Ресей мен Қырғызстанда күйдіргі бойынша эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр, Қазақстанда әзірге сырқаттар тіркелген жоқ - Ж. Бекшин

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылы елімізде тұрғындардың күйдіргімен сырқаттануының ешбір жағдайы тіркелген жоқ.

Бұл туралы  Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Оның айтуынша, шекаралық өңірлерде сырқаттанушылық оқиғалары тіркелуде. Мысалы, Ресейдің Алтай өңірінде күйдіргіге шалдықты деген күдікпен 13 адам тіркелді. Қырғызстанда күйдіргінің өршуі байқалады, осылайша соңғы айда ауруға күдікті 9 адам ауруханаға жатқызылған.

Қазақстанда 1948 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін күйдіргі бойынша стационарлық-қолайсыз 1767 пункт тіркелген, оларға тұрақты бактериологиялық мониторинг жүргізіледі.

«Жыл сайын Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қызметтері адамдардың және малдың күйдіргіні жұқтыруының алдын алу бойынша жоспарлы санитариялық-эпидемиялық және ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды жүргізеді», - дейді Ж. Бекшин.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қызметтері күйдіргі бойынша стационарлық-қолайсыз пункттерде және күйдіргі бойынша қауіп төндіретін аумақтарда эпидемиялық және эпизоотиялық ошақтарға, ішкі сауда объектілерінің ветеринариялық-санитариялық жағдайына, малдан алынған шикізат пен өнімдерді дайындау, сақтау және өңдеуге, мал қорымына, мал айдайтын жолдарға, мал шаруашылығы объектілеріне бақылауды күшейтті, ауыл шаруашылығы малдарын профилактикалық вакцинациялау, санитариялық-ағарту жұмысын жүргізуде.

Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметі тұрғындарға белгіленбеген сауда орындарында ет сатып алмауды ұсынады.

Күйдіргі - безгекпен, лимфалық аппараттың зақымдануымен, уланумен сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Тері, кей кезде ішек, өкпе және септикалық түрде өтеді. Инфекция көзі - үй жануарлары (ірі қара, қой-ешкі, түйе, шошқа). Адамның жұқтыруы көбіне жанасу жолымен (малдың тұтас етін бөлгенде, терісін өңдегенде) және тамаққа споралармен ластанған өнімдерді пайдаланғанда, сондай-ақ су, топырақ, тері бұйымдары және зақымданған басқа да материалдар арқылы жүзеге асады. Адамнан адамға жұғу тіркелген жоқ. Топырақтағы инфекцияның споралары 100 жылға дейін сақталуы мүмкін.