Режиссердің айтуынша, көп пьесалар бізде оқу үшін әдеби тілде жазылады. Ондағы кейіпкерлер өмірдегідей сөйлемейді.
"Әдебиет пен драматургия жеке-жеке жанрлар. Барлық кезде де театрда әдебиеттен қашан құтыламыз деген әңгіме шығып тұрған. Қазір де бұл өзекті мәселеге айналды. Ол үшін драматургия оқу үшін емес, сахна үшін жазылуы керек. Бүгінгі таңда театрларда аударма қойылымдардың көптігі олардың сахна үшін жазылуынан болуы мүмкін. Жалпы бізге қазір ағартушылық және саяси театрлар керек деп ойлаймын. Көп мәселелерде әлі де жұрттың сауатын ашу қажет", - дейді Б.Атабаев.
Оның пайымдауынша, қазір саны бар сапасы жоқ театрлар көп. Бәрі бір-бірінен аумайды. Осы орайда ол "бұл режиссураның да, труппаның да кінәсі" екенін айтты. "Олар өзгергісі келмейді. Сахнада жасанды, жалған сөздер көп. Өкініштісі сол, біз көп жағдайда театрдан тек тәрбиені іздейміз. Бұл шығарманың тәрбиелік мәні неде деп сұраймыз. Ал өнердің одан басқа да қызметтері бар ғой. Эстетикалық, қарым-қатынастық, танымдық деген сияқты. Өнерге тек қана тәрбие орны деп қарамау керек", - дейді Б. Атабаев.
"Қазір біз Мұрат Телебаевтің "Эйфель байдың мұнарасы" деген пьессасын дайындап жатырмыз. Алдағы қаңтар айында сахнаға шығарылуы мүмкін. Бүгінгі таңда өнер, мәдениет екінші сорт деген тәрізді көзқарас бар. Руханият мәселесі әлі қолға алынбай жатыр. Рухани негізі жоқ адам қалай жақсы саясаткер, экономист болады. Онсыз жемқорлық пен сыбайластықтың тамырына балта шабылмайды. Рухани негізі жоқ қоғамның өмірі де баянсыз", - дейді Б. Атабаев.
18:21, 10 Қараша 2010
Режиссер Б. Атабаевтың пайымдауынша, драматургияның дамуына әдеби тіл кедергі болып тұр
АЛМАТЫ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Ақсарай" мюзикл театрының көркемдік жетекшісі Болат Атабаевтың пайымдауынша, драматургияның дамуына әдеби тіл кедергі болып отыр. Ол бұл ойын ҚазАқпарат тілшісімен тілдесуінде білдірді.