Риддер-Сокольский кенішінде қаза тапқан екінші кеншінің мүрдесі табылды - ШҚО

ӨСКЕМЕН. 4 қараша. ҚазАқпарат - «Altyntau-Vostok» ЖШС («Қазмырыш» ЖШС еншілес кәсіпорны) Риддер-Сокольский кенішінде бүгінгі күні суландырылған тау қоспасының атылуы орын алған «Орталық» кенінің 13-ші қабатында үйіндінің астында қалып, қаза тапқан екінші кеншінің мүрдесі табылды.

Еске сала кетейік, оқиға салдарынан 1975 және 1972 жылы туған екі кенші қаза тапты.

Бұрын хабарланғандай, осы уақытта «Орталық» кенінде 5 адам жұмыс істеген. Олардың біреуі зардап шегіп, екеуі жарақат алған, бір жұмысшы қаза тапты, енді екінші қаза тапқан адам табылды.

Оқиға орнына ШҚО бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі Лениногорск әскери тау құтқару жасағы және кен орнының дайындықтан өткен қызметкерлері, барлығы 50-ге жуық адам жұмылдырылды.

7 және 8 кеніштің барлық қалған жұмысшылары жер бетіне шығарылды.

«Қазмырыш» ЖШС-да оқиға себептерін анықтау мақсатында ішкі тергеу басталды, оқиға орнына компания басшылығы келіп жетті. Сонымен қатар мемлекеттік органдармен, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімдігімен толық өзара әрекет ету қамтамсыз етілуде.

«Қаза тапқандардың туыстарымен психолог және «Қазмырыш» әлеуметтік қызметінің маманы, компания өкілдері жұмыс істеуде. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті материалдық көмек, соның ішінде Ұжымдық шартқа сәйкес 10 жылдық жалақы көлемінде бір жолғы көмек көрсетіледі, - деді «Қазмырыш» ЖШС вице-президенті Андрей Лазарев.