19:36, 13 Сәуір 2009
Республикалық пәндік олимпиадаға қатысатын маңғыстаулық оқушылар облыс басшысының қабылдауында болды
АҚТАУ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев республикалық пәндік олимпиадаға қатысуға жолдама алған маңғыстаулық 36 оқушыны қабылдады.
Ақжолтай сөздерін айтып, әр балаға қалам, «Маңғыстау» эмблемасы және ұялы телефон сыйлаған облыс басшысы кездесуден соң оқушылармен естелікке суретке түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Биыл республикалық пәндік олимпиада алғаш рет Маңғыстауда өткелі отыр. Бұл - облысымыз үшін тарихи оқиға. Оған барлық 15 пән бойынша оқушыларымыз жолдама алды. Ендігі меже кем дегенде 20 оқушымыздың жеңімпаз атануы. Облысымызда білім сапасының жылдан жылға жақсарып келе жатқаны аңғарылады. Осыдан екі-үш жыл бұрын біз білім сапасы бойынша 13-ші орында болсақ, бүгінде 5-ші орынға көтерілдік. Бұл сендердің білімге деген ынталарыңның жоғары екендігінің белгісі», - деді облыс әкімі. Республикалық пәндік олимпиада Ақтау қаласында сәуірдің 15-і мен 21-і аралығында өтпек. Оған барлық облыстардан 700-дей оқушылар мен ұстаздар қауымы келмек. Одан бөлек, Олимпиаданың ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов, ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, ҚР ҰҒА Президенті М.Жұрынов және депутаттар Ә.Кекілбайұлы, К.Сағадиев, Г.Сейітмағанбетова, М.Бортник және С.Оспановтар қатысады деп күтілуде.