, небәрі бір жылдың көлемінде титімдей ғана флешмоб халықаралық трендке айналды, жер-жердегі қандастарымызды ұйыстыра білді. Лондон мен Ыстамбұлда өткен Домбыра Party-де ерекше ұнағаны - сол қалаларды мекендеген қазақтар думан барысында бір-бірімен етене танысып, телефондарымен алмасып жатты. Бөгде елде бөтенсімей, ынтымақтасуына да дәнекер, демек, бұл кештер, -дейді шараны ұйымдастырушы Нұрғиса Асылбек.

Оның айтуынша, домбыра патиді өткізушілер - басыбайлы жұмысбастылар. «Ерігіп жүрген ешқайсысы жоқ. Бастаңғыны арзан ойын-сауық үшін өткізіп жатыр деушілер және қателесер: бара-бара өрісі кеңейіп, жағрапиясы әріге кеткен Домбыра флешмобы дүркіреп жатыр! Үкіметтен бір тиын ақша сұратпай, ешбір грант атаулыға тәуелді болмай, өздігінен өтіп жатқан дүние бұл. Қазақ сахарасынан домбыра ренессансын байқайсыз. Оның шашбауын көтере алу бізге серт. Домбыраның үні барда келімсек түсініксіз үнге жастарымыздың бой алдырмасына сенеміз. Домбыраны бірінші кезекте өзіміз керек қылуымыз шарт. Өзімізді өзіміз жарылқап алуымыз керек. Төрде ілінулі тұрған домбыра жай аксессуар боп қалмауы тиіс. Біздің көксегеніміз осы», - дейді ол.

Теміртаудың, Қарағанды облысының ғана емес, тұтас Қазақстанның экономикалық ахуалына айрықша әсері бар алпауыт компания - «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өз міндеттемелерін жеткілікті деңгейде орындап отырған жоқ. Компанияның Теміртаудағы металлургиялық комбинаты жаңғырту көрмей тозып тұр. Табиғатты қорғау міндеттемесі толық орындалмауда, еңбек қатынастарын жақсарту ақсап жатыр. Бұл жөнінде Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен Теміртауда өткен жиында айтылды, деп жазады «Айқын» «Ахметов алпауыт компанияны сынады» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ жұмысы мен Теміртаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес барысында Серік Ахметов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында басты рөл атқаратын компанияның жұмысында бірқатар олқылықтар бар екеніне тоқталды.

«Соңғы уақытта комбинатта өндірістік көрсеткіштердің кемігені байқалуда. Оған домна пештерінің ырғақты жұмыс істемеуі мен жабдықтардың тозуы негізгі себеп болып отыр», - деді С.Ахметов.

Сондай-ақ проблемалар қатарында жаңғырту жоспарының, табиғатты қорғау шараларының толық орындалмауы, дайын өнімдерді сату саясатының жетілдірілмеуі, еңбек қатынастарының мүмкіндігінше жақсартылмауы мәселелері аталды.

Кеңес барысында Премьер-Министр кәсіпорынға технологиялық аудит жүргізуге, кемшіліктерді жою мен өндірістік процестердің тиімділігін арттыру бойынша нұсқаулар әзірлеуге өкім етті.

Еңбек қатынастары мәселесіне көңіл бөлген С.Ахметов бүгінгі күнге нақты еңбек құрамының белгіленген нормативтен төмен екенін атап көрсетті. Компанияның қызметкерлер санын қысқарту саясатын сынға алды.

«Бұл нормативтерді кәсіпорынның өзі дайындап, ол кәсіподақпен келісіліп, ИЖТМ (Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі) оны бекіткен болатын. Енді нормативті төмендетуге ешкімге ерік берілмейді. Бұл жерде жауапкершілік мәселесі тұр, осы ережені ұстану қажет», - деді бұл мәселеге байланысты Премьер-Министр.