15:51, 15 Сәуір 2009
Республикалық пәндік олимпиаданы өз деңгейінде өткізу міндетіміз ?Маңғыстау облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары
АҚТАУ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Маңғыстауда білім сайысы басталады. Сәуірдің 15-і мен 21-і аралығында өтетін оқушылар арасындағы Республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында 15 пән бойынша 600-ден астам оқушы бағын сынамақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бұл айтулы оқиғаны жоғары деңгейде өткізуге талаптанып отырмыз. Сол себептен білім сынақтарынан бөлек олимпиада аясында «Ақтау достарын қарсы алады» атты шара ұйымдастырылмақшы. Одан басқа олимпиадаға қатысатын оқушылар арасында мәдени-спорттық бәсекелер өткізу, саяхатқа шығу жоспарланып отыр. 600-ден астам оқушы, 45 әділқазылар және 5 ұйымдастыру комитетінің мүшелері Ақтау қаласына қонаққа келіп отыр. Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жатақханасына ? 130, Маңғыстау политехникалық колледжінің жатақханасына 310 оқушы және қалған балалар «Дарын» қосымша білім беру орталығына орналастырылды. Оқушылар жататын, олимпиада өтетін жерлерде тәулік бойы күзет және жедел жәрдем кезекшілігі қызмет етпек. Барлық шаралар кезінде оларды жол полициясы алып жүретін болады», - дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Жаңылхан Жұмабайқызы. Олимпиаданың жаратылыстану-математика циклы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде, гуманитарлық циклы Ақтау қаласындағы №10 орта мектептің базасында өтпек. 1-ші тур сынақтары ертең басталады. 2-ші тур жарыстары сәуірдің 18-іне жоспарланған. Бүгін кешкі сағат 17-00-де Ақтау қаласындағы Convention center «Grand Hotel «NUR PLAZA» қонақүйінде олимпиаданың ашылу салтанаты өтпек. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О. Мұхамеджанов, ҚР Білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев, ҚР ҰҒА Президенті М. Жұрынов және депутаттар Ә.Кекілбайұлы, К.Сағадиев, республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Т. Битуовалар қатысады деп күтілуде. «Олимпиаданың салтанатты жабылуы сәуірдің 20-сы күні сағат 11-00-де Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры ғимаратында өтпек. ҚР БҒМ және республикалық «Дарын» орталығының дәстүрі бойынша жеңімпаздар грамоталармен және алқалармен марапатталады. Маңғыстау облысы әкімінің атынан 1-ші орын алған 40 жеңімпазға бағалы сыйлықтар табыс етілмек. Одан басқа қатысушылар арасынан 13 аталым бойынша үздіктер анықталып, сыйлықтар беріледі. Облыстық білім басқармасы олимпиада өтетін күндері «Олимпиада бюллетенін» шығармақ», - дейді Жаңылхан Жұмабайқызы.