НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейде бокстан Санкт-Петербург губернаторының кубогында қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол 81 келі салмақта өзбек боксшысы Дилшод Рузметовпен қолғап түйістірді. Төрешілер бірауыздан жеңісті Бекзатқа берді. Осылайша ол жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Екі боксшы бұған дейін де шеберлік байқасқан болатын. Екеуі 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында әлем чемпионатында шаршы алаң төрінде тайталасқа түсті. Сол жолы қазақстандық спортшы қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетелік, бүгін қазақстандық тағы екі боксшы жартылай финалға шықты.
Айта кетейік, халықаралық турнирде әлемнің 15 елінен 100- ге тарта боксшы келді. Қазақстан атынан жарысқа 9 салмақта 10 былғары қолғап шебері аттанды. Олардың арасынан 19 сәуірде Закир Сафиуллин 63 келіде қарсыласына есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.