ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде Риддер қаласындағы жылу электр орталығы өртеніп жатқандығы туралы видео тарады.
Аймақтық ТЖД баспасөз қызметі өрт шыққанын растады. Бірақ сол жерде облыс әкімдігінің жедел штабы құрылғандықтан әзірге ақпарат бере алмайтындықтарын айтты.
Осы ретте, ШҚО әкімдігіне де байланысқа шықтық. Облыстық Қоғамдық даму басқармасы қызметкерлерінің мәліметінше, қазіргі уақытта өртпен күрес жалғасуда.
«Аймақ басшысы Даниал Ахметов сол жерге жолға шықты. Штаб отырысының қорытындысынан кейін қосымша ақпарат беріледі», - деді басқарма өкілдері.
Еске салсақ, өткен жылдың соңында Риддердегі жылу қазандығынан ақау шығып, қалада төтенше жағдай жарияланды.
Сондай-ақ биылғы 4 қаңтарда Риддер жылу электр орталығындағы стансада тағы да апат болды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.